Қазақстан • 06 Наурыз, 2018

Г. Әбдіқалықова: Әлеуметтік бірлік – ұлт бақуаттылығының негізі

1239 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекеттің әлеуметтік шығыстарын арттыруды тапсырды. Қазіргі жаһандық экономикадағы дағдарыс кезеңіне қарамастан, мемлекеттік органдар алдына осындай міндет қойылған еді. Еске сала кетейік, республикалық бюджет шығыстары 2018 жылы 12% өсіп, 4,1 трлн теңгеден асып түсті.

Г. Әбдіқалықова: Әлеуметтік бірлік – ұлт бақуаттылығының негізі

Биыл әлемде қыс әдеттегіден қатты болды. Жер-жерде құлақ естіп, көз көрмеген табиғи аномалиялар байқалды. Мәселен, Саха­рада соңғы 37 жыл ішінде үшін­ші рет қана қар жауса, Неа­польда 1956 жылдан бері бірін­ші рет қар түскен. Ауа темпера­турасы Польшада минус 30 гра­дусқа жетіп, төрт айда қазірге дейін 63 адам суықтан үсіп өл­ген. Біздің елде де едәуір суық бол­ғаны белгілі.

Алайда өмір үскірік аязы­нан соң жылымық күндер келе­тіндігімен керемет қой. Көріп отыр­мыз, шуақты көктем қазір күн өткен сайын күш алып келе­ді. Ел-жұрттың көңілінде жаңа үміттер бүршік жарып, аяулы армандар ояна бастады.

Наурыз айы Қазақстан үшін тек күнтізбелік көктем мау­сымының басталатын­дығымен ғана емес, түркі және парсы тіл­дес елдер халқының Жаңа жы­лы – Ұлыстың ұлы күнінің лебі сезіле бастайтындығымен де ерекше.

Мемлекет басшысы кеше ұсынған «Президенттің әлеу­меттік бес бастамасы» барлық қазақ­стандықтарға тамаша тарту болды. Елбасымыз бұған да қашандағыдай барынша адал­дық тұрғысынан келіп, айтарын айқын жеткізді – ол бұл қа­дамға жүйелі дайындалып, орайлы сәті туғанда өз шешімін жария етіп отыр. Аталған бастамалар өте өзекті еді, ол туралы қоғамымызда үнемі әңгіме болып жүрген. Президент мұны білді, бірақ құрғақ уәде беру оның әдетінде жоқ екені баршаға белгілі.

Адам үшін ең бастысы, сөз жоқ, басында баспанасының болуы. Кез келген мемлекет өз азаматтарын пәтермен қамтама­сыз етуді қалайды, бірақ бұған бәрі­нің бірдей шамасы келе бер­мейді. Бүгінде елімізде 4 млн-нан астам отбасы бар. Енді со­лардың барлығына тың мүмкін­дік туып отыр. Ол үшін «7 – 20 – 25» атты президенттік бағдар­лама жүзеге асырылмақ. Бағдар­ламаға сәйкес, жұмыс істейтін адамдарға 7% мөлшерлеме бойын­ша 25 жылға ипотекалық несие берілетін болады, бұл ретте бастапқы салым мөлшері бас­па­наның жалпы құнының 20%-ынан аспайды.

Қазіргі таңда әлем мүлдем және түбегейлі өзгерді. Уто­пия­лық идеология атаулы тарихтың тезінен өте алмай, күлі көкке ұшты. Өмірде тегін ештеңе жоқ – мұны бүгінде жер бетіндегі әр­кім-ақ біледі.

Сондықтан баспаналы бол­ғың келсе, оны сатып алу керек. Ал ол үшін жақсы жалақың болуы қажет. Президент салыс­тырмалы түрде төмен еңбекақы ала­тын қазақстандықтардың жағдайын ойлап, 2019 жылғы 1 қаң­тардан бастап олардың табыс салығын 10 есе – 1%-ға дейін азайтуды ұсынды! Оған қоса үнемделген қаражатты олардың жалақысына қосу қарастырылып отыр. Демек, бұл шара барлық жалдамалы еңбеккерлердің ең кемі үштен біріне – 2 млн-нан астам адамның тұрмысына әсер етпек. Нағыз халық қамын көздеген саясат деп осыны айтуға болар!

Кірісің мол болуы үшін, әрине, біліктілігің жоғары болуы керек. Бұл орайда, сөз жоқ, жо­ғары білім алу – жаһандық үрдіс. Жоғары білікті мамандарсыз ХХІ ғасырдағы озық 30 ел қатарына қосылу мүмкін емес.

Сондықтан да Мемлекет бас­шысы жоғары білімге қол­жетімділікті және оның сапасын, арттыру міндетін қойды. Де­ректерге сүйенсек, бүгінде елі­мізде 17 мен 29 жас аралығын­да­ғы жастар саны 3,5 млн-нан асады, соның тек 15%-ы ғана оқып жатыр. Бұл олқылықты түзету үшін қосымша тағы 20 мың грант бөліп, оның жалпы санын 2018/19 оқу жылынан бастап 74 мыңға жеткізу ұсынылуда.

Қайда тұратынын, қай ақшаға пәтер жалдайтынын білмей­тін, үнемі соны ойлап жүретін студенттер Индустрия 4.0 элемент­­терін өмірімізге кеңінен енгізу ісін жүзеге асыра алмайды. Сон­­дықтан Президент талантты жас­тарымызға шынайы әкелік қам­қорлығын көрсетіп, 2022 жыл­дың соңына дейін 75 мың орын­нан кем емес заманауи жа­тақ­­ханалар салу жөнінде мін­дет қойып отыр. Біздің бола­ша­­ғымыз – біздің жастарымыз!

Нарықтық экономиканың негізі – кәсіпкерлік екені мәлім. Егер үлкен өзен кішкентай жыл­ғадан басталады десек, шағын бизнес – шағын несие беруден бас­тау алады деп тұжыруға болады. Мемлекеттің бүгінгі басты міндетінің бірі – жаппай кәсіп­керлікті дамыту.

Деректер бойынша, биылғы қаңтар айында елде өз-өзін жұ­мыспен қамтығандар – 2 млн-нан, жұмыссыздар саны 440 мыңнан аса адам болыпты. Ша­ғын несие беруді 2018 жы­лы 14 мың адамды қамти оты­рып, был­тырғыдан екі есе деңгей­ге, 62 млрд теңгеге дейін көбей­ту туралы шешім – ең алды­мен ел халқының 42%-нан аса­тын ауыл тұрғындарына деген қам­қор­лықтың көрінісі. Ауыл – елі­міз­дің жан-жүрегі, ол күнделікті жана­шырлыққа зәру!

Биыл біз айрықша мерейтой – Астананың 20 жылдығын атап өтеміз. Астана – Қазақстанның қуатты қозғаушы күші, Тәуел­сіздіктің киелі тұмары. Жыл өткен сайын біздің санымыз да, сапамыз да артып келеді, бұл бәрімізді қуантады. Алайда прог­ресті де кідіртетін кедергілер, әрине, кездеспей тұрмайды. Со­­ның бірі – экологияның нашар­лауы. Сондықтан елде 2,7 млн адамның өміріне әсерін тигізетін газдандыру ісін одан әрі жал­ғас­тыру жөніндегі шешім – бүгін­де шарықтап 18,1 млн-нан асқан халықты сақтауға, көбейте түсу­ге және тұрмысының сапасын жақсартуға бағытталған қадам.

«Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» – әлеуметтік жаң­­ғыру жолында бес саусақтай жұ­мыл­ған болат жұдырықтың өзінд­ік бір қуатты серпіні. Ал адами капитал – оның шешуші негізі.

Жоба іс жүзінде барлық қа­зақ­стандықтарды қамтып, олар­дың асыл армандарына жол ашып береді.

Осынау өзекті Президенттік бас­­тамалар ұлттың бақуат­тылы­ғының негізі болып табылатын әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталып отыр.

Біз оған міндетті түрде қол жет­кіземіз, өйткені халықтың ертеңгі күнге берік сеніммен қа­рауы үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан, еңбек ете беретін біздің Елбасымыз бар!

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы