Аймақтар • 06 Наурыз, 2018

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балалар өзгеше концерт қойды

865 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Нұрлы жүрек» қайырымдылық клубының ұйымдастыруымен «Мейірім шуағы» атты көңілді толқытқан, өзгеше концерт өтті.

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балалар өзгеше концерт қойды

Өзгешелігі сол, мүмкіндігі шек­теулі балалар бұл күні қала­дағы Шалқар Мұхамғалиев, Влад Лоскутов секілді әнші жас­тармен бірге ән шырқап, би би­леді. Әсіресе Айзар Айдостың қоларбада отырып орындаған «Қайтер едік өмірге келмегенде» әнін айтқандағы мұңды дауысы залдағы жұртшылықтың көзіне жас үйірді. Мәдени шара аяқталғаннан кейін «Үлбі» мүм­кіндігі шектеулі балалар орта­лығының тәрбиеленушісі, церебральды сал ауруымен ауыратын балғын Роллан Сымбатов сахнаға шақырылып, оған осы уни­верситеттің түлегі, жеке кәсіп­кер Мирас Сайнолдин көмек ре­тінде 200 мың теңгені табыс етті.

«Нұрлы жүрек» қайы­рым­дылық клубының жетек­шісі, оқу орнының сәулет факуль­тетінің 3-курс студенті Нұргүл Базылқызының айтуынша, Роллан емделу үшін жақында Қытай еліне бармақ. Онда барып, тек тіркелу үшін ғана 2,5 миллион теңге керек. «Былтыр «Нұрлы жүректің» мүшелері Ролланның өз елімізде емделуіне 500 мың теңге қаржы жинап берген болатын. Ал 2,5 миллион теңге сәуір айына дейін жиналуға тиіс. Одан кейін қанша рет шақырады, қанша қаржы жұмсалады. Ол жағы әзірге белгісіз», – дейді Нұргүл.

Реті келгенде айта кетейік, «Нұрлы жүрек» қайырымдылық клубы осыдан тура бір жыл бұ­рын жұмысын бастапты. Клуб мүшелерінің барлығы да – осы университеттің белсенді сту­денттері. Елуге жуық мүшесі бар клуб мүмкіндігі шектеулі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында құрылыпты. Осы шараға Айзар Айдос есімді мүмкіндігі шектеулі баланың әжесі Маржан Шәбиева арнайы келіпті. «Менің немерем жүре алмайды. Арбаға таңылған. Мы­на студенттерге мың алғыс. Ке­ліп, жағдайымызды біліп, сый­лықтарын әкеліп тұрады», деп риза­шылығын жеткізді. Кеш со­­ңында «Үміт» балалар үйі, «Үлбі» мүмкіндігі шек­теулі балалар орталығы мен «Ақ­ниет» ин­тер­натының 130 тәрбие­лену­шісіне сыйлықтар табыс етілді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

 

Соңғы жаңалықтар