06 Наурыз, 2018

Б.Әйтімова: Халықтың әл-ауқаты жақсарады

283 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттің бес бастамасында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдарын көрсетіп берді. Оның ішінде маңыздыларының бірі –оқитын жастарға бөлінетін мемлекеттік грант 20 мыңға дейін көбейтіледі. ІТ технологиясына қатысты мамандарды, инженер кадрларын көбірек дайындау қолға алынатын болды. Төртінші өнеркәсіптік революцияның жүзеге асыру үшін алға қойылған мақсаттарды іске асырып, нәтижеге қол жеткізу үшін бұл аса қажет еді.

Б.Әйтімова: Халықтың әл-ауқаты жақсарады

Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында жатақханалар жетіспейтіні белгілі. Студент жастардың бір бөлігі пәтер жалдап тұрады. Баспананың жайсыздығы оқу сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан Елбасының бір-екі жылдың көлемінде жатақханаға мұқтаж болып жүрген студент жастарға жатақхана салып беру және оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидалары бойынша қолға алу туралы айтқан ұсынысы уақытқа өте сай болды. Дамыған компаниялар мен бизнесте жүрген жандар бірлесе қаржы салып, жатақхана құрылыстарын қолға алатын болса, бітпейтін іс жоқ. Тағы бір айта кететін мәселе – халыққа жеке меншік тұрғын үй салу мәселесі. Бұл халыққа тиімді. Басқаны айтпағанда, құрылыс қарқыны өссе, біраз адам жұмыспен қамтылады.

Шағын және орта бизнесті дамытуға, мәселен үй құрылысы кең өріс алады және жұмыс орындары көбейеді. Мәселен, бір мың адамға микрокредит беретін болса, бір адам кемінде бес адамға жұмыс береді, істі ілгерілетіп, кәсіпті қолға алады. Осы тұрғыдан алғанда халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашылады деп ойлаймын.

Бірғаным ӘЙТІМОВА,

Сенат депутаты