Парламент • 07 Наурыз, 2018

С.Абдрахманов: Елді жаңа белеске шығарады

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ата Заңымыздың 1-ші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деген сөздер жазылған. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам жә­не оның өмірі. Әлеуметтік мем­­ле­кет­тің әлеуеті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Парла­мент палаталарының бірлескен отырысындағы сөзінде тағы да тамаша таныла түсті. Елбасы өзінің халқынан ештеңені аяп қалмақ емес. Егер қандай да бір мәселелер қазірге дейін шешімін таппай жатса, оның себебі біреу ғана болуы мүмкін. Ол себеп – сол мәселелерді шешуге қазірге дейін шаманың жетпей келгендігі. Мемлекет мығымданып, экономика еңселене берген сайын, уақыты туған кезде бұған дейін түйткіл болып, көңілді күпті етіп келген түйіндердің бәрі бірінен кейін бірі тарқатыла береді, тарқатыла береді.  Президент Назарбаевтың жаңа әлеуметтік бастамалары осының даусыз дәлелі.

С.Абдрахманов:  Елді жаңа белеске шығарады

Елбасының наурыздың бесін­ші жұлдызында жария етілген бес бастамасының бәріне де халық қояр баға «бестік» болаты­ны кү­мән­сіз. Алдымен айрықша айта­тын жаңалық – «7 – 20 – 25» деп аталған ипотекалық не­сие бағ­дар­ламасы. Мұның мәніс­і – бірін­шіден, ендігі жерде ипо­текалық несиенің қазірге дейінгі 14-16 пайыздың орнына 7 пайыз­дан аспайтындығы, екіншіден, ендігі жерде үй құрылысына салынатын бастапқы үлестің қазірге дейінгі 30, ал кей жердегі 50 пайыздың орнына 20 пайыздан аспайтындығы, үшіншіден, ен­дігі жерде несиені төлеудің ме­р­зімі қазірге дейінгі 10-15 жыл­­дың орнына 25 жылға дейін ұзартылғаны. Бағалай білген адамға бұл  үлкен жеңілдік. Ал салықтық жүктеменің азайтылуы тіпті таңданарлықтай. Тұрмыс деңгейі төмен адамдарға 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап қазі­р­ге дейінгі 10 пайыздың ор­ны­­на небәрі 1 пайыз салық салы­на­тын болып отыр. Бұл – Елба­сы­ның екінші бастамасы. Үшінші бастаманың көлемі де қайран қалдырарлықтай. Неге десеңіз, жоғары оқу орындарына бөлінетін қазіргі 54 мың грантқа тағы да тұтастай 20 мың грант қосылғалы отыр, оның 11 мыңы бакалавриаттағыларға, соның ішінде жаңа экономика қатты қажет ететін қат мамандықтарға бөлінбекші. Төртінші бастама бойынша шағын несие беруді көбейту көзделген. Бесінші бастама бойынша елді газдандыру жұмысы жаңаша қарқын алмақшы. Қызылорданың Қараөзегінен тартылатын газ құбыры Жезқазғанға, Қарағандыға, Теміртауға, одан Аста­­наға жеткізілмекші. Бұл жұ­мыс 2,7 миллион адам тұратын Арқа өңірін газбен қамтамасыз етіп, елдің экологиялық ахуалын жақ­­сарт­­пақшы. Тек Астана­ның өзін­де ауаға тарайтын қауіпті шы­ға­­рын­дының көлемі 6 есе азаймақшы.

Міне, ең сығымдап айтқанның өзінде бұл бес бастаманың елді жаңа белестерге шығаратын аса ауқымды шаруа екендігі айқын көрініп тұр.

Жақсылықтар жалғаса бергей!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты