Медицина • 07 Наурыз, 2018

Таза қан – денсаулық кепілі

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таза қан денсаулық кепілі екендігі анық. Алайда үлкен мә­селеге үстірт қарау ора­сан қателікке ұрындырады. Рес­публика халқын дүр сіл­кін­­дірген ВИЧ оқиғасы оңтүс­тік­­қазақстандықтардың есін­де. Ол кезде жағдай өте күр­­де­лі еді. Медициналық құ­рал-жабдықтардың дені ескі. Қан­ды залалсыздандыратын құрылғыларды тот жеп, азып-тозып тұрғанын көзіміз көр­ген. Тиісті мамандардың сал­ғырт­ты­ғына медициналық жаб­дық­тардың жарамсыз халде тұр­ға­нын қоссаңыз, түбі бір жарға жы­ғатыны анық еді. Солай бол­ды да.

Таза қан – денсаулық кепілі

Бүкіл республиканы дүр­лік­тірген оқиға кезінде Ел­ба­сы пәрменімен Қан жә­не медициналық құрал-жаб­дық­тар­­ды залалсыздандыратын ор­талық салынатын болып шешім қабылданды. 2008 жылы екі орталық та ел игілігіне берілді. Құдай қарасып, одан кейін жаман індеттің аты шыққан жоқ.

Жақында қан орталығына арнайы барып, жағдайымен таныстық.

Орталықта жылына 35000 доза қан компонент дайындалады. Бекітілген кестедегі но­менклатураға сәйкес 2017 жыл­дан бастап 15 түрлі қан ком­по­ненттері шығарылады екен. Қан орталығының директоры қазіргі жағдайды баяндады.

Оңтүстік Қазақстан облысында трансфузиологиялық көмек көрсететін 43 медици­на­лық мекеме бар, оның 40-ы мемлекеттік, ал 3-і жеке мен­шік­тегі медициналық мекемелер. Облыстық қан орталығы атал­мыш медициналық мекеме­лер­дің сұраныстарын үздіксіз, тәу­лік бойы қан және оның компоненттерімен, препараттарымен, диагностикумдарымен қамтамасыз етеді.

Қан орталығында донорлар мен келушілер үшін өте жайлы жағдай жасалған. Қан дайындау технологиялық үдерісіне бағ­дар­ламалық жүйе енгізілген. 

Әрбір донорға жеке штрих-код беріліп, бейнеиден­ти­фикация жүргізіледі. Қан ком­поненттерін дайын­дау про­це­сі барынша авто­мат­тан­ды­рыл­ған.

Медициналық мекемелер 100 пайыз карантинделген, вирусинактивация, лейкофильтрация үдерісінен өткен қан ком­поненттерімен қамтамасыз еті­леді. Инфекцияларға донор қанын тексеру екі дең­гей­де соң­ғы үлгідегі авто­мат­­тан­ды­рылған заманауи ана­лизаторлар­да жүргізіледі.

Облыстық қан орталығы ИСО 9001-2015 халықаралық сапа стандарты сертификатын алған, 2017 жылы ұлттық аккредиттеуден өткен. Заманауи талаптарға сай қан орталығы гемокомпонентті терапияға қа­жет­ті қан компоненттері және пре­параттарымен жеткілікті және сапалы түрде қамтамасыз етуде, дейді облыстық қан орта­лы­ғының директоры Сүндет Рахымбердиев.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы