Қысқы спорт • 08 Наурыз, 2018

Жаңыл Балтабаева: Паралимпиададан олжалы оралсам, аналарға үлкен сыйым сол...

627 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өр намыс, қайсар мінез қашаннан да қазақ қыздарына тән қасиет. Бұл тұрғыда бір ғана Әлия мен Мәншүкті алға тартсақ жеткілікті. Осынау бейбіт заманда білек пен жүрек күшін қатар ұштастырып, байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп жүрген Назым Қызайбай, Әлия Юсупова кешегі қаһарман әкпелерінің заңды жалғасы емес деп кім айта алады. Солардың бірі – Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан паралимпия ойындарына ел намысын арқалап кеткен алты спортшының ішіндегі жалғыз нәзікжанды, шаңғымен сырғанаушы Жаңыл БАЛТАБАЕВА.

Жаңыл Балтабаева: Паралимпиададан олжалы оралсам, аналарға үлкен сыйым сол...

Бірер күн бұрын паралимпиадашыларды Пхенчханға шығарып салу рәсімінде Жаңылға бірер сұрақ қоюдың сәті түскен еді.

– Жаңыл бүгінге дейін жеткен же­тіс­тіктерің аз емес. Бірнеше дүркін ел чемпионы атанып, халықаралық жа­рыс­тар­да, Азия біріншілігінде жақсы нәти­же­мен көріндің. Төрт жыл бұрын Сочиде өткен паралимпиада ойындары­на да қа­тыс­қаныңды білеміз.Дайындығың қалай?

 – Иә, талай жарыстарда бағымды сынадым. Сегіз бірдей әлем кубогы бәйгесіне қатыстым. Өзіңіз айтқандай, көптеген бәсекеде табысты өнер көрсеттім. Дегенмен, Сочиде өткен пар­алимпия ойындарында бес шақырымдық жекелеген жарыс жолында небәрі 23-орынға табан тіреген едім. Одан бері төрт жыл уақыт өтті. Тәжірибем толысып, тыңғылықты жаттығу жасадым. Пхенчханға физикалық жағынан да, рухани тұрғыдан да дайынмын десем болады. Аталған паралимпия ойындарында ел намысын қорғайтын жалғыз қыз болғандықтан иығымдағы жүктің салмағы жеңіл емес екенін жақсы сезінем. Маған артылған сенім үдесінен шығып, жарыста бар мүмкіндігімді көрсетем деген ойдамын.

 – Жауапты сәттерде саған жігер сыйлайтын не нәрсе?

 – Жарыс жолына шыққанда немесе кез келген жауапты сәтте мені алдымен қанаттандыратын өзімнің анам. Ол кісі маған жарық әлемді сыйлады. Қаршадай күнімнен бар ауыртпалығымды көтеріп, денені дендеген дертті де, әрбір қиындықты да, бәрін-бәрін жеңіп шығуға болатынын үйретті. «Ең бастысы, қандай қиындыққа да мойыма. Соңына дейін күресе біл. Мықты бол!» деп үнемі айтып отырады. Әр жеңісіме қуанады. Бүкіл жер бетіндегі жылылық анамның құлыным деп басымнан сипаған аялы алақанынан, мейірлене қараған жүзінен тарайтын сияқты. Сол мейірім, сол жылылық мені барлық жеңістерге жетелейді.

 – Білуімізше, сен шаңғымен сыр­ғанаудан бөлек су спортымен, сондай-ақ жеңіл атлетикамен айналысасың. Бірнеше спорт түрімен қатар айналысу қиындық тудырмай ма?

 – Оныңыз рас. Жүзуден төрт дүркін ел чемпионы атандым. Жеңіл атлетика спартакиадасында екі мәрте топ жарып, су спорты спартакиадасында қола жүлдеге қол жеткіздім. Әрине бір спорт түрімен тұрақты түрде айналысқан дұрыс. Бұл нәтиженің кілті. Әр спорттың қыр-сырын, өзіне тән ерекшелігін бүкіл болмысыңмен, жан дүниеңмен сезінбей, тынымсыз тер төкпей жеңіске жетем деу бекер. Спорт менің өмірімнің мәні. Бар қиындықты ұмыттыратын жан серігім. Жаным мен тәнімнің емшісі. Бірнеше спорт түрін қатар алып жүру менің мүмкіндігімді шектемейді. Дегенмен, паралимпия ойындарында ел байрағын көкке көтеру менің ең үлкен армандарымның бірі. Сондықтан соңғы жылдары паралимпиадаға дайындық барысында шаңғы спортына көбірек көңіл бөлдім.

 – Суда жүзуден жас спортшыларды жаттықтыратыныңды білеміз. Одан бөлек бос уақытыңды немен өткізесің?

 – Адамның сыртқы сауыты мен ішкі байлығы, білімі сай болуы керек деп есептеймін. Спортты жаныма серік ете жүріп екі бірдей жоғары оқу орнын бітірдім. Өткен жылы ғана «Шаңғымен сырғанау және биатлон» мамандығы бойынша магистратураны аяқтадым. Қолым қалт ете қалғанда, әдеби шығармалар оқып, танымдық бағыттағы кинофильм­дер тамашалаймын. Сол арқылы өзімді ру­хани байытып отырамын. Ал негізгі уа­қытым спорттың айналасында өтеді.

 – Жаңа бір сөзіңде жер бетіндегі барлық жылылық ананың алақа­ны­нан тарайды деген едің. Халықаралық әйелдер күні мерекесінде газетіміз арқылы аналар мен қыздарға қандай тілек білдіресің?

 – «Егемен Қазақстан» газетінің барша нәзікжанды оқырмандарын шуақты мерекемен шын көңілмен құттықтаймын! Ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыз аман болсын! Барша қыз-келіншектерімізге жақсы ұрпақ тәрбиелеп, ана бақытын сезінуді нәсіп етсін. Алла бұйыртып, пар­алимпия ойындарынан олжалы оралып жатсам анама ғана емес өзіме, барша арулар қауымына, туған еліме жасаған ең үлкен сыйым сол болар.

 – Әңгімеңе рахмет.  

 Әңгімелескен

 Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»