Әдебиет • 13 Наурыз, 2018

Ар-намыстың ақтаңгері. Батыр Бөкенбай Қарабатырұлының ғұмыры

1149 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Даңқты батыр, қолбасшы, ұлт қайраткері Бөкенбай Қарабатырұлының туғанына 350 жыл толғалы отыр. Қазақ халқының тағдыр-талайын белгілеген, ұлт үшін ұлы сынаққа айналып, халық жадында Жаугершілік заман ретінде қалған дәуірде өмір сүрген осы көрнекті тұлғаның өз тарихымыздағы орнын орыс тарихындағы Кутузовпен салыстыра салмақтауға болады. Қазақ хандығы әлсіреп, алауыздық пен бақталастықтың кесірінен жоңғар шапқыншылығының тұсында босқынға ұшыраған халықты тұңғыш рет жұмылдырған, берідегі ұлттың тар жол, тайғақ кешулері тұсында елге тірек болған, болашақты қатесіз болжаған, Әбілқайыр ханның пікірлес серігі, ақылдас ағасы бола білген, талай шешуші айқастарда қазақ әскерінің даңқты қолбасшысы, беріде ірі мемлекет қайраткері, бола білген осы қаһарман туралы қазақ тарихына үлкен еңбек сіңіріп жүрген кәсіби һәм есті тарихшы Ирина Викторовна Ерофеева жуықта «Рыцарь Звания чести. Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы» атты тамаша тарихи еңбегін жарыққа шығарды. Батырдың мерейтойына орай осы кітаптан ықшамдап аударылған үзіндіні оқырманға ұсынып отырмыз. Кітап биыл қазақ тілінде де жарық көрмек.

Ар-намыстың ақтаңгері. Батыр Бөкенбай Қарабатырұлының ғұмыры

1. Жауынгерден қолбасшыға дейін

Қазақтардың үш жұртының батыс пен оңтүстік-шығыстағы көр­шілермен ата-бабаларының кие­лі атамекені үшін, оның төрт құ­быласын төрткіл дүниемен жал­ғап тұрған керуен жолдары үшін ғасырдан астам уақыт бойы жүр­гізген күресі далалықтар үшін өте ауыр тарихи сынақ болды да, бұл қо­лына қару алып, сыртқы жауға қар­сы тұрып, өз халқының өмірлік мұ­раттарын өжеттікпен қорғай бі­летін, сол үшін өмірін қия алатын ерлердің қажеттігін туғызды. Осы бір халықтың тағдыр-та­лайын біржола белгілейтін тарихи тайталаста кәсіби жауын­гер, рухы асқақ намысты ер­лер­дің басты қаһармандарға айнал­ғаны, халықтың барлық сенімі мен үмітін соларға артқаны заң­дылық еді. Орыстың мемлекет қайраткері, XVIII ғасырдың бі­рін­ші жартысының тарихшысы А.Н.Татищев олардың қоғамдағы дәрежесін «ар-намыстың ақтаң­гері» (рыцарь звания чести) деп атапты.

XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың ортасындағы дәуірде ғұмыр кешкен аса көрнекті қазақ батырларының ең таңдаулы өкілдерінің бірі – Кіші жүздегі жетіру тайпасының табын руынан шық­қан Бөкенбай Қарабатырұлы болды.

...Бөкенбайдың туған жылы, әлеуметтік тегі мен өмірінің басым бө­лігі сол тұстағы жазба деректерде көрсетілмепті. Есесіне, күні бү­гінге дейін көнекөз қарттардан жас ұрпақтың жадына жетіп, ұлт са­насында берік сақталған. Кіші жүз­дің тарихи, шежірелік баяндары оның ұлы бейнесін айқын ай­шықтайды. Қаһарманның бүгінгі ұрпақтарының деректері бойынша, ол 1667 немесе 1669 жылы та­бын­дардың дәстүрлі жайлауларында дүниеге келген.

Табындар шежіресі Бөкенбай­дың әкесі осы аталықтың алтыншы ұрпағы саналатын Жалтыр­ұлы Қарабатыр екенін айтады.­ Беріректегі генеологиялық нұс­қа­лар­да Бөкенбайдың әкесі Би­сем­бі делінеді, ал Қарабатыр оның лақап аты. Бөкенбайдың өз­ аға­лары туралы қағазға түсі­ріл­ген естеліктері мен орыс ше­неу­ніктерінің оның ағайын-туыс­тары туралы ақпараттарына қа­рағанда, Бисембінің бес ересек ұл­дары бол­ған, ал бізге жеткен фоль­клор­­лық деректерге қарасақ, сол бей­таныс батырдың бес емес, ал­ты ұлының есімдері аталады — Шерубай, Таңсыққожа, Бөкенбай, Қалыбай, Аткелтір және Балғын. Бірақ, Бөкенбайдың барлық бауырлары да жас кездерінде шай­қастарда қаза тапқан. Сондықтан да, 1731-1748 ж.ж. тарихи құжат­тар­да табындардың даңқты бас­шы­сының жақын туыстары ре­тінде оның екі немере туысы мен атақ­ты күйеу баласы, Кіші жүздің жетіруының бір тармағы тамадан тараған әйгілі батыр Есет Көкіұлы ғана аталады.

Елдің айтуынша, Бөкенбайдың ана­сы еділ қалмақтарының қы­зы екен, Қарабатыр оны Еділ бойын­дағы қалмақ ұлыстарына жасаған жорықтарының бірінде олжалап әкеліп, тоқалдыққа алыпты.

Жас қалмақ қызы бұғауға көн­бей­тін бұла мінезді, еркін кісі бол­са керек, жат қолында қалғы­сы, то­қалдыққа көнгісі келмей, елі­не қашпақ боп екі рет талпынып, қол­ға түсе беріпті. Айы-күні­не жетіп, туғалы отырғанында үшін­­ші рет қашыпты, бұл жолы да­­ әбден болдырып, қалжыраған әйел­ді Қарабатыр қалың қамыс іші­нен тауыпты. Он алтыға енді тол­ған кесірлі келіншекті батыр қам­шымен бір тартқанда әйелі қа­мыс арасында жаңа ғана туған ұлын аман қалдыруды өтініпті де, көз жұмыпты. Батыр әйелін жерлеп, жас шарананы қоржынына са­лып, кері қайтады. Жолында лағын ерткен бөкенге жолыққан ол бөкенді қаумалап жүріп ұстап алып, аяғын байлап, баланы соның сүтімен ауыздандырады да, есімін Бөкенбай қояды. Беріректе жұрт баланы Ақбөкен деп атап кетіпті.

Бала кезінен Бөкенбай тәлім­гер-аталықтың басшылығымен дәстүрлі дала тәрбиесі мен ерте есей­тетін білім мен білік алады. Кейін ел аузына ерте ілініп, бүгінге де­йін жеткен Бөкенбайдың даңқты іс­теріне қарағанда ол зерделі шә­кірт болғанға ұқсайды — бозба­ла кезінде-ақ мосылы-білтелі мыл­тықты, қылыш пен найзаны жетік меңгеріп, ат үстінде алыс жорықтарға қиналмай қатысатын дәрежеге жеткен. Сол тұстағы қа­зақ жігіттері сияқты, Бөкенбай әб­ден шыныққан, күш-қайраты та­сып тұратын бозбала болып өсті, оның небір қиын-қысталаңды қай­мықпай көтеріп, қаһарлы ұрыс­тарда жеңіп шығуына, ке­зекті жаумен қарсы келгенде қай­мықпауына, талай ауыр жа­рақатты көтеріп, сапқа қайта оралуына осы қазақы, еркектік тәрбие көмектесті.

Он бес жасар бозбаланың әр­ далалық ұл үшін мәртебе, сы­нақ саналатын жігіт атануы да­ла халқының тарихындағы та­ғы бір сүргіні мол кезеңге сәй­кес келіпті. 1681 және 1683-1685 ж.ж. Жоңғар хандығының би­леу­шісі Қалдан-Бошақты Шығыс Түр­кістан мен Оңтүстік Сібірдің өзі­не бағынышты әскери ресурс­тарына сүйеніп, қазақтарға, қыр­ғыздарға, ортаңғы Сыр бойын­дағы өзбектерге қарсы бірнеше бас­қыншылық жорықтар жасап, Сайрам қаласын тонап, тал­қандауға ұшыратты. Қалдан осы жорықтарында қазақ хандары мен сұлтандарына бағынышты Сыр бойының 11 қаласын басып алып, сол өлкедегі көптеген елді мекендер мен ауылдарды талқандады.

Жоңғар шапқыншылығымен тұс­па-тұс кезеңде Маңғыстау тү­бе­гіндегі батыс қазақтары мен түрікпендердің жайлаула­рына еділдік қалмақтардың ұш­қыр қол­дарын бастап келген қал­мақтың Жоғарғы ханы Аюке (1672-1724) шапқыншылығы басталып, қазақ ауылдарын шауып, жас жігіттерді тұтқындап әкете бастады.

XVII ғ. сексенінші жылдары­ның орта шенінде қазақтардың аға ханы Әз-Тәуке үш жүз жа­уын­герінің басын қоса біліп, 1687 жылы қорғанысты қойып, жоң­ғарларға қарсы шабуылға кі­рісті. Келер жылы Қалдан Халха аума­ғына басып кіріп, Цинь империя­сымен соғысқа кірісуінен кейін Тәу­ке біріккен күллі қазақ әскерін жауға қарсы жұмылдырып, оны аз ғана уақытта Сыр жағалауындағы өңірден қуып тастады.

Бұл кезде жас Бөкенбай өз тұс­тастары сияқты толысып, Қазақ елінің оңтүстігіндегі жауға қарсы жүріп жатқан қан майданға кірісіп кет­кен еді. Қалданмен соғыстағы Бө­кенбайдың ерліктері жөнінде тарихшылар құжаттық дәлелдер тапқан жоқ, әрине, сол себепті оның «ар-намыстың ақтаңгері» деген сирек атақты дәл қай жылы иемденгені белгісіз. Бірақ Әскери Коллегияның 1724-1726 ж.ж. қызметтік құжаттары мен XVIIІғ. бірінші ширегін баяндайтын халық аңыздарында Бөкенбай батыр және «атақты сардар», яғни, көшпелілердің көпті көрген көсемі деп аталуына қарағанда, оның ел көзіне ерлігімен түсуі 1687-1689 ж.ж. әріректе болуы керек, шамасы, оның хан майданда даңқ­қа бөленуі де сол тұс.

Қазақ қосындарының жоң­ғар­лармен соғысуының ең шие­леніскен тұсында Бөкенбай сес­кенуді білмейтін қайсар жауынгер ретінде ғана емес, екінің бірінде бола бермейтін, жұртты азулы, қа­һарлы жауға қарсы жұмылдыра бі­летін, ұйымдастырушылық күш-жі­гері мол, дарынды әскербасы ре­тінде де көрсете білді. Демек, дәл осындай жеке басының озық қа­сиеттері үшін де, Қалданмен со­ғыс аяқталған бойда табындар Бөкенбайды, жастығына қа­рамастан, өздерінің рубасы сай­ласа керек, әйтпесе, тыныш заманда қазақтардың патрономдық қа­уымына рубасы мәртебесін би­лік жүргізу мен басқару сала­сында тәжірибесі мол, егде адам­дар иемденетін. Осы тұста XVIIІ ғ. орта тұсындағы Ресейдің сырт­қы істер Коллегиясының «Из­вес­тиесінен» дерек келтіру керек сияқты, себебі, бұл құжат Бө­кен­байдың өз руластарына бас­шы боп сайлануының негізгі се­беп­тері мен сыңайларын айқын көр­сетеді. «Бұл дәреже, – делінеді атал­мыш құжатта, – көпті көрген, көп жасаған адамдарға да, сонымен қатар, көрші халықтармен со­ғысу барысында көсемдік көр­сетіп, қол бастағандарға да бе­ріледі. Сондықтан кейбір ру ба­сыларының беделі хан мен оның туыстарынан да басымырақ тү­седі».

XVII ғ. 80-90 жылдары аралы­ғында ол мұндай құдіретке ие бола қойған жоқ-ты, алайда, теңдесі жоқ ерлігі, терең ақылы мен тәуе­келшілдігі арқасында өз рулас­тары арасында ғана емес, Кіші жүз­дің басқа рулары арасында да теңдесі жоқ беделге ие болды.

XVIIІ ғ. бірінші ширегінің со­ңына дейін табындар мен жеті­рудың өзге рулары жазда әлімнің шөмекейлерімен, төртқаралармен және шектілермен араласа көшіп, Ырғыз бен Торғай аралығындағы жазықты жайлады, Еділ қалмақ­тарының шабуылдарын сол рулармен бірлесе қайтарып жүрді. Ол кезде алшындардың басым бөлігінің билеуші топтары, ша­шыраңқы жүруі себепті, әр­қайсысы Еділ қалмақтарымен же­ке-жеке күресті. Сол себепті олар ортақ жаудың жиі болатын шап­қыншылығына лайықты тойтарыс бере алған жоқ.

Кіші жүздің төртқара және шө­мекей руларының адамдарынан саяхатшы Я.П.Гавердовский жүз жыл өткен соң жазып алған деректер бойынша, Бөкенбай өз қандастарының осындай қор­ған­сыз жағдайларына шыдай алмай, қал­мақтармен көрші отырған қазақ ру-тайпаларының қорғаныс жүйесін күшейту үшін, жаудың тосыннан шабуыл жасап жүретін атты әскерінен елді қорғаудың айла-тәсілдерін жасауға кірісті. Жетіру ауылдары орналасқан жон-жотасы көп өлкенің барлық ай­мағы жақсы көрінетін басты с­тратегиялық биігі ретінде Ырғыз өңіріндегі Тілептаудың оңтүстік-шығысы мен Қабанқұлақ тауының оңтүстік-батысындағы конус пі­шіндес шоқыны Қарауылтөбе етіп белгілеген Бөкенбай болатын. Бұл жерге ол басты қарауыл бөлімін орналастырды. Осы қа­рауыл ерек­ше белгілер арқылы ай­на­ла­дағы ауылдарға дұшпанның келе жатқанын хабарлайтын. Кейін Бөкенбай шоқысы атылып кеткен осы биіктің алыс көкжиегін көмкеріп тұрған биіктерге де сондай қарауыл төбелер орналастырды.

Бөкенбай белгілеген хабар­ бе­ру жүйесінің арқасында жұрт­шы­лық дұшпанның тосын шабуылдарынан құтылды, жау келгенін ертерек біліп, оны өз шекарасының сыртында қарсы алатын болды.

Алысты болжайтын рубасы­ның осындай бастамалары мен нақты белгілеген шаралары сол бір өте ауыр кезеңде қазақтардың қорғанысқа қабілеттілігін күшейт­ті. Оның көзі тірісінде-ақ қазақ то­по­нимикасында Бөкенбай шо­қысы, Бөкенбай тауы, Бөкенбай сайы сияқты жаңа атаулар пайда бол­ды. Соңғы үш ғасыр ішінде со­ның бәрі халық санасында берік сақ­талып, карталарға түсті.

2. Қарақұмдағы құрылтай

XVIIІ ғ. басында қазақ жүз­де­рі­нің оңтүстік-шығыс ше­ка­раларындағы геосаяси жағдай шие­ленісе бастады – Жоңғар хан­дығының әскери үстемдігі арт­ты. Бұл тұста көшпелі ойраттар­ды циндермен соғыс кезінде қаза тапқан Қалдан-Бошақты хан­ның жас та жігерлі ұлы Себен-Рап­тан басқарып тұрған. Аз ға­на уақыт ішінде ол Жоңғар хандығының әскери қуатын қал­пына келтіріп, Орталық Азиядағы өзіне бағынатын үлкен елдің ір­гесін кеңейтіп алды. Өте қуатты Ас­панасты империясымен икемді, сақ саясат жүргізу арқасында Се­бен-Раптан манчжур династия­сымен қырғи қабақ болудан сақ­танып, одан ұтқан жиырма жылды көр­ші көшпелілер мен солтүстік-ба­тыстағы отырықшы халықтарға қар­сы әскери қимылдар жүргізуге арнады.

1708 жылы, алты жыл тыныш­тық­тан соң, ойрат әскері қазақтың үш жүзінің оңтүстіктегі жайлауларына басып кірді.

Ойрат әскерінің қазақтардың оң­түстік шебіне жаппай басып кіруі далалық саяси жүйенің ыдырай бастап, Қазақ хандығының бұ­рынғы беделі мен құрлықтың іш­кі бөлігіндегі геосаяси кеңістік­те­ үлкен ықпалының жойыла бас­­таған дәуіріне сәйкес келді. Мем­лекеттің басшылығында қар­­­тайған, іс жүзінде жүріс-тұ­рыстан қалған (80-жылдарда ал­ған жарақаттың салдарынан екі ая­ғынан жан кеткен) Тәуке хан отыр­ған соңғы он жылда Даланың ор­талық билігі едәуір әлсіреп, бас билеушінің бағыныштылары ор­тақ мемлекеттің емес, өздерін қол­дайтын ру-тайпалардың мүддесін ғана қорғаумен айналысып, тұтас­тық ыдырай бастаған еді.

XVIIІ  ғ. бірінші онжылдығын­да Бөкенбай батыр мен басқа атақ­ты дала рубасылары қазақы көш­пелі қоғам ішіндегі ыдырау үрдісі мен оның билеуші элитасының клан­дық сепаратизмін жіті қадағалап отырды. Бұл шағын топтық мүд­делердің белең алып, тұтас қазақ хал­қының экономикалық және саяси мұраттары естен шыға бас­таған уақыт еді.

XVII ғ. соңы – XVIIІ ғ. басын­да­ғы қазақ жүздеріндегі билікті 7-ден 10-ға дейінгі хандар бөліп алған-ды. Дала ақсүйектері арасында ықпалы мол билеуші – Тәу­кенің он жарым жыл бойғы кіші жеделдесі Қайып ханға (1704/9-1718) Кіші жүз руларының бір бөлігі бағынатын. Бірақ оның әскербасылық өнері өзге хандар мен сұлтандарға қарағанда төмен болды да, қазақ арасындағы бедел-салмағы болмады.

Қайыппен қатар Қазақ елі аума­ғында саны аз топтарды Тәу­ке ханның күйеу баласы Абылай, Тәукенің ұлы Болат екеуіне Орта жүздің жекелеген ру-тайпалары бағынды. Орта жүздің әрқилы ұсақ бөліктерін Рүстем, Абдолла мен оның ұлы Аспандияр және Қанішер Абылайдың ұлы Жәңгір биледі.

Алайда ойраттардың бұ­рын­ғыдан да күшті жаңа басқын­шы­лығының болу қаупі алысты бол­­жай білетін сұлтандар мен ру­ба­сылардың өзара қырқыстарды ше­­гере тұрып, жаудан қорғанудың қа­­мын жасауға деген ниетін ту­ғыз­ды. Осы мақсатпен Бөкенбай ба­­тыр мен өзге жауапкершілігі мол Кіші жүз рубасыларының бас­тамасымен, 1710 жылғы қыс­та Арал аумағында көшіп-қо­нып жүретін ру-тайпалардың ық­­палды өкілдерінің құрылтайы ша­­қырылды.

XVII ғ. мен XVIIІ ғ. бірінші жар­тысында Қарақұм дәстүрлі түр­де Кіші және Орта жүз қазақ­тары арасында ең қолайлы қыстау болып есептелетін. Геосаяси тұрғыда да бұл өңір Кіші жүздің көптеген ру-тайпаларының жай­лау­­лары ойрат тайпаларымен шек­тесіп жататын аймақ еді.

1710 жылы өткен Қарақұм құ­рыл­тайы туралы халық аузын­дағы тарихи мәлімет бізге 1803-1804 жылдары Бұқар хандығына сапар шеккен орыс сауда-саясаттық миссиясының басшысы, поручик Яков Петрович Гавердовский (1770/73-1812) жолжазбалары ар­қылы жетті. Ол мұны Әлім тай­пасының төртқара және шөмекей ру­ларының жайлауларында қа­ғазға түсіріпті. Оқиға туралы бұл баян 1809 жылы әзірленіп, оның тарихшыларға баяғыдан бел­гілі, қазақ халқының тарихы мен этнографиясы жайлы әрқилы еңбектер жазарда пайдаланылып келген көлемді еңбегі – «Қырғыз-қайсақ даласына шолу, немесе қыр­ғыз-қайсақ елі мен халқының сипаты» атты кітаптың екінші бө­ліміне енгізілген. Мұнда алшын кө­семдерінің Қарақұм құрылтайы ту­ралы қысқаша мәліметі беріледі де, осы құрылтайға қатысушылар алдында сөйлеген Бөкенбай ба­тырдың әйгілі сөзі мейілінше ке­ңінен баяндалады.

Ақсақалдар құрылтайы тура­лы далалықтар аузынан жазып алғандарын кітапқа түсірген Я.П.Гавердовский еңбегінің тең­десі жоқ құндылығы оның қа­ғаз жүзіне көшуі мен Қарақұм құ­рылтайы өткен уақыттың аралығы 92-93 жыл, яғни, үш ұрпақтың ауысу уақыты ғана екендігінде. Бұл кезең ішінде далалықтардың ауыз­ша жеткізетін жадында бір­лікке шақырған халықтық жиын­­ның ең жарқын тұстары күл­­гін тартып үлгермеген, демек, соның бәрі өзгеріссіз қа­ғазға түсірілген. Бұл бізге осы көп­шілік жиылған жиынның мажорлы-аккордтық – көтеріңкі лепті, асқақ рухпен аяқталатын со­ңындағы Бөкенбайдың рөлін мей­лінше тереңірек ұғуға мүм­кіндік береді және құрылтайға қа­тысушылардың ортақ жаумен бо­латын ауыр күресте «бір-бірін қор­ғау» туралы «бірауыздан» қа­былданған шешімнің тарихи ма­ңызына объективті баға беруге кө­мектеседі.

Осы хикаяның мәтініне қара­ғанда, Я.П.Гавердовскийдің орыс керуенінің қазақ даласымен өте­­тін нақты маршруты туралы, өз­дерінің Қарақұм құрылтайына қа­тысқан жақын аталары, олардың ата-тегі туралы баяндап берген жер­гілікті далалықтардың ең бас­­ты өкілдері туралы тәптіштей жа­зылған жолжазбалары күні ке­шеге дейін зерттеушілер үшін бел­гісіз болып келді. Осыдан жиырма жыл бұрын ғана менің, менің әріп­тесімнің өткізген арнайы эв­ристикалық ізденістеріміздің нә­тижесінде ресейлік астаналар архивінен «Ұ.м.и. нөкерінің поручигі Гавердовский мен боп тастаушылар Иванов пен Бог­дановичтің оның ұлы жарлығы бо­йынша Қырғыз даласы арқылы Бұ­қар провинциясына сапары ке­зінде жүргізген журналы» мен «Қырғыз-қайсақ даласын шо­лудың» «1803 және 1804 жылдары Қыр­ғыз-қайсақ даласында күндіз жүргізілген жазбалар» деп аталатын бірінші бөлімі табылып, 2007 жылы жарық көрді.

... Кіші жүз сұлтандарының, руба­сылары мен батырларының жиыны (құрылтай) 1710 жылы Арал өңіріндегі Қарақұмда, өте ауыр, күрделі қоғамдық-саяси жағ­дайда өтті: сол тұста қазақ ауыл­дарының санасын билеп ал­ған үрей мен үмітсіздік, өз кү­шіне сенбеушік сезімі мұнда ай­қын көрініс берген. Соның сал­­дарынан жоңғар тақырыбын тал­қылаудың алғашқы сағат­тарында жиындағы пікірлер таразысы «жеңілушілер партиясы» жағына – қатысушыларды жоңғар қонтайшысына қарулы қарсылық көрсетуден бас тартып соған бағынуға, немесе, отырған жерлерін тастап, қаша кө­шуге шақырушылар жағына ауған. «Жаны тәттілер, – делінеді әң­гімеде, – осы жиынның үстінде үрей­ге билетіп, қонтайшының ке­шірімділігіне жүгініп жан сақ­тау керектігін айтты. Енді бі­реулер тұрақтарын тастай қашып, Еділден әрі өтіп кетуді ұсынды. Ал енді біреулер қорқақ қояндарша бытырай қашып кету керек деп көп жұрттың көңіліне қобалжу ендірді».

Алайда, жиналған жұрттың едә­уір бөлігі айтушылардың үміт­сіз, үрей толы сөздерінің әсерімен үр­гедек рубасылар жағына ауытқи бас­тағанда қызу пікірталасқа ер­лігімен елге аян болған рубасы Бө­кенбай кірісіп кетті де, жауға қар­сы шығудан гөрі қашуды жөн санап тұрғандарға қаһарлана қарап, ызалана сөйлеп кетті. Халық айт­­­са, Бөкенбай үстіндегі киімін өңі­рінен қақ айырып, семсерін кө­тер­ген күйі долдана сөйлеп, күн­дей күркіреген:

– Уай, ағайын! Ұлдарымыздың – құл, қыздарымыздың – күң бол­­ға­­нын, жайлауымызды жат­ жайлап, мал-жанымызға дінсіз­дер ие болғанын көргенше, шық­қыр көзіміз неге ағып түспей­ді? Жел­кілдеген ту ұстап, же­лек­­ті найза көтерген батыр баба­ла­ры­мыздың аруағына сыйынып, ата жау­ға қарсы неге шаппаймыз? Қас дұш­панымыздың қара жүрегіне шанышар көк сүңгіміздің ұшы мұқалды ма, қаскөйдің басын қылша мойнынан талша шауып, допша домалатар айбалтамыздың жүзі майы­­рылды ма? Жо-жоқ, ағайын! Ата-баба қалдырған алдаспанымыз әлі қолымызда, сауырына та­қымымыз тисе, жел боп ағатын тұл­парларымыз әлі астымызда! Ен­деше, айбынымыз неге пәс тартып, жүрегіміз неге шайлығады?

Қылыштарыңды тасқа қайраң­дар, ағайын!..

Бөкенбай қолындағы семсерді білегіне бір тартып, қан шығарады да, оны семсердің жүзіне жағып, қаруын басынан асыра көтереді:

– Уай, ағайын! – деп күндей күр­кірейді батыр, – мына семсермен, мына қанмен ант беремін – қасық қанымыз қалғанша қасиетті же­рімізді жауға таптатпаймыз!

Осы бір адам таңдарлықтай аруақ­ты сөз бен қимыл қазақтың жақсы-жайсаңына ғаламат әсер етіп, әлгінде ғана иіні түсіп кеткен жұртшылықты дүр сілкіндірді, жауды жеңіп, қуып тастауға бе­кінтті. Аруақты ердің сөзінен ке­йін құрылтайға жиылған қалың ел Бөкенбайдың салған ұранына ер­мекке түгелдей ант етті. Ұлттың рухы асқақтағаны сонша, кейбір ел ағалары антты бекіте түспек үшін денелерін жаралап, ортасында жанып жатқан отқа қан тамызды. Ант біткен соң намаз оқылды да, құрбандыққа ақбоз ат шалынды...

Құрылтайда әртүрлі рулар мен тайпалардан әскер құрылып, оған көпшіліктің ұйғарымымен Бө­кенбай батыр қолбасшы болып сайланды.

Дәл сол жиында қол жеткізген бір­лікті бекіте түсу үшін Кіші жүз рубасылары мен ел ағалары ер­лігімен, ерекше біліктілігімен жұрт­қа кеңінен танылып үлгерген, далалық Жошы ұрпақтарының бұрындары атағы шығып көр­меген, кедейлеу бұтағынан тарайтын Әбілқайырды Кіші жүз ханы деп сайлап, ақ киізге көтерді.

Сонымен, жоғарыда келтіріл­ген сөздер мен өз әкелері мен ата­­ла­рының өздері жадында бе­рік сақтаған, шынайы, бастан кеш­кен, куә болған тарихтарын Я.П.Гавердовскийге айтып берген – далалықтар есімдеріне дейін айқын әңгімешілдердің – сол тұста өздері елге ие болып отырған қа­зақ­тардың куәлік-баяндарына сү­йенсек, ел құлағына сіңісті боп қал­ған қате ғылыми пікірлерде айтылып жүргендей, күллі қазақ­тың жүдеулі рухын көтеріп сөз сөй­леп, халықты жауға қарсы бі­рінші боп жұмылдырған, сол кез­де әлі жас, арғын қанжығалы Бөгембай Ақшаұлы емес, сол тұс­та алшындардың үш бірдей ұр­пағына кеңінен танымал батыр, ар-намыстың ақтаңгері, Кіші жүздің жетіру тайпасының табын руының елағасы Бөкенбай Қа­рабатырұлы екеніне күмән жоқ. Бұл жиынға арғындардың өкілдері қа­тыспағанын да айта кету керек.

Қарақұм құрылтайынан соң да үш жүздің ру-тайпалары бір-біріне ба­сын қоса қоймай, әр топ дербес қи­мылдағандықтан, далалықтар 17 жылға жуық уақыт бойына жоң­ғарлармен күрестегі жағдайды өз­герте алған жоқ, себебі, көбіне әр­кім өз бетімен, өзара келісімсіз қи­мылдап, бірлігі мен тұтастығы берік жоңғар әскерлерінен бетпе-бет келгенде жеңіліске ұшырап жүр­ді.

Әйтсе де, осы құрылтай бас­­қын­шыларға жалпыұлттық қар­­сылық көрсетудің тарихын­да шешуші рөл атқарды. Осы жиынның арқасында алшын­дардың әрқилы әлеуметтік бө­лімдеріндегі жеңілушілік көңіл күй күрт өзгерді, жұрттың рухы көтеріліп, бірлікке қол жеткізді, одан соң қазақтардың өзге ірі бірлестіктерінде де жауды же­ңіп, ата-баба жерінен қуып тас­тауға деген ортақ арман-мүдде қа­лыптасты. Оған қоса, Бөкенбай мен Қазақ елінің батысындағы оның серіктерінің ұйымдастыру ша­ралары күллі үш жүздің рулық, тайпалық топтарының біртіндеп біріге бастауы процесінің негізгі қозғаушы күші болды. Бұл игі іс 1710 жылғы құрылтайдан соң әлімұлының, байұлының және жетірудың шағын рулық әскери топтарының Кіші жүздің жалпы жауынгерлік қосынына айналуынан басталғаны анық.

Ирина ЕРОФЕЕВА

Аударған

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ

(Жалғасы бар)