Қазақстан • 13 Наурыз, 2018

Зұлқия Жұматова: Адамдықтан биік атақ жоқ

1991 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан 60 жыл бұрын Қазақ телевизиясы алғаш құрылған тұста біз түгілі әкеміз де дүниеге келмепті. Есесіне ата-әжелеріміз көгілдір экранның бетінде жарқын келбетімен жарқ ете қалған Зұлқия Жұматова жүргізген алғашқы хабарды тапжылмай отырып тамашалағаны анық. Әдемі үнімен, келісті келбетімен көрермен көңілінің төрінен орын алған ол қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор ретінде тарихта қалды. Ғибратты ғұмыры талайға үлгі болған аяулы жан бүгінде тоқсанның сегізіне келген әже. Көргені мен түйгені көп көшелі Зұлқия әжеймен аз-кем әңгімелесудің орайы келген еді.

Зұлқия Жұматова: Адамдықтан биік атақ жоқ

– Зұлқия әже, сіз қазақ те­ледидарының табалды­ры­ғын алғаш аттағаныңызда қа­зақ өнерінің қара нары Шәкен Ай­манов қабылдап, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов батасын бер­генін білеміз. Осы туралы өз аузыңыздан естісек. Жалпы қазақ телевизиясына қалай келдіңіз?

– Менің Қазақ телевизиясына келуімнің өзі бір үлкен әңгімеге жүк боларлық оқиға.1958 жы­лы елімізге бәрімізді ерекше қуанышқа бөлеген жақсы ха­бар келді. Газеттен, радиодан «үйлеріңізде теледидар бо­лады, жер-жаһандағы бар­лық жаңалықтарды көріп, тың­дай аласыздар, кинофильм­дер көресіздер, әдебиет пен мә­дениет жайлы мол мағлұматқа қа­нығасыздар» деген хабарлар таратылды. Бастапқыда мен бұл жаңалықты аса елеген жоқ­пын. Бірер күннен кейін теле­видениенің ашылуына байланыс­ты диктор таңдаймыз, соған бай­қау жарияланады дегенді құ­ла­ғым шалды. Ол кезде менің өлең жазып, аз-кем аудармамен ай­налысатыным бар еді. Үйде жас балаларым болды. Артынан ой­ланып отырып телеарна болған соң ол жерде шығармашылық ре­дакция болады. Өзім балалар туралы өлеңдер жазам, балалар бағдарламаларының біріне хабар дайындайтын редактор керек шығар, бәлкім, жұмысқа тұрып жолдасыма қолғабыс болармын деп сонда бардым. Алайда диктор болам деген ой түсіме де кірген емес. Ол кезде жасым отыздың үстінде еді. Барсам, аула толы байқауға бағын сы­науға келген мыңға тарта қыз-ке­ліншек. Бәрі әдемі, бәрі жас. Сол жердің тәртібін қадағалап жүрген жас жігітті шақырып, «қалқам, мен осында жұмысқа тұрсам» деп едім, «кімге жолықсам болады» деп сұрадым. «Ой апай, мына дикторлар байқауы бітпей ешкімді қабылдамайды, барлығы соның жұмыстарымен жүр» деді. Мен қарап тұрып телевидениеге қызығып кеттім. Содан бір бұ­рышта теледидар тұр екен. Қа­рама-қарсы тұрсаң өзіңді көр­­сетеді. Мен қалай көрінеді еке­нмін деп теледидар алдына тұра қалдым. Кенет үстіңгі қа­баттағы пульттан «Сіз кім боласыз, фамилияңыз кім?» деген ер адамның даусы естілді. Мен еш саспастан «Атым Зұлқия. Те­гім Жұматова» деп жауап қат­­тым. Әлгі кісі «Қайда жұмыс іс­­тейсіз, немен шұғылданасыз деп?» қайыра сұрақ қойды. Мен өзім­нің аудармамен айналысатынымды, көңілдің кейбір сәттерінде өлең жазатынымды, «Социалистік Қазақстан» га­зетінде жарық көрген алғашқы өлеңіме Бақытжан Байқадамов ән жазғанын, оны Жамал Ома­рова орындайтынын, сегіз бала­ның анасы екенімді, жолдасым­ Ауыл шаруашылығы инс­ти­тутында жұмыс істейті­нін айт­тым. «Ендеше өз шығар­ма­шылы­ғыңыздан бір өлең оқып бе­ріңізші» деді. Мен іркілместен:

Анам менің барғанда бір кір жуа,

Бұрқап жатқан долы Ертістің суына.

Мен де бардым көпке дейін бірақ та,

Түсіне алмай тұрдым толқын шуына,

деп басталатын өлеңімді оқи жө­нелдім.

Кімнің сөзі мақсат не ол жырдағы,

Түсінбеп ем жас едім ол жылдары.

Абай атам Пушкин болып жырлаған,

Татьянаның әні екен ол қыр­дағы,

деп соңғы шумағын оқығанымда сатырлаған шапалақ үні естілді. Риза болған үнмен «сіздің орыс­шаңыз қалай?» деп сұрады. Мен болсам жаңағы өлеңімнің өзім аударған орысша нұсқасын жат­қа оқып бердім. Кенет сәл үнсіздік орнады да, Мәдениет министрлігінің өкілдері бастаған комиссия мүшелері ақылдасқан болуы керек, «сіз бірауыздан қабылдандыңыз» деді. Артынан білгенімдей бағанадан бері менімен тілдесіп тұрған атақты Шәкен Айманов екен. Қасыма келіп ризашылығын білдірді. Міне, дәл осылайша, қазақ теле­дидарындағы тұңғыш диктор болу бақыты менің маңдайыма бұйырды.

– Бар өміріңізді телевизия­ саласына арнадыңыз. Қа­зір­гідей техника дамымаған кез­дегі жұмыс барысы қалай еді?

– Иә, ол кезеңдермен қазіргі күнді салыстыруға келмейді. Он­дағы жағдай мүлде басқаша-тұ­ғын. Эфирде бізді ауыстыратын адам болған жоқ. Балалар бағдарламасынан бастап жаңа­лықтар, танымдық хабарлар дей­сіз бе, бәрін-бәрін Нелли екеу­міз таңнан кешке дейін жүр­гізе беретінбіз. Әріптесім Нел­ли Омарова орыс тілінде, мен қа­зақ тілінде хабар жүргізем. Қазіргідей суфлер деген жоқ. Бәрін бір парақ қағазға жазып алып шығамыз. Және өзімізді экраннан көре де алмаймыз. Барлық хабарлар тікелей эфирде өтетін. Жұмысымызға асқан жауапкершілікпен қарайтынбыз. Қаптаған ақпарат арналары, ғаламтор желілері атымен бол­ған жоқ. Сондықтан жұрттың бә­рі әр бағдарламаны жібермей көре­тін. Аса жоғары талғаммен ба­қылайтын. Сөзімізден кіш­кентай қате кетсе сөгіс алып қа­­луымыз әбден мүмкін. Сол қиын кезеңдерде жүріп ысыл­дық. Телевизия ұжымдық жұ­мыс. Үлкен шығармашылық топ­тың еңбегін қажет етеді. Те­рең ізденістер жасадық, көп ең­­бектендік. Мұхтар Әуезов сияқ­ты заңғар тұлғалардан сұх­бат алу бақыты бұйырды. Ол кісімен дидарласқаным әлі есім­де. Хабар аяқталғаннан кейін Мұ­хаң «Асылкеш» деп менің қолымнан сүйді. Асылыңызды түсіндім, кеш дегеніңізді түсін­бедім деп Мұхаңа қарадым. Ол кісі болса жайдары үнмен: «Асыл­кеш дегенім, асыл жан деген сөз. Сендер асыл жансыңдар» деп күлімсірей қарады. Біз­дің­ қазақшаны қаймақтап сөй­ле­генімізге, қазақша хабарлар ашыл­ғанына жазушының қат­ты қуа­нғанын байқадым. Ол күн­дердің барлығы менің көз алдымда әлі күнге дейін дәл бүгінгідей жаңғырып тұр.

– Телевизияда жасаған ең­­­бектеріңізді халық қалай бағалайтын еді? Бұл саланы ар­­найы оқуын бітірмей-ақ мең­геріп кеттіңіз. Кімдерден тәлім ал­дыңыз?

– Бізге бәрін өмірдің өзі үй­ретті. Ашаршылық жылдары әке-шешем дүниеден өтіп жас­тайымнан жетімдікті көрдім. Бар мен жоқтың, жақсы мен жа­манның парқын бір кісідей біліп өстім. Көп армандарым желге ұшты. Бірақ мойыған жоқпын. Техникумда білім алып, институт бітірдім. 1958 жылы сол кез­дегі Мәдениет министрі Әмір Қа­напиннің ұйытқы болуымен Мәс­кеуде өткен «Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің» онкүндігіне бару сәті түсті. Сол кезде Мәскеу телевизиясында он күннен аса жұмыс істедім. Сонда жүріп Юрий Левитан, Нина Кондратова сияқ­ты Одаққа белгілі дикторлармен тәжірибе алмастым. Ол кездері телеарна дикторларын халық жақсы танитын. Қоғамдық орындарда, жиын-думандарда көре қалса ілтипатпен қарсы алып, төр ұсынатын.

– Қазіргі қазақ телевизиясы туралы, дикторлар жайлы не айтасыз? Ізбасарларыңыздың жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Кезінде біз Мәскеудің те­ле­­арнасына барғанымызда теле­визияның техникалық әлеуетін, әсем студияларды көріп, мынау не деген жұмақ, шіркін, біз­ де осы жұмаққа жетеміз бе,­ жет­пейміз бе деп таңғалып кел­ген едік. Бүгінгі қазақ телеви­зиясы кеңге қанат жайып, Тә­ңір­ден тәлейімізге бұ­йыр­ған тә­уелсіздігіміздің ар­қа­сында үлкен жетістіктерге жет­ті. Өңіміз түгілі түсімізге кір­меген техникалар бар. Оқимын, ізденемін деген жанға барлық жағдай жасалған. Журналистер даярлайтын қанша­ма оқу орындары ашылды. Бі­лім­ді де білікті мамандар көп. Жа­сым ұлғайды. Күнделікті теледидар көрем деп айта алмаймын. Дегенмен, осы саланың маманы болған соң кез келген жаңалыққа елеңдеп, телеарналардан жақсы хабарлар беріліп, басылымдарда отты мақалалар жарық көріп жатса сүйсініп отырам. Қазіргі отандық арналардағы теле­бағдарламаларды тізгіндеп жүрген дикторларға көңілім толады. Олар тың талпыныстарға барады. Сөз саптаулары нық, дауыс мәнерлері ырғақты, ең бас­тысы идеялары ұшқыр. Деген­мен, телевизия деген тұнық ай­д­ын. Халықты, бүтін бір ұр­пақты тәрбиелейтін ұлы құрал. Сон­дықтан оны кірлетіп алуға, ар­зандатып жіберуге болмайды. Телеарна басшылығында жүрген аза­маттар осыны қаперінде ұс­таса деймін.

– Жаңа өзіңіз айтқандай, өмір­ден жақсыны да жаман­ды да көрдіңіз. Қазақ теле­визиясының қарлығашы атанып, ең қиын кездерде елге елеулі еңбек еттіңіз. Бүгінде, ұр­­па­ғымыздың рахатын кө­ріп, әже атанып отырсыз. Қа­рап отырсақ сөзіңіз мы­ғым, өзіңіз де әдемісіз. Әдемі қар­таюыңыздың сыры неде?

– Ең алдымен адам баласының жаны сұлу болуы керек. Жанның сұлулығы деген ішкі тазалық, жақ­сы мінез. Жан баласын жа­тырқамай, жан дүниесіне үңіл­сең кез келген пенденің жақ­сы қасиеті болады. Ойы та­за­ адамның өзі таза. Өзі таза кі­сі­нің сөзі таза. Әрбір адам жа­йын­да жақсы пікірде болып, жақ­сылықты көре білу керек. Өзі жақ­сы жанға жұрт та үйір келеді. Адал еңбек етіп, өз ісіңе адал бол. Адамдықтан биік атақ жоқ. «Құ­дайсыз қурай да сынбайды» деген сөз бар емес пе. Әркімнің өз жолы, өз тағдыры бар. Ең бастысы, осы қағидаларды жадына берік тоқыған жанға еш өкініш жоқ. Осы жасқа жеткенім ең алдымен Алланың қалауы, одан кейін кешегі Мұхаңдардың, үлкен ата-әжелеріміздің берген ақ батасының шарапаты деп білем. «Баталы жан арымас» деген. Үлкендердің батасын алып жүрген жақсы.

– Әңгімеңізге рахмет. Аман болыңыз.

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ