Аймақтар • 13 Наурыз, 2018

Қостанайда құтқарушылар жоғалғандарды тапты

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құтқарушылар далада төрт күн бойы адасып жүрген адамдарды тапты. 

Қостанайда құтқарушылар жоғалғандарды тапты

ГАЗ 63 авто көлігімен 4 ер адам Аманкелді ауданындағы Родник ауылының жұртына Арқалық қаласынан түскі 12.00-де шығып кеткен. Қаңырап бос қалған ауылдың жұртында ет дайындайтын фермерлік шаруашылық бар екен. Ол шамамен Арқалықтан 130 шақырым қашықтықта болатын. Адасқан адамдардың туыстарынан көмек сұраған дабыл түсісімен Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының Арқалық қалалық құтқару бөлімі Нива Марш Бронто көлігімен іздеуге аттанады.

Родник ауылының жұртына келісімен анықталғандай, әлгі жолаушылар фермерлік шаруашылыққа жете алмаған. Құтқарушылар сол жердегі айналадан жоғалған адамдарды іздестіре бастады. Ауданнан шалғай жерде байланыс желісінің болмауы және 6 наурыздан 7 наурызға дейін соққан боран іздеу жұмыстарына едәуір кедергі келтірді. Жоғалғандарды табуға көмектесетін ізді қар басып қалған.  

8 наурыз күні сағат 11 шамасында құтқарушылар ішінде екі адамы бар ГАЗ 63 автокөлігін іздеп тапты, қалған екеуі Родник ауылына жаяу бет алған. Анықталғандай көз көрмейтін дүлей боранның салдарынан олар адасып бағытынан шамамен 30 шақырым жаңылысқан. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, көліктері де бұзылып қалыпты. Олар көлікте түнеп шығады, жаяу тартқан екі адамды құтқарушылар ауылға бес шақырым қалғанда тауып алады. Көлік ауылдан 30 шақырым қашықтықта қалып қойған.

Барлық зардап шеккендер Арқалық қаласына жеткізілді. Қазір олардың жағдайлары жақсы.  

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай