Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Жұртқа жақын әлеуметтік бастамалар

210 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасымыз қай кезде де халықтың қамын ойлап, тұрмыс жағдайларының, әлеу­­меттік мәселелерінің шешіліп отыруына қам­қорлық жасауда. Жуырда Парла­мент па­ла­та­ларының бірлескен отырысын­да көтерілген әлеуметтік бастамаларының бар­­­­лығы да әрбір қазақстандыққа жақын.

Жұртқа жақын әлеуметтік бастамалар

Елімізде тәуелсіздік алғаннан бері қаншама тұрғын үй салынуда. Дегенмен, халықтың тұрғын үйге деген сұранысы азаймай келеді. Осы мәселені шешуде Елбасымыз «7-20-25» деген бағдарламаны бастамашылықпен ұсынып отыр. Мұның мәнісі осы кезге дейінгі 14-16 % жылдық өсім мөлшерлемесін 7 %-ға дейін түсіруге негізделген. Егерде бүгін банк­тер алғашқы төлемнің үй бағасының ке­мін­де 30-50 %-ын құрауын талап етсе, бұл бағ­дарлама бойынша алғашқы төлем 20 %-дан аспауы керек. Несиені жабу мерзімі де ұзартылмақ. Әрине, бұл үйлі болуды армандап жүргендердің үмітін күшейте түсті. 

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен білім сапасы да қоғам үшін өте маңызды екені анық. Елбасы ұсынған бастама бойынша жыл сайынғы 54 мың грантқа 20 мың грант қосылмақ. Оның ішінде 11 мың грант техникалық мамандықтарға бөлінуге тиіс. Соның арқасында экономикамыздың жаңа жағдайында – төртінші өнеркәсіптік революцияның талабына сай мыңдаған маман дайындалып шығады. Оған қоса студенттердің жағдайы болу үшін 25 мыңнан астам орынға арналған студенттік жатақхана салуды ұсынып отыр. Көріп отырғанымыздай, Үндеуде көтерілген мәселелердің жастар үшін берері мол. Баспанамен қамту мен білім алуға жағдай жасау, басқа да артықшылықтар болам деген баланың бағын ашатын игіліктер. 

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, 
қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі

Қызылорда облысы 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» атты халыққа Үндеуі қара­­пайым адамдардың көңіліне үл­кен қозғау салуда. Өйткені мұн­да ­айтылған жақсылықтардың бар­лығы нақ соларға арналып отыр.

Мәселен, біздің атқаратын жұмы­сы­­мыз­ға қатысы бар төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту» мәселесіне келе­йік. «Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде, шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін бола­ды. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдар­да да белсенді жалғастыру керек. Баста­ма мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкін­дік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіре­се ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкер­лікті дамыту үшін айрықша маңызды еке­нін атап өткім келеді», делінген онда.

Біздің «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» осы уақытқа дейін шетелдік әріптестермен іскерлік қарым-қатынастар қалыптастыра отырып, ауыл­ды жердегі отбасылардың жағ­дайын тиімділікпен жақсартуға бағытталған бір­қатар «жасыл экономика» технология­ларын елімізге әкелді. Осылардың негізінде еліміздің өңірлерінде осы технологияларды тарату мақсатында құрылған жеті орталық жұмыс істеп тұр. Олардағы тех­нологиялардың барлығы қуат көздері мен ресурстарды үнемдеу нәтижесінде отбасы бюджетіне елеулі табыс кіргізе алады. Мәселен, Астана маңайындағы Арнасай ауылындағы технологиялық орталықта 35 технология игерілген. Олар үйдің шатыры секілді жабық шағын орынжай ішінде арнаулы шамдар орнатып, оларды күн орнына пайдалана отырып, көкөністер өсіруге қол жеткізу, биогаздан қуат алу, күн, жел қондырғыларын орнату арқылы қуат өндіру әдістерін үйретеді. Қазіргі уақытта бұл технологиялар ауылдағы кооперативтер мен жеке тұрғындардың ықыласын оятып, қолданылу үстінде.

Сонымен былайша айтқанда, қазір біздің елімізде заман беріп отырған мүм­кіндіктерге сай тиімді еңбек етіп, «жасыл» технологияларды игеру жолдары уақыт өткен сайын жетілдірілу үстінде. Ал мұның өзі қалаларда, әсіресе ауылды жерлерде отбасылардың шағын бюджетін нығайтуға едәуір серпін беретіндігі анық. Ауылды жерлерде отағасылар еңбек етіп жатса, отбасындағы әйелдер, көбінесе бала тәрбиесімен және үй шаруасы­мен шұғылданатыны белгілі. Біздің енгі­зіп отырған технологияларымыздың басым бөлігі отбасындағы әйелдерді тиімді еңбекке тартуға, сөйтіп отбасы бюджетіне жәрдемін тигізетіндей жағ­­дайға жеткізуге бағытталған. Бұл техно­логия­лар­ды игеруге сондай бір үлкен шығын қажет емес.
Енді, міне, Елбасының бес әлеуметтік баста­м­асы, әсіресе соның «Шағын несие­лерді көбейту» бөлігі бойынша ауылды жерлерге бөлінетін жеңілдікті несие қара­­жат­тары еселеп арттырылғалы отыр. Соны­мен ауылда еңбек етіп, тұрмысты түзетудің тиімді тетіктері мен технология­лары қалыптасуда. Оларды үйретушілер қатары да артып келеді.  Қаржы көлемі болса, биылғы жылдың өзінде ұлғайтылғалы отыр. Мен мұны ауылға келген жақсылық деп түсінемін. 

Салтанат РАХЫМБЕКОВА, 
«G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы»
ЗТБ басқарма төрағасы

Осы уақытқа дейін біз көбіне экономикалық өркендеуге ерекше назар аудардық. Ол түсінікті де, себебі өндірісі өркендеп, экономикасы қарыш­ты дамымаған елде әлеуметтік мәсе­ле­лерді шешу еш мүмкін емес. Ел­басының осы жайға баса назар аударып, енді әлеуметтік реформалар жасау кезеңінің келіп жеткенін атап көрсет­кені жайдан-жай емес.

Әрине, бұдан осы күнге дейін әлеу­­меттік салада реформалар қолға алын­бады деген ой тумаса керек. Бірақ гүлденген Қазақ елі ең алдымен ертеңгі күніне берік сенім артқан адамдарымен қуатты екенін баса айтты Елбасы.
Демек, ертеңіне сенімі нық елдің бола­шағы да жарқын. Әр адам осы елде өмір сүріп жатқанына мақтаныш сезіммен қарауы тиіс. Туған жеріне деген сүйіспеншілік те адамдарға өмір сүру жеңіл әрі жайлы болғанда ғана туындайды. Аш адамның саясатта еш шаруасы жоқ. Тоқ адам өзінің ғана емес, елінің болашағы үшін алаңдайды.

Елбасының айтып отырғаны да осы. Әлеуметтік реформалар негізін­де жаңа бастамаларды жүзеге асыратын уақыт келіп жетті. Енді бұл мем­ле­кеттің ғана емес, әр адамның өзінің бар күш-қуатын жұмсап, етене арала­сатын ісіне айналмақ. Бизнесі өркен­деген кәсіпкер жүдеушілік тартқан адамға қол ұшын беріп, кедейшілік тауқы­метін тартып жатқандар қата­рын азайтуға барынша үлес қосқаны абзал.

Мемлекет енді әлеуметтік мәселе­лерді батыл шешуді қолға алады, бұған біз жан-жақты дайындықпен келдік, деді Президент өз сөзінде. Сондық­тан бұл жаңа бастама қоғам­ды ортақ мүддеге ұйытуға, Қазақ елі­нің әлемдік өркениеттен берік орын алуына жан-жақты ықпал етеді деп сенеміз.

Бақыт СМАҒҰЛ,
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары