Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Қарағандыдағы «Чемпиондар ұстаханасы» атанған мектеп-интернаттың бүгінгі қауқары қандай?

1046 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 5 ақпан күнгі санында Мәжіліс депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің «Қарағанды спорт мектебін қайта құру қажет» деген­ мақаласы жарық көрді. Қазір­гі таңда бұл мәселенің жай-жап­сары жан-жақты зерттеліп, жобаның жүзеге асырылу тетіктері қарастырылуда. Ал біз өз тарапымыздан кеншілер астанасындағы жарты ғасырға жуық тарихы бар Әлия Молдағұлова атындағы спорт­­қа бейімді, дарынды бала­ларға арналған облыстық маман­дан­­дырылған мектеп-интернаттың мұндай өзгерісті қабыл алуға деген қауқары қандай дәрежеде деген сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.

Қарағандыдағы «Чемпиондар ұстаханасы» атанған мектеп-интернаттың бүгінгі қауқары қандай?

Жаңаның бәрі – ұмытылған ескі

Жалпы, мектеп-интернаттың тарихына үңілер болсақ, спорттық бағыттағы бұл білім мекемесі 1989 жылы да олим­пия­лық резервтер училищесі болып қай­та құрылған екен. Яғни спорт саласында жоғары нәтижелерімен көзге түскен түлектер мектеп-интернаттың қа­быр­ғасында училище студенттері ретін­де тағы да екі жылға қалдырыла бас­тады. Мұның өзіндік артықшылықтары мол болатын. Мысалы, көптеген талантты спорт­шылар мектеп бітірген соң далада қал­ғандай болып, үлкен спортқа апарар жолда «адасып» кетіп жатты. Ал училищеде қалып, оқуын жалғастырғандардың бір оқпен екі қоян атып алу мүмкіндігі болды. Біріншіден, олар екі жыл бойы толықтай мемлекеттің қамқорлығында болып, жат­тығуларын алаңсыз жалғастыра алды. Екіншіден, колледжді бітірген соң бұл жас мамандарға диплом беріліп, олар шәкірт даярлау құқығын иеленді. 

Өкінішке қарай, мектеп-интер­нат училище мәртебесінен 1998 жылы айы­­рылды. Енді міне, арада жиыр­ма жыл өткенде Мәжіліс депутаты Серік Сәпиевтің мұрындық болуымен, мек­теп-интернаттың мәртебесін өзгерту мәселесі биік мінберден қозғала баста­ды. Бір айта кететіні, бокстан Олимпиада чемпионы, Бэл Баркер кубогының ие­гері Серік Сәпиевтің өзі де осы мек­теп-ин­тернаттың қабырғасында оқып, Са­йын Аратаев, Владимир Маслин сынды бапкерлердің тәлімін алған. Сонымен қатар бұл ұядан Афина Олим­пиадасының қола жүлдегерлері – бокс­шы Серік Елеуов пен онсайысшы Дмитрий Карпов, Рио-Де-Жанейро Олим­пиа­дасының қола жүлдегері, еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова және бас­қа да халықаралық деңгейде өнер көр­сет­кен спорт саңлақтары түлеп ұшқан.

Мәртебенің өзгеруіне мектеп әзір ме?

«Чемпиондар ұстаханасы» деген атқа ие болған мектеп-интернаттың іргетасы 1971 жылы қаланған. Қазіргі таңда бұл оқу орнында 437 тәрбиеленуші білім алып, спорттың 13 түрі бойынша қабілеттерін ұш­тап жүр. Мектеп-интернатта 46 жат­тық­тырушы-оқытушы еңбек етеді. Оның біреуі – Қазақстанның еңбек сіңір­ген спорт шебері, 7-уі Қазақстанның ең­бек сі­ңір­ген жаттықтырушысы, ал 31-і жо­ға­ры дәрежелі жаттықтырушы-оқыту­шылар. 

Мұндағы бокс, еркін және грек-рим күрестері, дзюдо, ауыр атлетикаға ар­нал­ған залдар тиісті стандарттарға сай, керек-жарақпен толығымен қамтама­сыз етілген. Велобаза кешенінде де шабан­доздардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Оқу корпустары кең, 120 адам бір мезгілде тамақтана алатын асхана бар. Медициналық-сауықтыру ор­та­лығының құрал-жабдықтары да толық­қанды жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Мектеп-интернаттың мәртебесі колледж болған кезде мұнда қазақ және орыс тілдерінде оқитын, әрқайсында 20 баладан болатын екі топ құрылады. Спорт басқармасы басшысының айтуын­ша, тәрбиеленуші санының артуына байланысты қосымша қажет­тілік­терге деген сұраныс болмайтын көрінеді. Интернат жатақ­ханасында орын жеткілікті, оқыту­шылар мен жат­тық­тырушыларға да сон­шалықты ар­тық салмақ түсе қоймайды екен. Бір сөзбен айтқанда, болашақ кол­ледждің 40 тәрбиеленушісі мектеп-интернатқа тастай батып, судай сіңуі тиіс.

Әлбетте, мектеп-интернаттың мәр­те­бе­сін өзгерту мәселесі тақыр жерден пай­­­да бола қалған жоқ. Әуелі бұл жоба­ны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Мәжіліс депутаты С.Сә­пиев­пен бірге талқылаудан өткізіп, пы­сық­­таған. Одан кейін барып Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі коми­тетке ұсыныс ретінде жіберілген. Деген­мен, алдағы уақытта заң­намалық акті­лерге өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу­ге тура келеді. Жалпы, спорттық білім мекемесін кол­ледж­ге айналдыру ісі мек­теп-интер­нат­тың құрылтайшысы бо­­лып табылатын Қарағанды облыс­тық әкім­­дігі, атап айтқанда өңір басшы­­сы Ер­­лан Қошанов тарапынан қолдау тауып отыр. Мұның өзі қолға алынар бұл шаруа­­ның түбі баянды боларына күмән тудырт­пайды.

«Грейске» кеткен ғимарат қайтпайды

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукованың атына «Мек­теп-интернатта басқа облыстың ба­ла­лары оқи ма?», деп жолдаған сұ­рағы­мызға «Оқушыларды мектеп-интер­натына қабылдау ережесіне сәй­кес, оқуға түсушілер тұрғылықты мекенжай туралы анықтама тапсырады. Осы деректерге сәйкес, өзге облыстардан оқуға қабылданғандар жоқ. Дегенмен, Қазақстан азаматтарының консти­туциялық құқығын қорғау мақ­сатында мектеп-интернат басқа облыс­тардан да келген балаларды қабылдауға құқылы» деген жауап алдық. Спорт басшысының бұл жауабына ішіміз кәдімгідей жылып-ақ қалды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстаным тұрғысынан келгенде, бұл, әрине, құп­тарлық шаруа. Дегенмен, мына жайт­ты да ескере жүрген жөн сияқты. Мәселен, 2014 жылы осы мектеп-интер­нат­тың тәрбиеленушісі Махамбет Қуат­бек Қытайда өткен жасөспірімдер Олим­пиадасында еркін күрестен чемпион болды да, іле бапкерін де, бәрін де тастап, өзінің туған өлкесіне тартты да отырды. Ал енді осы бозбала облыстың тумасы болса, бапкердің есіл еңбегін, бес жыл асыраған интернаттың қара нанын ақтап, қазіргі таңда облыс спортының атын шығарып жүрер ме еді деген ой да келеді. 

Тағы бір мәселе, «Колледж бола қалған күнде білім мекемесі ғимараттан тарлық көрмей ме?» деген сұрақ туын­дайды. Мектеп-интернаттың жүзу бассейніне арнап салынған тамаша ғимараты 1999 жылы «Грейс» деп аталатын миссионерлер шіркеуіне сатылып кеткен. Өкініштісі сол, қазіргі таңда оны қайтарып алудың ешқандай амалы қалмаған. Неге десеңіз, кезінде бәрі де заңдастырылып, балталасаң да бұзылмайтындай қылып құжатталып қойылған екен. Мұны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ресми түрде мойындап отыр. Мүмкін айта кету де керек шығар, ғимарат «Грейске» сатылған 1999 жылы Қарағанды қаласының әкімі Николай Филатов болған, ал облыс спортын Сергей Сенин басқарып тұрған екен.

Иә, мектеп-интернат колледж болып кереге кеңейтсе, депутат Сәпиевтің өз мақаласында көтерген спорттық резерв­тің үзілмейтін жүйесін даярлау, жасөспі­рімдер спортының үлкен спорт­тық жетіс­тіктерге бастайтын жоғары буынмен жалғасуын жолға қою, облыс спортшыларының ұлттық құрама коман­далардың сапына өтуін арттыру, еліміздегі жаттықтырушылар қатарын көбейтіп, олардың мектептердегі дене тәрбиесінің оқытушылары, БЖСМ-ға, ауылдық, аудандық мектептерге, фитнес орталықтарға, өндірістік кәсіпорындарға нұсқаушы, жаттықтырушы болып орналасуын қамтамасыз ету сияқты қадау-қадау мәселелердің тамырына қан жүгірер еді.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Соңғы жаңалықтар