Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Қайролла Дүйсен­байұлының туғанына 70 жыл

655 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қасиетті қазақ жеріндегі Баян­ауыл өлкесі – дарынды тұлғалар, көрнекті қоғам қайраткерлері мен еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан атақты ғалымдардың мекені. Осы елдің тумасы Қ. Сәт­баев сынды ұлы ғұламалардың ізін жалғап келе жатқан ғалымдардың бірі және бірегейі – Қайролла Дүйсенбайұлы Рахимов.

Қайролла Дүйсен­байұлының туғанына 70 жыл

2018 жылғы наурыз айының 15 жұл­дызында Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, С.Ж.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина универ­ситетінің клиникалық фармакология ка­федрасының меңгерушісі, Ұлттық ғы­лым академиясының академигі, меди­ци­на ғылымдарының докторы, про­фессор РАХИМОВ Қайролла Дүйсен­байұлының туғанына 70 жыл, ғылыми, педа­гогикалық және қоғамдық қызметіне 46 жыл толады.

Қайролла Рахимов 1948 жылдың 15 наурызында Баянауыл ауданындағы Баянауыл кентінде дүниеге келді. Әкесі Дүйсенбай Рахметов  – Ұлы Отан соғысының ардагері, мектептер­ ұйым­дастырып, білім ордаларына­ басшылық жасаған ұстаз. Соғыста жә­не бейбіт күндердегі ерлік істері үшін бірнеше орден және медальдармен марапатталған. 2016 жылдың 24 қарашасында ел Үкіметінің қаулысымен Баянауыл ауда­нындағы Ақсан орта мектебіне Дүйсенбай Рахметовтің есімі берілді. Анасы Қапса-қажы Рахимова – ұстаз, тыл еңбеккері, сегіз бала өсіріп, «Күміс алқа» құрмет белгісімен, медальдармен марапатталған.

1966 жылы Баянауыл ауданында­ С.Торайғыров атындағы қазақ орта мек­тебін бітірген Қайролла Дүйсен­байұлы асқақ армандарының жетегінде Алматы мемлекеттік медицина институ­тының емдеу ісі факультетіне оқуға түс­ті. Сту­дент­ кезінен-ақ жақсы оқып, қо­ғамдық жұ­­мыстарға араласты. «Ұстазы жақ­сының ұстанымы жақсы» дегендей оның қабілетін госпитальдік хирургия ка­федрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.Сүлейменов таныды, ғылымға жол көрсетті.

1972 жылы институтты үздік бітірген болашақ ғалым еңбек жолын Алматы қаласындағы орталық қалалық клиникалық ауруханаларда хирург-дәрігер болып бастады. Аз уақытта кәсіби шеберлігін көрсетті, емхана, бөлімшелерде және ауру­ханалардың шұғыл хирургиясында жұмыс істей жүріп, хирург көмекшісінен жеке өзі ота жасайтын хирург деңгейіне көтерілді. 

Хирургиялық тәжірибеде қатерлі ісік­терді емдеуде медицинаның әлсіздігімен бет­пе-бет келген жас хирург онкофармако­логия саласында ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізіп, науқастардың өмірін сақтап қалуды өз алдына мақсат етіп қойды. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қатерлі ісіктердің тәжірибелік химиялық терапия зертханасының аспирантурасында оқып жүргенде фармаколог ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор О.Кабиевтің жетекшілігімен Қайролла Дүйсенбайұлы жануарларға зертханалық ғылыми тәжірибелер жасады. Кезінде қол жеткізген хирургиялық дағдылары жас ғалымға жануарларға ғылыми тәжірибе жасауды тез меңгеруге көмектесті. Ғылыми зерттеулер барысында дәрілік препараттарды, олардың мөлшерін өсіре отырып, химиотерапияның жаңа комбинациясының ұтымды түрінің тиімді кешенін жасады.

Қ.Рахимовтың ғылыми қызметі Қазақ­станда жаңа ғылыми бағыт – инновациялық табиғи заттар химиясы, фито және онко­фар­макологияның қа­лыптасуы, дамуы кезеңімен сәйкес келді. 166 отандық жа­ңа табиғи препаратты және олардың түрлен­дірілген өнімдерін фармакологиялық тұр­ғыдан зерттеді. Клиникаға дейінгі және кли­никалық тәжірибелерден кейін 15 инновациялық отандық бірегей фитопрепарат денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізілді. Оның фармакологиялық, клиникаға дейінгі зерт­теу жұмыстары ісікке қарсы басқа жаңа препараттарға арналған. 

1991-1996 жж. Қ. Рахимов С.Ж. Асфен­дияров атындағы Қазақ мемлекеттік меди­цина университеті фармакология кафе­драсының аға оқытушысынан профессор дәрежесіне дейін жетті. 

Ұйымдастыру жұмыстары мен педагогика саласын қатар алып жүріп, өз білгір­лігі мен қабілеттілігінің және өз ісіне берілгендігінің арқасында ғалым елі­міздің үш бірдей жоғары медициналық уни­верситеттерінің жалпы және кли­никалық фармакология кафедраларын ал­ғаш ұйымдастырып, оның бірінші меңгерушісі болды. Атап айтар болсақ, 2000-2013 жылдар аралығында Қазақ медицина институты (қазіргі Қазақстан-Ресей медициналық университеті) жалпы және клиникалық фармакология, ал 2005 жылы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің клиникалық фар­макология, денсаулық сақтау технология­ларын бағалау және дәлелді медицина кафедраларының негізін қалап, оның ал­ғашқы меңгерушісі болды. 2018 жылдан бастап С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің кли­­никалық фармакология кафедрасының мең­герушісі. 

Осы жылдар ішінде оқу үдерісіне білім берудің жаңа үлгілерін енгізуге және университеттік ғылымды дамытуға назар аударып, жоғары білікті мамандар дайындауға белсенді түрде қатысты. 

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп дана халқы­мыз айтқанындай, Қайролла Дүйсен­байұлының шәкірт тәрбиелеуде де орны ерекше. Шәкірттері еліміздің іргелі және қолданбалы ғылымын дамытуға өз үлестерін қосуда, педагогика, ұйым­дастыру, басшылық қызметтерде жұмыс жасауда. Солардың ішінде шәкірті Тал­ғат Сейітжанұлы Нұр­ғожин – С.Ж.Асфендияров атындағы Қа­зақ Ұлт­тық медицина университетінің рек­то­ры, Қазақстан Республикасы әл-Фа­ра­би атындағы ғылым мен техника сала­сындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор. PhD докторы Ақнұр Аманбекқызы Тұрғұмбаева – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері және «Ең жас өнертапқыш», «Ең жас ғалым» номинацияларының, Мем­лекеттік ғылыми стипендияның жеңім­пазы. Айнұр Маратқызы Жұмақаева қа­­тер­лі ісікке қарсы отандық табиғи ин­новациялық «Арглабин» препаратын генетика тұрғы­сынан зерттеуде және т.б. шә­кірттері бе­делді қызметтерді атқаруда.

1993 жылдан 2003 жылға дейін Қ.Ра­химов Денсаулық сақтау министрлігі Мем­­лекеттік фармакология комитетінің бірінші төрағасы болды. Академик Қ.Рахимовтың жетекшілігімен Денсаулық сақтау министрлігінің Фармакология ко­митеті халықаралық жүйе және Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы та­лаптары бойынша отандық және шетелдік дәрілік заттарды Қазақстанда тіркеу бойынша ТМД-да жетекші сараптау орталықтарының біріне айналды. Қазақстанда алғаш рет Қ.Рахимовтың басшылығымен Мемлекеттік тізілімінің жыл сайынғы мерзімдік басылымын, отандық және шетелдік дәрілік құралдар: клиникаға дейінгі және клиникалық апробация бойынша негізгі материалдар жинағын жарыққа шығару жолға қойылды.

2006 жылы Қ.Рахимов өзі қайта ұйым­­­дастырған Білім және ғылым ми­нис­трлігінің Биологиялық зерттеулер орта­лығы жанын­дағы Биологиялық бақылау, сертификаттау және клиника алдындағы зерттеулер ор­та­лық зертханасының директоры болып та­ғайындалды. 

Қ.Рахимов 2007-2013 жылдар ара­лығында Денсаулық сақтау министрлігінің бас фармакологы ретінде ұйымдастыру жұмыс­тарының көшбасшы екенін тағы да дә­л­ел­деді. 

Қаз КСР Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты комсомол комитетінің хатшысы (1978-1987), Ал­маты облысы жас ғалымдары және ма­­ман-дәрігерлері кеңесі төрағасының орын­басары (1988-1991) болды. Ол 1995 жылдан бастап ҚР Дәрігерлері мен про­визорлары ассоциациясының вице-пре­зиденті, Қазақстан Республикасындағы Фармакологтар және фармацевттер ассо­циациясының президенті.

2001 жылдан бері денсаулық және фармакология саласына қатысты газет-журналдардың, халықаралық редакциялық кеңестің, республикалық ғылыми-техни­калық кеңестің мүшесі, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Бішкек қаласындағы доктор­лық (кандидаттық) диссертация қорғау жө­ніндегі мамандандырылған кеңестің мү­шесі болды. 

Ғалым Фармакология институты мен­ Назарбаев университетінің (Астана қ.)­ ға­лымдарымен бірге жаңа ғылыми-тех­никалық бағдарлама жасауда. 
Қарағанды қаласындағы «Фито­химия» халықаралық ғылыми-өндірістік хол­дин­гінің ғалымдарымен бірге қа­тер­лі ісікке қарсы отандық жаңа таби­ғи препаратты 25 жылдан аса іздес­тіру жүргізілуде және әрі қарай фармако­генетика тұрғысынан ғы­­лыми зерт­теулер жалғастырылуда. Атал­­мыш ме­кеменің фармакология зерт­ханасының бас ғылыми маманы ретінде грант­тық­ жобаларға, бағдарламаларға қа­ты­сады. 2017 жылы Білім және ғы­лым министрлігіне «Жаңа фитопре­параттарды жасау және оларды фарма­кологиялық және клиникалық зерттеу»­ және «Терпеноид мо­лекулаларын фар­макогенетикалық зерт­теу және олардың молекулалық-ге­не­тикалық әрекет ету механизмдері» та­қырыптары бойынша бірлескен гранттық жо­баларға берілген өтінімдері бюджеттік қар­жыландыруға оң шешімін тапты (2018 ж.). 

Эндемикалық өсімдік – тықыр жусаннан бөлінген бір аттас сесквитерпенді гамма-лактоннан алынған қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препараты жасалды. 

Қ.Рахимов ғылымға деген шексіз сүйіс­пеншілігі мен қайраткерлігінің арқасында ғылым жолының кез келген қиындығына төзе білді. Қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препаратын фар­ма­кологиялық және клиникалық тұрғыдан ке­шенді зерттеді, препараттың түрлі жаңа дәрілік үлгілерін клиникалық зерттеу барысында «Арглабин» қатерлі ісіктер мен олардың метастаздарын емдеу кезінде емдік және алдын алу құралы ретінде ұсынылды. Осылайша, жаңа қатерлі ісікке қарсы фитопрепарат Қазақстанда обыр ауруларымен күресуде үлкен жетістік болды.

2007 жылдың 3 желтоқсанында Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың №451 Жарлығымен Қ. Рахимовқа «Қазақстанда табиғи сескви­терпенді лактондар химиясы бойын­ша зерттеулерді дамыту, солардың негізінде жа­ңа дәрілік заттар іздестіру мен жасау, бірегей отандық фитопрепараттар өн­ді­рісін ұйымдастыру» атты ғылыми ең­бегі үшін жоғары марапат – Қазақстан Рес­публикасының ғылым мен техника са­ласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. 

Қ. Рахимовтың жасаған еңбектеріне сай марапаттары да аз емес. «Алтын дәрігер» құрметті атағы, «Денсаулық сақтау ісіне қос­қан үлесі үшін» төсбелгісі, «Ерен ең­бегі үшін» медалі, «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері» атағы, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің тапсырылуы, Баянауыл ауданының құрметті азаматы, Ұлттық ғылым академиясының то­лық мүшесі – академигі болып сайлануы, Павлодар облысының құрметті азаматы атағының берілуі қажырлы еңбегінің лайықты жемістері деп білеміз.

Академик Қ. Рахимов – ғылыммен қа­тар педагогика саласында, яғни, шәкірт тәр­биелеуде де білікті ұстаз. Оның фи­тофар­макологиядан, фармакологиядан және кли­никалық фармакологиядан қазақ тілінде жаз­ған оқулықтары еліміздің медициналық уни­верситеттерінде оқу құралы ретінде оқы­тылуда. 

Қайролла Дүйсенбайұлы Рахимов – ірі­ ғалым, талантты педагог, отандық фито­препараттардың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан фитофармакология саласы бойынша қазақстандық ғылыми мек­тептің негізін қалаушы.

Ол – сирек кездесетін ақыл иесі. Ұйым­­дастырушылық қабілеті зор жан. Ең­бекқор, мақ­сатқа талпынушылықта қа­жырлы күш-жігер таныта білуімен, бел­сенді өмір­лік бағдары бар, сондай-ақ адалдық пен­ жауапкершілікті сезіне білу секілді қа­сиеттерімен ерекшеленеді. Осы кере­мет адами қасиеттер әріптестері мен шә­кірттерінің арасында оған деген зор құрметі мен ілтипатына жол ашты.

Қайролла Дүйсенбайұлы заманауи­ өркениеттің талабына сай қоғамның ден­саулығын арттыру ісінің өзекті мә­селелерін көтере білген әрі оны шешудің оңтайлы жолдарын ғылыми жүйелеген ғалым екен­дігі шынайы ақиқат. Ендеше, Қайролла Дүй­сенбайұлына ұлт мүддесі үшін төгілген маң­дай тердің өтеуін бүгінгі өзі баулып, тәр­биелеген білікті мамандары әрі әулеттен өр­біген ұрпақ­тарының келешек өмірінен көруді жазсын деп тілейміз. Деніне саулық, отбасына ынтымақ, береке берсін!

Серғазы ӘДЕКЕНОВ,
«Фитохимия» халықаралық ғылыми-
өндірістік холдингінің басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор