Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Хат қоржын (14.03.2018)

254 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (14.03.2018)

Жастарды жасампаздыққа бастайды

Өткенде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық жастар акциясы бастау алған болатын. Сол акция аясында Шетпедегі Б.Жұмалиев атындағы орта мектепте «Рухани жаңғыру – жастармен бірге!» атты патриоттық жиын өтті. Жиынның мақсаты – мектеп жастары мен жас мамандарына «Туған жер» және «100 есім» мемлекеттік бағдарламаларын түсіндіру мен жастар саясатын насихаттау болып табылады.

Жиында мектеп басшысы Сейітжан Сафиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының оқушылар тәрбиесіндегі рөлі» Ғ.Жұмашбаева «Оқушылар руханияты басты орында» баяндамаларын ортаға салса, ардагер ұстаз А.Құрмашев: «Біздің басты ұранымыз – рухани жаңғыру. Сондықтан Елбасының дер кезінде жариялаған бағдарламасы мен үшін маңызды болып отыр. Өйткені мен осы рухани жаңғырудың барлық сатысынан өткен адаммын. Елбасының «Туған жер», «Жаныңда жүр жақсы адам», «Рухани қазына» бағытындағы жобалары көңілге қонымды» деді. 

Әлия НҰРБЕРГЕНҚЫЗЫ
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы

Жаңа мазмұнмен жаңғырды

Ғасырға жуық тарихы бар еліміздің бас басылымы «Егеменнің» әр санын асыға күтіп отыратын сан мыңдаған оқырманның бірімін. Жарияланған материалдарды тұшынып оқып қана қоймай, газет тігінділерін жинақтап отыруды да әдетке айналдырғанмын.

Ертеректе зиялы азаматтардың: «Правда» газетін бес жыл оқыған адам бір университет бітіргенмен бірдей» деп айтқандарын талай рет естіген едік. Мұны еске алып отырған себебім, газет қай қоғамда болса да маңызды рөл атқарады. 

 Көзіқарақты оқырмандар аңғарып жүрген де болар, замана талабына сай газеттің форматы да өзгеріп, мазмұны байи түсуде. Түрлі қызықты материалдарды осы басылым бетінен оқитын болдық. Қанша ресми дегенмен де, жаңа басшылық, кіл сайдың тасындай жас журналистер оқырмандар талабын ескеріп, жаңа мазмұн мен формат табуға ұмтылуда. Соның дәлеліндей, газеттің кезекті санын бір демде оқып шығасыз.
Байырғы оқырман ретінде айтарым, ұлт мақтанышына айналған зиялы азаматтардың бізге белгісіз қырлары жайлы жазылған дүниелердің жиі беріліп тұруын қалар едік. Танымдық материалдарды да көптеп оқығымыз келеді.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Оңтүстік Қазақстан облысы

Ауыл сахнасы қайта салынса дейміз

Мен газеттеріңізде өткен жылдың қыркүйегінде жарияланған «Əртістерден қатты қысылдық» атты мақаламда ауылдық клубымыздың қайта салынуын өтініш етіп жазған едім. Осы мақалам арқылы ауылдық округ əкімдігі күрделі жөндеу жасап береміз деді. Бірақ бұл мекемеге күрделі жөндеу жасағанмен жағдайы жақсармайтынын айтып едік, бұған ешкім мойын бұрған жоқ.

Аязды күндерде клуб мекемесіне барып жұмыс жасау мүмкін емес. Біздің мекемеміздің қабырғасы 1980 жылы қаланған. Ғимараттың салқындығынан ауыл əкімі жиналысты мектепке барып өткізіп жүр. Ауылдық клуб болған соң біздің міндетіміз – жастарды өнерлі, тəрбиелі етіп шығару, əнші боламын, биші боламын деген талапты жастарды биікке көтеру, яғни халық шығармашылығын дамыту. Жоғарғы орындардан сұрайтыным – Қарашалаң деген киелі жердің сахнасын қайта салуды қарастырса екен деймін. Жəне қайта салғанша осы сөзімді қайталай беретінімді де айта кетейін. Дамыған заманда арманның орындалатынына сенемін. Осы арман орындалған кезде сүйінші хабарды алдымен сіздермен бөліскім келеді.

Айгүл КҮЗЕНОВА 
Қызылорда облысы,
Арал ауданы

Сөзден ісім мығым болуы тиіс

Әр адамның жүрегінде өз Отаны тұруы тиіс деп ойлаймын. Өйткені Паустовский: «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны сияқты, отансыз да өмір сүре алмайды» деген.

Мен Батыс Қазақстан облысының Хан Ордасы ауылында тұрамын. Хан Жәңгір ашқан мектепте білім аламын. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік жүктейді. Сол мектеп қабырғасында жүріп-ақ, біз өз Отанымызға кішкене болса да өз үлесімізді қосудамыз деп ойлаймын. 

Мен елімнің өркендеуі үшін үш түрлі қағиданы естен шығармасам деймін. Біріншіден, өз Отанымның патриоты болуым керек. Ол үшін өмір сүруге ұмтылуым керек, Ата Заңымызда айтқандай «Мемлекеттің басты құндылығы адам» екенін есте сақтап, өмір сүруге деген құлшынысымды арттырамын. Сондай-ақ өнегелі отбасын құрып, дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелесем екен. Екіншіден, терең білім мен тынымсыз еңбек қажет. Дүниежүзінің алдында қазақ баласын «білімі мен ақылы екі жақтан» алып шығар болса, қандай бақыт? Сөзден ісім мығым болуы үшін еңбектенемін. Үшіншіден, әрине, әлеуметтік сала мен ел экономикасының дамуы үшін еңбек етсем деймін. Мен елімнің болашағы үшін өз үлесімді қосуға дайынмын және мені ел болашағымен байланыстырар осындай асқақ армандарым бар.

Бораш ГҮЛХАН
Батыс Қазақстан облысы

Мамандығының кәсіпқойы болуы керек

Тәрбиеші болу өте жауапты және құрметті іс. Өйткені ол – мейірімді, қамқор, қайырымды, баланы және ата-аналарды тыңдай алатын, өз кеңесін бере алатын, ең бастысы – өз ісінің кәсіпқойы болуы керек. 

Тәрбиешінің міндеті – отбасы ішіндегі қарым-қатынасты нығайту, отбасындағы баланың рөлін анықтау. Осы міндеттерді шешу үшін ол ата-аналардың балабақшамен белсенді ынтымақтастығына шақырады. Бүгінгі тәрбиеші қазіргі заман адамы болуы қажет, оқуға қабілетті, өскелең ұрпақты қазіргі заманға бейімдеп тәрбиелеп, білім беруде жаңа әдістерді қару ретінде қолдана алатын болу керек. 

«Біз бәріміз балалық шақтың ауылынанбыз», бірақ бұл сиқырлы әлемді ұмытып, көбінесе өз балаларымызды да түсіне бермейміз. Ал тәрбиеші болса балалық шақ әлемінде мәңгілік қала береді. 

Павлодар қаласы №35 сәбилер 
бақшасының ересек «Б» тобының ата-аналар комитеті