Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

«Астана» ХҚО мен Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының қоры Келісімге қол қойды

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) мен Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының қоры (бұдан әрі – ДИЭФ) 2018 жылғы 4 шілде күні Астанада өтетін АХҚО-ның халықаралық тұсаукесерінің шеңберінде XIV ДИЭФ-ті өткізу туралы Келісімге қол қойды.

«Астана» ХҚО мен Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының қоры Келісімге қол қойды

Дүниежүзілік Ислам Экономикалық Форумын 2006 жылы Малайзия Үкіметінің қолдауымен ДИЭФ Қоры ұйымдастырған. ДИЭФ ислам және еуропалық мемлекеттердің іскерлік қоғам өкілдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ ислам қаржыландыру құралдарын пайдалана отырып, кәсіпкерлік пен инвестициялық қызметтерге қосымша мүмкіндіктерін беру  мәселелері жөнінде Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің негізгі пікір алмасу алаңы болып табылады.

Исламдық қаржыландырудың әлемдік нарығы 2 трлн-ға жуық АҚШ долларын құрайды. Исламдық қаржы Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялардың әлеуетті көзі және АХҚО қызметінің бес  басымдықтарының бірі болып табылады.

XIV ДИЭФ-тің Астанада өткізілуі АХҚО-ның ТМД, Батыс және Орталық Азия мемлекеттері үшін исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде қалыптасуына көмектеседі, сондай-ақ ИЫҰ елдерінің іскерлік ортасының арасында АХҚО-ның қызметі туралы ақпараттың таралуын қамтамасыз етеді.  

Шараға әлемнің әр түкпірінен мыңнан астам жоғары мәртебелі қонақтар қатысады деп күтілуде.