Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Аягөзде баспанасы қираған 8 отбасыға бірінші кезекте үй беріледі

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Даниал Ахметов кеше Аягөз ауданына арнайы барып, тасқыннан зардап шеккен үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Айдың-күннің аманында баспанасынан айырылу кімге оңай тисін? 

Аягөзде баспанасы қираған 8 отбасыға бірінші кезекте үй беріледі

Бар-жоғы 15 минуттың айналасында екі метрге жуық тасқын судың астында қалып, күл-талқаны шыққан үйлердің тұрғындары әуелде ашуға ерік беріп, тіпті кейбірі көздеріне жас алып, жергілікті әкімдікті сын садағына алғанымен аймақ басшысы мән-жайды түсіндіргеннен кейін барып көңілдері орнына түскендей болды. Облыс әкімімен бірге су алған үйлерді аралағанымызда «За линий» деп аталатын шағын ауданда түйткілді мәселелердің аз емес екенін аңғардық. Тұрғындардың бірі «жергілікті әкімдік қарайласпаған соң көпірді өз күшімізбен салып алдық» десе, енді бірі бұл ықшам ауданда су, жарық мәселесінің шешімін таппай отырғанын алға тартты.  

Д.Ахметов бір айлық жалақысын аударды

Аягөзде әуелде 20, сосын 40, кейін 100 үйді су басқаны туралы хабарланған еді. Бұл дерек күн сайын өзгеріп, 14 наурыздағы мәлімет бойынша 189 үйге су кіргені белгілі болды. Әзірге өзгермегені - мүлде жарамсыз болып қалған 8 үй мен апатты деп танылған 10 үй. Жермен-жексен болған немесе қабырғалары жарылып құлаудың аз-ақ алдында тұрған үйлерді өз көзімен көрген Д.Ахметов апатты деп танылған баспаналар біраз күнде 8 үйдің кебін киюі мүмкін екендігін жасырмады. «Сәл сабыр етіңіздер. Бірде-бір тұрғын назардан тыс қалмайды. Арнайы құрылған комиссия 10 күн ішінде тиісті шешім шығарады. Үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындарға Аягөз қаласында салынып жатқан 60 пәтерлі үйден баспана беріледі. Немесе осы қаладан үй сатып алып беру мәселесін қарастырамыз. Үйлеріне су кірген, бірақ тұруға жарайтын баспана иелеріне де көмек көрсетіледі. Ертең облыстық «Парыз» қорынан Аягөздегі қалыптасқан жағдайды реттеуге 50 миллион теңге қаржы аударамыз», - деген-ді облыс әкімі 13 наурыз күні тұрғындармен кездесуінде. Бүгін өңірдегі тасқын жағдайына орай журналистерге арнайы брифинг өткізген аймақ басшысы аталмыш қаражат сағат 10-ға дейін «Аягөз болашақ» қорына аударылғанын, бұл ақша баспанасыз қалған 8 тұрғынға тез арада үй сатып алып беруге және тасқыннан зардап шеккен отбасылардың қажеттілігіне жұмсалатынын жеткізді. Сонымен қатар табиғаттың тосын мінезінен қиын жағдайды бастан кешіп отырған тұрғындарға көмек ретінде өзінің айлық жалақысын аударғанын да айтты.

Қолымызға тиген соңғы мәліметтерге жүгінсек, дәл қазіргі уақытта Аягөздегі №6 мектеп жанындағы интернатта 73 адам (оның 42-сі бала) уақытша тұрып жатса, 70 адам туыстарын паналауда. 217 тұрғын өз үйлеріне оралыпты.

Даниал Ахметов брифингте 10 наурыздан басталған тасқын кезінде облыс бойынша 229 үй (Аягөз қаласы – 189, Өскемен қаласы - 24, Ұлан ауданы - 5, Глубокое ауданы - 8, Зайсан ауданы - 2, Күршім ауданы – 1), 193 аула мен 110 саяжай нысанын су басқанын, апат кезінде 385 адам қауіпсіз жерге көшірілгенін, қазір барлық елді мекендер судан арылғанын, апаттық құтқару жұмыстарына 1070 адам мен 308 техника тартылғанын тілге тиек етті. «Әрине, мұнымен іс бітті деп арқаны кеңге салуға болмас. Дәл қазіргі уақытта Төтенше жағдай қызметінің мамандары 6 тікұшақпен әуеден бақылау жүргізіп, қауіпті деген жерлерді анықтауда. Аягөз бен Ұлан аудандарының әкімдері төтенше жағдай кезінде ширақтық танытып, тұрғындарға дер кезінде ескертіп, қауіптің алдын алды деуге болады. Өскемендегі жағдайды өздеріңіз де біліп отырсыздар. Үйлерін су алған тұрғындардың наразылығы да орынды. 10-15 адам жіберетін жерге 2 адам жіберілген. Бұдан кейін жағдай ушықпағанда қайтсін? Демек, жағдайды өзіміз де қиындатқанбыз. Тәжірибесіз басшыларға барлығын ескертіп отырмаған менің де кінәм бар шығар», - деді Даниал Ахметов.

7 үй су астында қалып отыр

13 наурызда газетімізде жарық көрген мақалада Шығыс Қазақстанның алты бірдей ауданы (Аягөз, Үржар, Күршім, Ұлан, Глубокое, Зайсан) ауданы мен облыс орталығы - Өскемен қаласының тұрғындары айтып келмейтін апатпен арпалысып жатқанын сөз етіп едік. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі Тарбағатай мен Шемонайха аудандарында да қарғын су жұртты әлекке түсіре бастағанын хабарлады. Тарбағатай ауданында Базар өзені қардың күрт еруінен арнасынан асып, Көктүбек ауылындағы 4 аула мен шаруашылық ғимараттарына су жайылыпты. Қазіргі уақытта аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен суды тұрғын үйлерден аластату шаралары қолға алынып, қауіпті аумаққа инертті заттармен толтырылған қаптар төселіп жатқан көрінеді. Оқиға орнында 35 адам мен 5 техника жұмыс істеуде. Ал Шемонайха ауданының Верх-Уба ауылында күннің жылынуынан 4 ауланы су басып кетіпті. Қазір арықтардан суды ағызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің соңғы берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта облыста 7 үй су астында қалып отыр. Оның бесеуі - Өскеменде, екеуі – Күршімде. Аталған аумақтарда суды сору жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығындағы үйлерінен уақытша көшірілген 22 адамның 15-і қазір туыстарын паналап жатса, жетеуі «Үлбі» әлеуметтік қызмет орталығын мекен етуде.

Бүгін үйлері тасқыннан зардап шеккен адамдардың бір тобы уақытша орналастырылған Аягөздегі №6 мектеп жанындағы интернаттың директоры Ләззат Молдашеваға телефон шалып, жағдайды білдік. «Интернатқа әуелгі күні 37, екінші күні 50 адам әкелінді, қазіргі уақытта 91 (оның 52-і бала) кісі тұрып жатыр. «Мұндағы тұрғындарға таңертеңгі тамақты өзіміз, түскі және кешкі тамақты ауданның кәсіпкерлері беріп жатыр. Ауданның тұрғындары қолдан келген көмектерін аяп жатқан жоқ. Алыста жүрген жерлестеріміз де көмек қолын созып жатыр. Мәселен, белгілі әнші Тоқтар Серіков 100 мың теңгеге азық-түлік өнімдерін беріп жіберіпті. Аудандық білім бөлімі тасқын кезінде оқулықтары мен киім-кешектері су астында қалған оқушыларды мектеп формасымен және оқулықтармен қамтамасыз етті», - деді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ