Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Астанада жатақхана құрылысын салудың бағдарламасы әзірленеді

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін қалалық әкімдікте астана активінің отырысында Президенттің бес әлеуметтік бастамасын талқылады. Оның үшінші бастамасында студент жастар үшін сапалы білім алу мен тұратын жерлерін жақсартуға бағытталған.

Астанада жатақхана құрылысын салудың бағдарламасы әзірленеді

Астана әкімі Әсет Исекешев аталған бағытта жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 

«Бүгін жұмыс тобы құрылып, үш ірі ЖОО-мен жұмысты бастап кеттік, жер учаскесін де анықтап қойдық. Бастысы, олар оқу ғимаратынан алыс емес болуы керек. Қазір барлық колледждің басшыларының ұсыныстары тыңдалып, олардың жатақхана құрылысын салуда қандай талаптары барын тыңдаймыз. Таяу арада біз Астанадағы ЖОО мен колледждер үшін жатақхана құрылысын салудың нақты бағдарламасын әзірлеуіміз қажет», – деді әкім.

Сонымен қатар еңбек нарығын есепке ала отырып, ұзақ мерзімді перспективалы бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үшін жұмыспен қамтудың саясаты қарастырылып жатыр.

«Төртінші революциялық өнеркәсіп шарты бойынша басымдық техникалық мамандықтарға беріледі. Жаңа әлеуметтік саясатта инновацияны дамыту саласына көптеп грант бөлуді қарастырып отыр. Онда ақпараттық технология, робототехника, нанотехнология саласында кадр дайындауға көп ден қойылады. Адам капиталына құйылған осы стратегиялық тапсырма, заманауи әлемде бәсекеге қабілетті, жаңа қазақстандық экономиканы жасайтын қуатты ресурс болмақ», – деді Әсет Исекешев.

Бүгінде астанада инновациялық экожүйе де қарқынды дамып келеді. Осыған орай, технологиялық кәсіпкерлікке дем беру үшін, ірі ғылыми және білім беру орталықтары құрылуда.

«Назарбаев университетінің базасында ғылыми-зерттеу жобалары мен инновациялық шешімдерді дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Өткен жылдан бастап астананың барлық мектептерінде робототехника пәні енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында тегін кәсіптік-техникалық білім енгізу, колледждерде 4 мыңнан астам студент оқуда, бұл жұмысшы мамандықтың 40 % құрайды», – деді Әсет Исекешев.

«Шар құрылыс» ЖШС бас директоры Жанна Бектемірова баяндамасында Мемлекет басшысының студенттерге арналған жатақхана құрылысы туралы бастамасын қолдауға дайын екендігін білдірді.

«Бүгінге дейін біздің компания ең озық мүмкіндіктерді пайдалана отырып неше түрлі сәулеттік үлгімен студенттер қалашығын жобалау мен құрылысын жасап келеді. Мұның бәрі де жаңартылған құрылыс технологиясынсыз, заманауи құрал-жабдықтармен мен ғимаратты жобалауда алдыңғы қатардағы әдістерді пайдаланбай мүмкін емес», – деді Жанна Бектемірова.