15 Наурыз, 2018

Сабырлы жетер мұратқа...

789 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ спорт тарихында аты ал­тын әріппен жазылуы тиіс тұлға­лар­дың бірі – Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров. Бірақ… бірақ демекші осы жеңіс Жақаңа оңай­лықпен келген жоқ. Үлкен мақсат­қа жету үшін – төгілген тер, атқарылған еңбек, жеңіс үшін боз кілем үстінде жан беріп, жан алысқан тайта­ластар…

Сабырлы жетер мұратқа...

Біз сөзбен айтқанда, үлкен спортта өлермендік болмаса ешқа­шан жеңіске жете алмайсың. Оның бер жағында КСРО кезінде ұсақ ұлт­тың ұлдарын шетқақпайлау әдет­тегі жағдайдың бірі болатын. Мұнд­ай құқай Жақсылық ағамызды да айналып өтпепті. Айталық, 1973 жылы Одақ біріншілігінде жүлдегер атанып, 1975 жылы Бүкілхалықтық спар­такиада чемпионы болған сәттен бастап, 1980 жылға дейін Жақсы­лық балуанды кеңестік бапкерлер әлемдік һәм құрлықтық деңгей­дегі ешқандай жарысқа қатыс­тыр­мады. Қарсыластарынан күші басып, айласы асып тұрса да, жолы болмады.

Осы бір сүреңсіз күндердің, көңілсіз сәттері жайлы Жақсылық Үшкемпіров өзінің кезекті бір сұхбатында: «Олим­пиада, Әлем чемпионатына бару үшін қанша жыл толассыз тер төктім. КСРО-ны ұтып тұрсам да маған Олимпиада, әлем кілемінде күресу бақыты бұйырмады. Талай әділетсіздікке кез келдім, бәріне төздім, сабыр сақтадым, үміт үзбедім. Артынан қандай атақ-даңққа кенелдім, оның бәрі пешенеме жазылған тағдыр екен. «Шыдамды Жак» («Терпеливый Жак») деген лақап ат маған тегін таңылған жоқ. Үлкен жарыстың алдында «осы жолы сөзсіз баратын шығармын» деп, үміттеніп жүрем. Дәл жарыс алдында бапкерлер: «Бұл жолы Аникин немесе Шумаков, я, Бозин барады, келесі жол сенікі. Бапкерлер солай деп шешті», дейді. Мен болсам: «Ә, бапкерлер солай шешсе, жарайды. Мен келесі жолы-ақ барайын» дей салам. Сыр білдірмеймін, қарсы дау айтпаймын. Бірақ түптің түбінде осы сабырым текке кетпейтініне сендім. Бапкерлер мені Әлем, Еуропа чемпио­натынан қасақана қақты да отырды. Мысалы, 1978-1980 жылдары жалғыз рет ұпай санымен ұтылыппын. 1978 жылы КСРО чемпионатында бәрін жеңіп, финалда Аникинді менсінбей күресемін деп жеңісті қолдан беріп қойдым. 1979 жылғы КСРО чемпионатында финалға шыққан А.Шумаков екеумізді күрестірмеді. Менің көзімді бақырайтып қойып жеңісті А.Шумаковқа беріп жіберді. Сонда да мыңқ етпедім. Бірақ Шумаковтың дәті шыдамады. Олимпиадаға азғана күн қалғанда, бас бапкер Сапунов бастаған жаттықтырушылардың алдында барып: «Олимпиадаға мен қатыса алмаймын. Жақсылық бәрімізден күшті. Оны өздеріңіз де білесіздер. Оған сенуге болады» деп, бас тартты. Осылай Олимпиадаға қатысатын болдым…».

Жоғарыдағы естеліктен қандай ой түйеміз. Егерде шыдамсыздық танытып немесе болып жатқан әділетсіздікке төзбей Жақсылық спортты тастап кеткенде не болар еді. Көзге көрініп, көңілге сезіліп тұрған шындық: Жақаңның басына бақ боп байланған бүгінгі атақ-абыройдың бірі де болмас еді.

Жоғарыдағыдай қазақты шетқақ­пай­лайтын келеңсіз дүние басқа бауырларымызды да айналып өтпеген. Мысалы, 1986-1987 жылдары КСРО чемпионы атанып, КСРО кубогын жеңіп алған велошабандоз Марат Сатыбалдиевті 1988 жылы өткен Сеул Олимпиадасына апармады. Қолдан келер қайран жоқ Марат сабыр сақтады. Ақы­рын күтті. Нәтижесінде, келесі 1989 жылы әлем біріншілігін бағындырған тұң­ғыш қазақ ретінде тарихта аты қалды.

Атам қазақта: «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген аталы сөз бар. Қазіргі біздің спорт­шы­ларға осы Жақсылық пен Мараттың сабыры мен төзімі жетіспейді. Сондай-ақ тұла бойларында ұлы мақсат, ірі арман жолындағы өлермендік жоқ. Құранның «Әл-имран» сүресі, 146-аятында: «Алла сабырлыларды жақсы көреді» дейтін ашық дұға болса, «Нахл» сүресінің 96-аятында да «Сабыр еткендерге істе­ген істерінен де артық сый беремін» деген Алланың уәдесі айтылады.

Демек, үлкен спортта, қарапайым өмір­де күнделікті кездесіп жататын әді­летсіздікті кезекті бір сынақ деп түсініп, оған сабырлылық таныта білген, онымен қатар алдағы табысты күндерден үміт үзбей, адал терін төккен жанның ақысы ешқашан текке кетпейді. Бұған жоғарыдағы Жақсылық Үшкемпіровтің әрекеті мен тағдыры дәлел.

Жақсылық ағамыздың спорттағы жеткен жетістігі оның сабыры мен төзіміне берген тағдырдың сыйы. Жақаң 1980 жылы 29 жасында Олимпиада биі­гін бағындырса, отыз жасында Әлем чем­пионы атанды. Келесі, яғни 1982 жылы Әлем кубогының иегері атанды. Нет­кен қажыр, неткен сабыр, неткен қайсарлық!

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше