Қазақстан • 15 Наурыз, 2018

ТМД мемлекеттерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобалары мақұлданды

161 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төра­ға­лығымен өткен жалпы отырыста Палата ішкі істер ор­гандарының қызметін жетілдіруге, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі келісімге және архив ісіне қатысты заң жобаларын талқылап, оларды мақұлдады.

 

ТМД мемлекеттерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобалары мақұлданды

Ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәсе­ле­леріне қатысты заң жоба­сы бойынша Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары Ерлан Тұр­ғымбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, құжат ая­сында аумақтық ішкі істер департаменттері мен жер­гілікті полиция қызметін бі­ріктіріп, оларды Ішкі істер министрлігіне бағындырып, полиция жүйесін жаңғырту көзделіп отыр.

«Жергілікті полиция жә­не ішкі істер органдары бас­қармаларының арасында қайшылық фактілері тіркелді. Полиция бөлімдері өзара жасырын қақтығыстарға жол берген. Тіпті, аудандағы бас­шы­лар­дың облыстық жергі­лікті полиция басшыларына бағын­бау фактілері анықталған. Осын­­дай жағдай тексеру бары­сында расталды. Әсіресе мұндай жайттар Оңтүс­тік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола облыстарында тіркелді. Әлемдік тә­жі­рибе көр­сет­кендей, құқықтық тәр­тіп­тің негізі – ол қатаң бағы­ну», деді Е.Тұрғымбаев.

Жаңа заң жобасы осындай мәселелерді ескере отырып әзірленген. Осыған сәйкес, іш­кі істер департаменттері негі­зінде полиция департа­менттері құрылмақ. Вице-ми­нистрдің айтуынша, полиция департаменттері мен жер­гілікті полиция қызметін қосу – туындаған мәселелерді жойып, тікелей бағыну ұстанымын сақтауды қамтамасыз етпек.

Сонымен бірге әкімдерге полиция департаменттеріне қатысты бірқатар құзыреттер берілу қарастырылып отыр. Е.Тұрғымбаевтың сөзі­не қа­рағанда, мұндай қа­дам әкім­дерге құқықбұзу­шы­лық­тың алдын алуда олардың рөлі мен жауапкершілігін күшейтуге жағдай жасайды.

«Әкімдерге полиция ор­ган­дарына құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін қою, Ішкі істер министрінің ұсынысы бойынша полиция департаменті басшыларын тағайындау және босату құ­қығы беріледі. Осыған сәйкес, департамент басшы­сы жылына бір рет әкім мен ха­лық­тың алдында есеп береді», деді Е.Тұрғымбаев.

Сонымен қатар сот­тал­ған­­дарға қатысты бірқатар өз­герістер енгізілмек. Мәселен шартты түрде мерзімінен бұ­рын босатылғандарға алко­гольді сусын ішуге тыйым са­лынады.

«Мас күйінде жасала­тын және рецидивтік құқық­бұ­зушылықтардың қосымша әдістері мен формалары орнатылады. Атап айтқанда, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға алкогольдік ішімдік ішуге толық тыйым салынады», деді Е.Тұрғымбаев.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, бұрын сотталған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу үш жылдан бастап, соттылығы жойы­латын мерзімге дейін ұзар­тылады. Бұдан бөлек әкім­шілік ұстау мерзімін 3-тен 24 са­ғатқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Олар­дың құқықтары мен мін­дет­тері, ұстау шарты бе­кітіледі.

Баяндамадан кейін Мәжі­ліс депутаттары заң жо­басына қатысты өз сұрақтарын қойды. Халық қалаулылары қызметтік бас­пананы жекешелендіру жөнінде сауал қойған болатын. Е.Тұрғымбаев оған жан-жақты жауап берді.

«Қазіргі таңда полиция қыз­меткерлері жасарып ке­леді. Бұрын ішкі істер орган­дарына 30 жасында келіп, 20 жыл қызмет істейтін. Со­дан кейін зейнетке шығып, қыз­меттік баспананы жекеше­лендіруге құқылы болды. Бү­гінде орта есеппен 22 жаста қызметке келеді. Яғни 20 жылдан кейін, 42 жасында пә­терді жекешелендіру үшін зейнетке шығуға мәжбүр. Ал 42 жастағы қызметкер бірнеше жыл жұмыс істей алады. Ондай мамандар ішкі істер органдарына қажет еке­ні анық», деп түсіндірді Е.Тұр­ғымбаев.

Министрдің орын­ба­са­рының айтуынша, жаңа заң жобасы бойынша 20 жыл ең­бек өтілі­нен кейін полиция қыз­метінде қала отырып, бас­панасын жекешелендіреді. Қыз­меткер қаза тапқан жағ­дайда, оның от­ба­сы аталған пәтерді өз мүл­кі ре­тінде тір­кеуіне мүмкін­дік туады.

Сондай-ақ Палата ТМД мемлекеттерінің ақпа­раттық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету жөніндегі келі­сім­ге байланысты ратифи­ка­­ци­я­лық заң жобасын мақұлдады.

Бұл заң жобасы жөнінде Қорғаныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бейбіт Атам­құлов баяндама жасап, мә­селенің мән-жайын түсін­дірді. Жоғарыда аталған келісім ақпаратты транс­шекаралық беруді ұйымдас­тыру, әлеуетті және нақты қауіп-қатерлерден ақпарат­тық жүйелер мен ресурстар­ды қорғау технологиясын жетіл­діруге мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ ақпаратты қорғау құ­ралдарын сертификат­тау­дың және сертификаттау нә­тижелерін өзара танудың ке­лісілген тәртібін белгілеу бағытындағы ынтымақтас­тықты арттыру көзделіп отыр.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар интернет кеңістігіндегі қауіп­сіздік мәселелері туралы сауал жолдады. Бұл сұраққа Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожин жауап берді. Оның айтуынша, ақпа­рат­тық лаңкестік актілері, теріс бағытқа насихаттайтын ақ­параттар, қасақана іс-қимыл­дар туындаған жағдайда Қа­зақстан заңнамасына сәй­кес, ондай интернет ресурс­тарға шектеу қойылады.

«Интернет кеңістігінде жаппай ықпал ету жасалып жат­са, тиісті аймақтарда ға­лам­­тор желісі бұғатталуы мүм­кін. Алайда мұндай жағдай аса қа­жетті жағдайларда ғана жү­зеге асады», деді Д.Ерғо­жин.

Ал мемлекеттік органдарға қатысты ақпараттық шабуылдар жасалса, онда тех­ни­калық мүмкіндіктерге сүйе­ніп, IP-адресті бұғаттау немесе басқа да тиісті шаралар қа­растырылады.

Халық қалаулылары жал­пы отырыста архив ісі жө­ніндегі түзетулерді талқы­лады. Бұл құжат туралы Әлеу­­меттік-мәдени даму коми­тетінің мүшесі Кеңес Абса­­тиров баяндама жасады. Де­пут­аттар талқылаудан кейін, осы заң жобасына да қолдау білдірді.

Бұл күні Мәжіліс Қазақ­стан мен АҚШ мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты, сонымен бірге, Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның біздің елдегі Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Сондай-ақ «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі ара­сындағы Қорғас өзенінде «Шү­кірбұлақ (Алмалы)» бірлес­кен сел ұстайтын бөгет салу­дағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасының жұ­мысын бастады. Осы заң жобасы жөнінде баяндама оқы­ған Экология мәселелері және табиғат пайдалану ко­ми­теті­нің төрағасы Глеб Щегель­ский жобаға екі мемлекет тең­дей етіп қаржы бөлетінін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Мәжіліс де­пу­таттары 2009 жылғы 17 қа­рашадағы Ресеймен «Бай­қоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ға­рыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұ­мысқа қабылдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»