Қазақстан • 15 Наурыз, 2018

Елімізде «Жаңғыру жолы» атты жастардың ерікті қозғалысы құрылды

1287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының конференциясы өтті. Іс-шараға Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің  төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Мәжіліс депутаттары, республикалық жастар бірлестігі мен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары қатысты. 

Елімізде «Жаңғыру жолы» атты жастардың ерікті қозғалысы құрылды

Конференциядағы алғысөзінде Г.Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі «Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын» деген Елбасы сөзін мысалға келтіре отырып, қазақстандықтардың ауқымды әлеуметтік жаңғыруға қадам басқанын атап өтті.

«Осынау өзекті Президенттік бастамалар ұлттың бақуаттылығының негізі болып табылатын әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталып отыр. Жоба ең алдымен жастарға арналуының өзі кездейсоқтық емес. Өйткені жастар келешекте елдің дамуының нақты қадамдарын анықтайды. Сондықтан «Жаңғыру жолы» қозғалысының құрылуы Қазақстанның жастарды қолдауының көрінісі. Қозғалыстың негізгі міндеті белсенді жастардың басын біріктіре отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы тапсырмаларды іске асыруға үлес қосуы тиіс», деді Мемлекеттік хатшы.

– «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының құрылған күні Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінің символикалық мәні зор. Жастармен бірігіп жұмыс істеуге Қазақстан халқы Ассамблеясы баса мән беріп келеді. Жастар қозғалысының мұндай форматы қоғамдық сананы жаңғырту міндетін іске асырудың дәлме-дәл бейнесі. Жаңғыру жолы – жастар жолы, – деген  Л.Прокопенко қозғалыстың негізгі мақсаттары мен міндеттері жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Өз сөзінде ол, Мемлекет басшысының батыл қадамы жастардың дамуы үшін әлеуметтік, экономикалық лифт болып отырғанын атап өтті. Ассамблеяның жастар қозғалысы осындай бастамаларға қолдау көрсетуде сенімді әріптес болмақ.

Қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Нұрлан Ермекбаев жастардың өзекті мәселелеріне тоқталып өтіп, оның ішінде жастарға үнемі өздерінің қабілеттерін дамытып, жаңа білім көздерін меңгеруге, сондай-ақ  өзін-өзі жетілдіруге кеңес берді. 

«Тек жан-жақты дамыған, білімді, еркін ойлай алатын жастардың арқасында ғана біздің еліміз дамудың даңғыл жолына шығады. Сондықтан қазіргі заманауи үрдістерді ескере отырып, жастар үнемі жаңа білім көздерін іздестіруге, өзін-өзі тәрбиелеуге және қабілеттерін дамытуға, уақытқа байланысты жылдам өзгеретін әлемде жаңа байланыстарды орнатуға ұмтылулары тиіс» - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.

Министрдің айтуынша, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жастардың үлкен өмірге қанат қағуына сенімді негіз бола алады. Жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы барлық қызметкерлерге, тіпті жалақысы төмен болса да, өз баспаналарын алуға мүмкіндік береді. Қосымша 20 мың грант бөлу және 75 мың орынға арналған студенттік жатақханалар салу ауылдар мен шағын қалалардағы жастардың Қазақстанның жетекші білім беру орталықтарында оқуға түсу қолжетімділігін жеңілдетеді, сондай-ақ университеттер мен колледждердің студенттері үшін тұрғын үй мәселесін шешеді.

Жиын барысында көпшіліктің қолдауымен қозғалыс төрағасы болып сайланған ҚХА мүшесі Максим Споткайға  ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко Ассамблеяның туын табыстады.

«Қазіргі таңда елімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру процестері жүріп жатыр. Осыған байланысты саяси, экономикалық, қоғамдық күштердің барлығын Мемлекет басшысы идеясының төңірегіне топтастыру қажет. Сондықтан, біз Астана, Алматы мен Қазақстанның барлық өңірлеріндегі этномәдени бірлестіктердің жастары ҚХА-ның жастарға қатысты барлық қоғамдық ұйымдарының бірігуімен «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысын құру туралы туралы шешімге келдік. Ерікті қозғалысқа Қазақстанның кез келген азаматы мүше болып, қатыса алады», – дейді аталған қозғалыстың төрағасы Максим Споткай. Жиын соңында «Жаңғыру жолы» қозғалысының 2018-2020 жылдарға арналған стратегиясы бекітіліп, іс-шаралар жоспары келісілді. 

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше