15 Наурыз, 2018

Көкпектіде көпірлер мен су арналары тазартылып жатыр

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстандағы тасқын қаупі бар аудандардың бірі - Көкпекті ауданы. Аудандық Ішкі саясат бөлімі мамандары өңірде тасқынның алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Көкпектіде көпірлер мен су арналары тазартылып жатыр

1 наурыздан бастап барлық ауылдық округтерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылса, су арналарын, көпірлерді тазалау, бөгеттерді нығайту және өзен арналарын тазарту бойынша жұмыстарды жүргізуге қосымша техника тарту үшін ауыл шаруашылық құрылымдары, кәсіпорындар және ұйымдарымен 178 келісімшарт жасалыпты. Жалпы аудан бойынша тасқын суды бөгетсіз өткізу үшін 26 көпір, 518 су өткізгіш құбыр қар мен мұздан тазартылып жатқан көрінеді.

«Ауданға 10 мың дана қап пен 10 тонна дизель отыны сатып алынды. Самар, Көкпекті, Құлынжон, Тассай ауылдық округтары аумағында инертті материал алатын карьердің орындары белгіленген. Көкпекті ауылында ДЭУ-29 жол ұйымының аумағында 600 тонна инертті материал, Самар ауылында ДСУ-14 жол ұйымының аумағында 300 тонна инертті материал дайындалды. «Шығыс Қазақстан облысы авиация бөлімшесі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнымен және жару жұмыстарымен айналысатын «Востоквзрывпром» ЖШС-мен, сонымен қатар, аудандағы жол ұйымдарымен 48 техникаға келісім шарт жасалынды. Барлық селолық округтерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде», - дейді аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Бек Нұғыбаев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы