15 Наурыз, 2018

Оралдық жас ғалымдар Түркістан университетінде болды

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласының жоғары оқу орындарында оқып жүрген жас тарихшы ғалымдар Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Өзбекәлі Жәнібеков оқулары-2018» атты ІХ республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, арнайы сертификатқа ие болды.

Оралдық жас ғалымдар Түркістан университетінде болды

- Өзбекәлі Жәнібеков оқуларына менің шәкірттерім осымен екінші мәрте қатысып отыр. Былтыр біздің университеттің екі студенті Түркістанға барған еді. Биыл бес студент сапар шегіп, үшеуі баяндама жасады, - дейді Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Дәметкен Сүлейменова.

1991 жылы ашылған Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде әлемнің 32 елінен келген жастар білім алады. Қазіргі таңда университетте 10 мыңға жуық студент қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде оқып жүр екен. Мұндай үлкен ортамен жақын араласып, білім бәйгесіне бірге түсу оралдық студенттер үшін өте маңызды болмақ.

Бір қызығы, жас ғалымдар жол ақысын өздері көтерген. Ал Түркістандағы қонақ үй, тамақтану, т.б. шығынды конференцияны ұйымдастырушылар өз мойнына алыпты. «Түркістандықтар бізді ілтипатпен қарсы алды. Тарихы мол қаланы аралап, Отырар қаласының орнын, Арыстанбаб пен Әзіреті сұлтан кесенелерін зиярат етіп, тарихи танымымызды кеңітіп қайттық» дейді оралдық шәкірттер.

Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің академигі, тарих ғылымдарының докторы Тұрсұн Хазретәлі жүргізген конференцияда негізінен Өзбекәлі Жәнібековтің өмірбаяны, қызметі туралы баяндамалар оқылған. Ал Оралдан барған жас ғалымдар негізінен Алаш тақырыбына, Түркістан мен Батыс Қазақстан өңірінің байланысына тоқталыпты. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті тарих мамандығының 2 курс студенті Перизат Бөлтекова «Бекет атаның өмірбаяны мен сопылық қызметі» атты баяндама жасаса, 3 курс студенті Бақытгүл Диярова «Орал қазақтарының съезінде қарастырылған мемлекеттік мәселелер», 4 курс студенттері Жанар Бахитжанова - «Алаш қайраткері Беркінғали Атшыбаев», Бекзат Алмағалиев - «Алаш қайраткері Қалдыбай Асанов» тақырыбындағы зерттеулерін ортаға салған. Жас ғалымдардың тырнақалды еңбектері бағаланып, бәріне де арнайы сертификат табыс етілді.

- Шәкірттерімді студент кезінен ғылымға баулып, ізденістерін үнемі ұштап жүремін. Келешекте өзге де оқу орындарымен ғылыми-тәжірибелік байланысты жалғастырамыз деген үміттеміз. Мұндай сапарлар жас ғалымдардың санасында мәңгі қалады, ғылымға қызығушылығы оянады. Бұл бастаманы қолдаған оқу орны басшыларына, жол қаражатын көтерген ата-аналарға алғыс айтамын дейді алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы