Президент • 16 Наурыз, 2018

«Астана Операда» Өзбекстанның Қазақстандағы жылы ашылды

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ пен өзбек – түптамырын түркіден тарататын енші бөліспеген егіз ел. Ежелден келе жатқан ежеттес достық бүгінгі таңда тіпті жаңа кезеңге көтерілген. Байтағы іргелес, байрағы тұғырлас, Мемлекет басшылары етене бауыр екі ұлыстың ол ынтымағы кеше Алаш төріндегі «Астана Опера» театрында өткен Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ресми түрде ашылу салтанатында тағы бір мәрте тамаша көрініс тапты. 

«Астана Операда» Өзбекстанның Қазақстандағы жылы ашылды

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Орталық Азиядай алып ырдуанның екі тәртесі – Қа­зақ­стан мен Өзбекстанның бұл бауырластығы қос мем­лекеттің тарихи жадысын қайта бір жаңғыртып, бола­шаққа байыпты бағыт алған­дығын білдірді. Екі елге ортақ мереке, ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы салтанат­ты шараға Қазақстан, Өзбек­стан, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының басшылары қатысты. 

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев екі ел­­дің арасындағы бауыр­­ластық әрі достық қарым-қа­тынастарды ерек­ше атап өтті. «Қазақстандағы Өзбек­­стан жылы екі xалық­тың арасындағы бауыр­лас­тықтың айқын көрінісі болса керек. Бізде ортақ дүние­таным, ортақ көзқарас, ортақ мәдениет, ортақ дін мен ортақ салт-дәстүр бар. Ал тіл мен дәстүр қашан­да xалықтардың өзара жақын­д­асуына негіз болған. Бүгін бауырлас елдің үздік өнер ұжым­дары Астанаға өзбек мә­дениетінің нағыз жауһар­ларын көрсетеді», деді Н.Назарбаев. Президент екі елдің арасындағы сауда-саттық пен экономикалық байланыстардың сәтті дамып жатқанын жеткізді. Өз сөзінде Елбасы өткен жылдың бірқатар маңызды мәселелері мен келелі келісімдері жайына да тоқталды. Соның бірі, өзіміз кеше куә болғандай, ағымдағы жылдың Қазақ­стан­дағы Өзбекстан жылы деп жарияланғандығы болды. Сәй­кесінше, келесі жылы Өзбек­станда Қазақстан жылы өтетін болады. Оны Мем­лекет басшысы Н.Назар­баев «Аталған екі үлкен баста­маның арқасында елдер ара­сындағы байланыстар руxани жағынан байып, күшейе тү­седі. Мәдениет, білім мен ғылым саласындағы ынты­мақтастық нығаяды деп се­не­міз», деп атап өтті. Осы­дан кейін Мемлекет басшысы Өзбекстан Пре­зиденті Шавкат Мир­зиёев­ті I дәрежелі «Достық» ор­денімен марапаттады. Өз кезегінде көрші елдің басшысы риза­шы­лығын білдірді. «Бүгін мен ең бақытты адаммын. Себебі осындай үлкен марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен абырой әрі шексіз бақыт. Бұл орден – екі елдің ордені, бұл орден – үлкен достықтың көрінісі. Марапат жасап отырғаныңызға шексіз алғы­­сымды айтамын», деді Ш.Мир­­зиёев. Көрші елдің Пре­­зиденті өз сөзінде бір ата­ның баласындай болып отыр­ған екі елдің берік бауыр­ластығын тағы бір еске салды. «Бізді бұрынғыдан да бетер жақындастыра түскен қазақ халқының ғасырлардан ғасыр­ларға жалғасып келе жат­қан меймандос, қонақжай көңілінің арқасы. Соның нәти­жесінде бүгін біз Аста­наны өз үйіміздей сезініп тұр­мыз. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа риза­шылық білдіреміз. Қазақстан Президентінің былтыр көтер­ген берекелі бастамасына бүкіл өзбек халқы дән риза. Бізді шекаралық жақын­дықтан бөлек рухани ортақ тұлғалар, атап айтқанда, Әбу Райхан әл Бируни, Әбу На­сыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Бахороддин На­қышбан, Әлішер Науаи мен Абай Құнанбайұлы, Айбек пен Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалар біріктіреді. Біз міндетті түрде бұл рухани байлықтарымызды сақ­тауымыз және көптеп насихаттауымыз қажет», деді ол. 

Соңғы уақыттағы қос мем­ле­кеттің саяси еркіндігі мен екі­жақты нық қадамы берік дос­тық­тың мызғымас мұнарасын­дай болып қаланып келе жат­қаны айқын. Бұл бауырластық басқа жұртқа үрей демейік, үлгі екені анық. Оны Елбасы­мыз­дың «Орталық Азия елдері басшы­ларының байланысы жандана түсті. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Наурыз мерекесіне орай бірлес­кен мәлімдеме жасады. Кеңестің келесі кездесуі Ташкентте өте­ді», деген сөздерінен де анық аңға­руға болады.

Біз бұған дейін де өзбек хал­қының Президенті Шавкат Мир­зиёев мырзаның ұлы ақы­нымыз Абай мұрасын насихат­тау бо­йынша арнайы қаулы қабыл­дағанын жазған болатынбыз. Онымен қоса өз сөзінде Ш.Мир­зиёев екі елдің татулығын тілге тиек етіп, Таш­кент қала­сындағы Төле бидің кесенесін де еске алды. «Біз Төле би кесе­не­сінің Ташкент қаласында тұрғы­зыл­ғанын мақ­тан тұтамыз. Ол жер­ге өзбектер де, бауырлас қазақ­тар да барып, тәу етеді. Әлі есімде, Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Өзбекстанға мемлекеттік сапар­мен келгенде біз бірге сол қа­сиетті жерге барып, екі елдің xалқын татулық мен бейбітшілікте өмір сүруге үнде­ген ұлы тұлғаны еске алдық. Ата-бабаларымыз біздің қазір­гі достығымызды, шынайы әрі ашық байланыстарымыз­ды көргенде қуанатын еді. Бәрімізге – қазақтарға, қырғыздарға, түрікмендерге, тәжіктер мен өзбектерге, жалпы, Орталық Азияда тұратын ұлт пен ұлыстарға татулықта өмір сүруді жазған екен. Бұл – тағ­дыр­дың жа­зуы. Соған бар күш-жіге­рі­міз­ді салып, ортақ үйімізді қор­ғауы­­мыз қажет», деді Ш.Мир­зиёев.

Тарихи рәсім тамашасынан кейін салтанатты кеш мерекелік концертке ұласты. Онда Өзбек­стан мен Қазақстанның халық әртістері Фаррух Закиров және Өз­бекстанның еңбек сіңірген ансам­блі «Ялла» бастаған халық әртістері Нормумин Сул­­то­нов, Самандар Алимов, Сева­­ра Назорхон сынды сахна саңлақ­тары өнер көрсетті. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»