Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Ұлттық ұлан кинологтары озық тәжірибеден өтті

520 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық Ұлан қызметінде есірткі іздеу жұмысына иісшіл иттерді пайдалану өз тиімділігін көрсетіп келеді. Өткен жылы қызмет барысында есірткі табудың 56 оқиғасы тіркеліп, 103 келі түрлі есірткі заттары тәркіленген. Бұл нәтижелер кинолог мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты.

Ұлттық ұлан кинологтары озық тәжірибеден өтті

Осы ретте, Алматы маңында орналасқан Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінде өткен кинологтардың біліктілігін арттыруға арналған 4 апталық халықаралық семинар-тренинг шеберлік шыңдаудың озық алаңына айналды десек болады.

Қауіпсіздік мақсатындағы сан түрлі шарада қызметкерлерге қолғабыс болатын қырағы иттерді баулуда Американдықтардың алдына түсіп көрген ел жоқ. Тәжірибе тұрғысынан да өзгелерден дараланатын осы елдің кинологтары. Елімізге дәл осы АҚШ-тан  арнайы келген озық мамандар, Есірткіге қарсы күрес бағдарламасының менеджері Кристофер Кент және кинолог-нұсқаушы Брюс Гудлэй мен Скотт Зайтнер төрт апта бойы Ұлан сарбаздарын бұл істің қыр-сырына қанықтырып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Оқу-жаттығу аясында есірткі заттарын іздеп табу мақсатында пайдаланылатын иісшіл иеттерді баптау мен олардың дағдысын арттыру бойынша шетелдік мамандардың тың тәжірибесі  Ұлан сапындағы кинологтардың біліктілігін шыңдай түсті.

Халықаралық шеңберде ұйымдастырылған семинардың жабылу салтанатына келген АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Марк Муди аталған шара  екі ел арасындағы ынтымақтастық пен әскери тәжірибе алмасуға зор серпін бергенін айтып, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын мәлімдеді.

Ұлттық ұлан кинологтары әскери бөлімдегі Кинологиялық орталықта өткен тренинг барысында АҚШ-тың тәжірибелі мамандарынан заңсыз тауар айналымына қарсы күрес жүргізуге қатысты әдіс-тәсілдерді үйреніп, аязды күндер мен 40 градустық ыстық ауа райында қырағы иттермен қалай жұмыс істеу керектігін айтып, өз тәжірибелерін де ортаға салды. Бас-аяғы бір айға созылған халықаралық оқу-жаттығу нәтижесі бойынша  ұландық кинологтар оқу курсынан өтіп, біліктілігін арттырғанын растайтын сертификат алу үшін қорытынды емтихан тапсырған болатын. Нәтижесінде, талапкерлердің бәрі дерлік сенім үдесінен шыға білді.

– Тәжірибе сабақтары ойдағыдай өтті. Шетелдік мамандардан иісшіл иттерді баптаудың тың тәсілдерін үйрендік. Енді осыны жұмыс барысында қолдануға мүмкіндік алып отырмыз, – дейді тәлімгер-кинолог Айдос Рахметов.

Іс-шараның салтанатты жабылу рәсімінде жаттығу жиынынан өткен сарбаздар есірткі заттарын іздеу және шартты қылмыскерлерді құрықтау бойынша  есірткі іздейтін иттермен көрсетілімдік сабақтар ұйымдастырып жиналғандарға өз өнерлерін паш етті.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше