Қазақстан • 19 Наурыз, 2018

Алтын көрсе, жолдан таймас азаматтар баршылық

786 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоғамды ізгілендіру – ауқымы кең ұғым. Оның ішкі өзегіне терең үңілер болсаңыз, елдің бірлігіне, қоғамның түрлі дерттерден арылуына тікелей әсер ететін адамгершілік қағидаттарының, имандылық үрдістерінің, жекелеген тұлғалардың сыйластыққа құрылған өзара байланыстарының мән-маңызын анық аңғарасыз.

Алтын көрсе, жолдан таймас азаматтар баршылық

Бұл орайда, адами құндылықтардың кеңінен насихатталуы, қайырымдылық шараларының көптеп ұйымдастырылуы, адам­дар арасындағы жарасымды қа­ты­на­стардың үлгі-өнеге ретінде көр­се­тілуі аса ма­ңызды. Сондай-ақ салт-дәстүрлеріміз бен дәстүрлі дінімізді негізгі құрал ретінде қа­растыра отырып, қоғамды имандылыққа шақыру ісін алға шығару да ізгілік пен жасампаздықтың орнығуына оң ықпалын тигізетіні анық.

Бүгінгі қоғамымызда қылмыс атау­лы­ның түр-түрі жиі көрініс береді. Бұ­дан бөлек, заңды түрде қылмыс болып есептелмегенімен адамдыққа жат қы­лық болып саналатын іс-әрекеттерге аяр­лықпен баратын замандастарымыз да жеткілікті. Мұның барлығы айналып келгенде халықтың өз қоғамына деген жағымсыз көзқарасын туындатпай қой­майды. Дегенмен өз ортамыздағы осындай келеңсіз жағдаяттарға мүлде қарама-қарсы келетін, қоғамдық санаға жағымды түрде әсер етіп, халықты ізгілік жолына үндейтін, талайларға ой салатын игілікті істер мен жасампаз көріністер де аз емес.

Осы арада обал-сауапты біліп, адал­дықтан аттамай, өзінің таза болмысын көр­сете білген отандастарымыздың іс-әрекеттерін ерекше атап өтуге болады. Әсі­ресе өзгенің жоғалған мүлкі қолына тү­­сер болса, қайтарып беруі арқылы та­лай­лардың ой-санасына қозғау салған азаматтардың жөні бөлек.

Осы іспеттес ізгілік көріністерінің кей­іп­керлері біреудің қалтасына түсу, п­ә­тер тонау, әлсіздің ақысын жеу сынды келеңсіздіктер жиі қайталанатын қоғамда жарқырай танылып, оларға жұртшылық жаппай алғыстарын жаудырып жатады. Бұл үрдістің астарынан қоғамымыздың адалдықты ту еткен жандарға «сусаңқырап» отырғанын аңғаруға болатындай.

Қазақта «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген мәтел бар. Осындағы «періште» сөзін тура мағнасында қарастырып, оның ары таза, адал азаматтың синонимі екенін ескере бермейміз де, көпшілігіміз әл­декімнің жоғалтып алған затын пен­де­ші­лікпен иемденіп, оны егесіне қайырып бе­руге ниеттенбей, «мен түгілі періште де ал­тын көрсе жолдан таяды» деп, өзімізді ақта­ғансып, бөтеннің мүлкін қажетімізге жа­ратып кете баратынымыз жасырын емес. Осылайша, пендеге періштедей бо­лу мүмкін болмағанымен, адалдық ұс­та­нымдарына иек артуға болатынын қа­перімізге алмаймыз.

Осыдан біраз бұрын бір таныс жігіт көшеде келе жатып үш мың теңге тауып алғанын айтты. Дауысында қобалжу бар. Мен: «О-һо, тегін олжаға батыпсың ғой... Бірер күндік түстік асыңның ақысын оңай тауыпсың ғой», дедім қалжыңдағансып. Анау көзі жыпылық-жыпылық етіп: «Енді қайттім, иесін қалай табамын? Бұл бір байғұстың еңбекпен тапқан ақшасы ғой. Бұған сатып алған ас көмейімнен өте қоймас» деді. Мен оның өз арына жүгініп тұрғанын сезе қойдым да, «оның иесін қайтесің, бір қажетіңе жарат» деп айтпақ болған теріс, бүкір ойымды ішіме бүгіп қалдым да: «Бұл теңгені өзіңе жаратуға арың рұқсат бермесе, садақа ретінде мешіт­ке бер» дедім. Анау тығырықтан жол тап­қан­дай қуанып кетті де, маған алғысын ай­та, мешітке қарай асыға басып кете берді. Мі­не осы бір жайт маған үлкен ой салды. «Оның орнында өзім болсам қайтар едім?» деп мазасыздандым.

Жалпы, тегін олжаға тап болып, бірақ оны қалтасына баспай, иесіне қайтарып беруді жөн көретін адамдарды өз басым жоғары бағалаймын. Оларды пендешілікке салынбай, Алланың сынағынан сүрінбей өткен жандар деп есептеймін. Шынында, ойламаған жерден тауып алған азын-аулақ ақшаны былай қойғанда, жүздеген мың, тіпті миллиондаған қаржыны өз әжетіңе пайдаланбай, иесіне қайтару – азаматтық үлкен іс. Бұл ары таза, адал мен арамның ара-жігін ажырата білер, пендешіліктен жоғары тұратын иманды адамдардың ғана қолынан келеді. Осы орайда бірер мысал келтіре кетейін.

Былтыр Ұлттық ұлан сарбаздары Ролан Тышқанбай мен Асылжан Айтбай бір кәсіпкердің жоғалтып алған 5 миллион тең­гесін қайтарып бергенін ақпарат құрал­да­ры жарыса жазды. Ел-жұрт «бәрекелді» десті. Қос сарбаз арнайы марапатқа ие болды. Екеуі сонша қаржыны қылдай бөліп алып, жөндеріне кетсе де болатын еді. Бірақ олар ар-ұятты жоғары қойып, ізгі шешім қабылдады. Тағы бірер мысал келтіре кетейік.

Бұл да былтыр болған. Шымкентте Қуаныш Нақыпбеков деген жігіт өзі тауып алған 2 миллион теңгені иесіне қайтарды. Бір компанияда қойма меңгерушісі болып жұмыс істейтін ол әлгі қаржының иесін ақшамен бірге болған төлқұжат арқылы іздестіріп тапқан. Кезінде әлеуметтік желілерде жарияланған бұл оқиға талай замандастарымызды ізгілікке үндегені анық. Әрине, 2 миллион теңге аз ақша емес. Ол әжептәуір еңбекақысы бар азаматтың екі жылдық табысы. Бірақ Қ.Нақыпбеков одан саналы түрде бас тартты. Бұл иманды жанның ісі, Алланың сынағынан сү­рін­бей өткендігінің белгісі. Жұртшылық Қуанышты қаһарман деп атап кетті.

Қорыта айтқанда, адамдық болмысымен имандылықты ту еткен азаматтары көп елдің ертеңі баянды болмақ. Сондықтан өз нәпсісінің жетегінде кетпей, қоғамға ой саларлық әрекеттерімен танылған отандас­тарымызды үлгі ете білгеніміз жөн.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше