Қазақстан • 19 Наурыз, 2018

Астана процесі: бір жылдағы жұмыс нәтижесі

788 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елордада Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана про­цесі аясында кепілгер елдердің Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Иран, Ресей және Түркия мемлекеттерінің сырт­қы саясат ведомстволары­ның басшылары өткен жыл­ды­ң қаңтар айынан бергі аралық­та Сириядағы ахуалды реттеуде нақты қол жеткізілген нәти­желер­ді талқылады, алдағы уа­қыт­та атқарылатын үшжақты іс-қи­мылдарды белгіледі.

Астана процесі: бір жылдағы жұмыс нәтижесі

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаевтың толық қол­дауымен, тікелей атсалысуы­мен 2017 жылдық қаңтар айында басталған жоғары деңгейлі келіс­сөз­дердің осыған дейін 8 раунды өткен болатын. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айт­қандай, Женева процесінің ажырамас бөлігі болып табылатын келіс­сөздер қарулы қақтығыстардың зардабын тартып жатқан Сирия халқының бейбіт өмірге қайта оралуына үлкен мүмкіндіктер ашып, зорлық-зомбылық деңгейі мен соғыс алаңдарының ауқымын төмен­детті. Қазақстан ұсынған келіс­сөздер алаңы Сирия дағдарысын реттеуге елі­міздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік кеңесінің Тұрақты емес мү­ше­сі ретіндегі қомақты үлесі деп бағалаған ләзім.

Алқалы жиынның басталар сәтінде қабылдаушы тарап атынан сөз сөйлеген Қайрат Әбдірахманов Астана процесінің бір жылдан астам мерзімде атқарылған жұмыстарына қорытынды жасады.

– Өздеріңіз білесіздер, бір жыл бұрын Ресей мен Түркия мемлекет басшылары Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сириялық үкімет пен қарулы оппо­зициялық топтар өкілдері арасында бейбіт келіссөздер жүргізуді ұсынған болатын.

Соғысты тоқтатудың жал­ғыз баламасы бейбітшілік, бей­біт­шілікке апаратын жалғыз жол келіссөздер екендігіне нық сенім­ді болған Қазақстан осы ұсы­нысқа келісіп, Астананы БҰҰ қам­қор­лығымен Женевада өте­тін Сирия мәселелеріне қатысты келіс­сөздерді қолдайтын тұғыр­нама ретінде ұсынды. Бейбітші­лік­ке қол жеткізу жолында белгілі бір кедергілер бар. Бірақ соған қарамастан Астанада өткен келіс­сөздердің 8 раунды келіс­сөздер процесіндегі тұйыққа тірел­ген ахуалды жоюға мүмкіндік берді. 2017 жылдың қаңтар айында бас­талған бұл бастама жанжалдасушы тараптарды осы жерде алғаш рет келіссөздер үстеліне отырғызуға сеп болды,– деді.

Еліміздің Сыртқы істер ми­нистрі Астанада Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция арасын­дағы сенім шараларын нығайтудың алғашқы қадамы жасалғанына баса тоқталды. Оның айтуынша, Астана процесінің аясында 4 деэскалация аймағы және атысты тоқтату режіміне мониторинг жасау тетіктері жасалды. Бұл аталған шаралар соғыс өрті шарпыған аймаққа гуманитарлық көмектерді жеткізуге ықпалын тигізді. Сон­дай-ақ елорда төріндегі кездесулер түбінде әскери іс-қимылды тоқтатуға әкелетін басқа да тиісті шаралардың қабылдануына көмегін тигізді. Астана процесінің осы және басқа да жетістіктері ескерусіз қалмақ емес.

Қайрат Әбдірахманов атап көрсеткендей, Астана процесінің тұғырнама ретіндегі тиімділігі мен өзектілігі көрінді. Қазақстан үкіметі ұсынған алаңда қақтығысқа қатысушы барлық тараптар өз көзқарастарын білдіре алды, ең бастысы, оларға келіссөздер жүр­гізуге, тиісті қадамдарды талқы­лауға мүмкіндік берілді. Астана төрінде қол жеткізілген келісімдер Женева процесін толықтыра түсетіндігі, Сириядағы жанжалды саяси тұрғыда реттеуге оң серпін бергендігі сөзсіз.

Жалпы, Шам еліндегі ахуалға қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ұстанымы сирия­лықтар өз болашақтарын өздері құруға тиіс дегенге саяды.

– Сириялықтар ел Конститу­ция­сына енгізілуге тиіс өзгерістерді, оның аймақтық және әкімшілік құрылымы, президенттік және парламенттік сайлауларды қоса алғандағы қажетті заңнамалық реформаларды жүргізу арқылы өздерінің болашақ саяси жүйесін құруды бастауы керек. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық бірқатар қауіпті қақтығыстарға куә болып отыр. Бұл зорлық-зомбылықтың тіпті деэскалация аймағында да өршіп кетуіне соқтыруы мүмкін. Жаңадан туындаған әскери іс-қимылдар бейбіт тұрғындардың өліміне де әсер етті. Біз әлі де Си­рия халқының шегіп жатқан азабы тоқтауы керек деген ұстаным­дамыз. Жантүршігерлік қақты­ғыстар қарапайым азаматтардың өміріне үлкен нұқсан келтірді. Бұл ахуал өңірлік тұрақтылыққа қауіп төндіріп қана қоймай, саяси реттеу жолындағы күш-жігерге де кері әсерін тигізеді. Жер-жерде шиеленістің өрши түсуі аясында біз негізгі өңірлік және халықаралық субъектілер барынша қажет деп санаймыз. Бірінші кезекте Ресей мен АҚШ аталған мәселе бо­йынша сындарлы диалогті бастаулары қажет. Сирия ахуалын реттеудегі осы екі ықпалды күштің табысты ынтымақтас­тығы барлық тарап­тардың және толық­тай алғанда Сирия халқының мүд­десіне жа­уап беретін болады. Іс жүзінде де­эскалация аймағы жұ­мыс істеп тұр, гуманитарлық минасыздандыру ұстанымы әзірленді. Қолға түскен тұтқындарды босату жөніндегі жұмыс тобы құрылып, кеше олар осы жерде өнімді кеңес өткізді. Әрине біз де белгілі бір деңгейде гуманитарлық көмек жеткізуді жеңілдетіп, БҰҰ-ның 2254-қарары негізінде толыққанды саяси процесті жаңғырту үшін жағдай жасадық. Астанада жасал­ған келісімдер тек қағаз жүзін­де қалып қоймай, жағдайды оңал­туға ықпал ететіндей нақты нәти­жел­ер жасалуы тиіс,– деді Қ.Әбдірахманов.

Кепілгер елдер Сыртқы істер ми­нистрлігінің жабық есік жағ­дайында өткен кездесуінен кейін олар қазақстандық және халық­аралық баспасөз өкілдерімен кез­десіп, жұмыс барысы туралы хабарлады. Үш мемлекеттің сырт­қы саясат ведомстволарының басшы­лары Астана процесінің қанша­лықты маңызды екенін атап өтті.

Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф:

– Мен Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Н.Назарбаев мырзаға бір жылдан астам уақыт ішінде бізге көрсеткен қонақжай пейілі, келіссөздер жүргізуге жасаған мүмкіндіктері үшін алғыс білдіремін! Сирия аймағында тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға бағытталған ресми Аста­наның бастамасы өте маңыз­ды. Сирия дағдарысының бірнеше аспектісі бар: әскери, саяси, гума­нитарлық. Астана проце­сінің аясында осы аспектілер бойынша жұмыстар жүргізіліп, маңызды нәтижелерге қол жеткізілді,– деді.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров атап өткендей, Астана форматы Сириядағы ахуалды қалыпқа келтіру жол­дары­ның синониміне айналған.

– БАҚ-тарда Қазақстан елорда­сы­ның аты аталғанда миллиондаған сириялық Астанаға үлкен үмітпен қарайды. Бір жыл бұрын Ресей, Иран және Түркияның тарапынан құрылған Астана форматы өзінің қажет екенін көрсетті, Си­рия­дағы ахуалды қалыпқа келтіру жолдарының синониміне айналды. Осы жерде Сириядағы саяси процесті толыққанды қайта жаң­ғыртуға жол ашылды. Қазір Астана процесінің арқасында қол жеткізілген деэскалация аймақтары жұмыс істеп тұр. Тұтқындалған кепіл адамдарды босату бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, кеше осында өте нәтижелі отырыс өткізілді. Гуманитарлық көмек көрсету жұмыстары да қарқынды жүргізілуде,– деді С.Лавров.

Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы:

– Бүгін Астанада кепілгер елдер­дің сыртқы істер министрлері алғаш рет кездесті. Сирия дағ­дары­сын шешуге қатысты пайдалы, нәтижелі кездесу болды. Өткен жылда атқарылған жұ­мыс­тарды қорытындылап, алдағы уақытта жасалатын іс-қи­мыл­дарды талқыладық. Астана келіс­сөздері атысты тоқ­тату режі­мін тұрақтандыруға, қақ­тығыс аумағындағы бірқатар аймақ­тар­дағы жағдайларды реттеу бойынша көптеген маңызды шешім­дерге себепкер болды,– деді.

Үш мемлекеттің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары елордадағы басқосу қорытындысы бойынша Астана форматының Сирияда тұрақтылық орнатуға ықпал етудің тиімді құралына айналғанын бірауыздан айтты. Министрлер Шам елінің еге­мен­дігін және аумақтық тұтас­тығын сақтауға мүдделі екендіктерін білдірді. Үш елдің сыртқы істер министрлері Сирия дағдарысы әскери іс-қимылдармен шешіл­мей­тінін, алдағы уақытта онда деэскалация аймақтарын кеңей­ту жұмыстары жалғасын таба­тын­дығын жеткізді. Олар Сирия мә­селесін реттеу жөніндегі Астана келіссөздерінің кезекті раун­дын алдағы мамыр айының орта шенінде өткізетін болып уағдаласты.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»