Қазақстан • 19 Наурыз, 2018

Газ алдымен жылу электр стансасына тартылады

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа магистральды газ құбыры үш миллион қазақстан­дықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Энер­гфетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

Газ алдымен жылу электр стансасына тартылады

Баспасөз жиынында Энер­­гетика вице-министрі Пре­зи­денттің «елді газбен қамтамасыз етуді жал­ғас­тыру» деп аталатын бесін­ші бас­тамасын іске асыру ба­ғы­тын­дағы жұмыстар жайын баяндады. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде бір жарым жыл ішінде, яғни 2019 жылдың желтоқсан айына де­йін Астананы, Қазақстанның орта­лық және солтүстік өңір­ле­рін газ­бен қамтамасыз ету ма­қ­са­тын­да «Қызылорда – Жез­қаз­ған – Қара­ғанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральды газ құбы­рының құрылысы жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Мәлім болғандай, «Сары­арқа» магистральды газ құбыры жобасына «ҚазТрансГаз» АҚ техни­ка­­­лық-экономикалық не­гі­з­­­деме әзірлеген. Оған «Мем­­са­раптама» РМК оң баға­сын бер­­ді, дейді мамандар. Жобаның жал­­пы құны 370 млрд теңгені (ҚҚС-мен) құ­райды. Жобаны ке­зең-кезеңі­мен іске асыру көз­делген.

М.Мырзағалиевтің ай­туын­­ша, бүгінде Мемлекет бас­­шы­сының тапсырмасына сәйкес ұзын­дығы 1081 шақырым, құны 267 млрд теңге болатын «Қызылорда – Жезқазған – Қара­ғанды – Астана» бағыты бо­йынша бірінші кезең әзірленіп жатыр. Газ құбырының осы учас­кесі Астана, Қарағанды, Темір­тау, Жезқазған қала­лары­ның тұрғындарын және магис­тральды газ құбыры трассасы бойына жақын орналасқан елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады.

«Сарыарқа» жобасын іске асыру Астанада ауаға кететін зиянды қалдықтарды жылына 36,1 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. «Сарыарқа» магис­тральды газ құбырының құрылысы барысында шамамен 800 жұмыс орны және оны пайдалану кезеңінде 225 жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр. Сонымен қатар Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктері газ тарату желілерін жобалау мен салу мәселелерін пысықтап жатыр. Осылайша тарату желілерінің бірінші кезеңі газ құбырының құрылысы аяқталысымен 2019 жылдың желтоқсанында қосы­луға дайын болуы тиіс.

«Сарыарқа» газ құбыры­ның бірінші бөлігі, яғни «Қы­зыл­орда – Жезқазған – Қара­ғанды – Теміртау – Астана» бағыты ағымдағы жылдың соңында аяқталады деген жос­пар бар. Алайда оған дейін жергілікті әкімдіктер газды тарату жүйелерін әзірлеуі тиіс. Сонда ғана көгілдір отын тұтынушыларға таратылады. М.Мырзағалиевтің айтуынша, газ құбыры Қызыл­орданың Қараөзек ауылы­нан бастау алып, алды­мен Астанаға, содан соң Көкше­тау мен Петропавлға дейін тартылады. «Газ құбыры 2019 жылдың аяғына дейін Астанаға жетеді. Ал магис­траль бос тұр­мау үшін Қара­ғанды мен Ақмола облыс­тары, сондай-ақ, Ас­тан­а әкімдіктері газды тарату желілерін жобалауды тездетуі керек. Біз арнайы жиналыс өткіздік. Осы саладағы жұмыстар басталып жатыр. Әрине біраз уақыт қажет болады. Дегенмен газ магистралі Астанаға жеткенде алғашқы тарату жүйелері дайын болады. Қала әкімі де уәде беріп отыр. Газ алдымен жылу электр стансасына, одан кейін Оңтүстік-шығыс шағын ауданына тартылады», деді вице-министр.

2014 жылы Үкімет Қазақ­стан­ды 2015-2030 жылдарға де­йін газдандырудың бас схемасын бекіткен болатын. Осы схемаға сәйкес газдандыру деңгейін ағымдағы 47 па­йыздан 2030 жыл­ға қарай 56 пайызға дейін жет­кізу көз­деліп отыр. Бұл 3 млн адам­ды немесе 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»