Руханият • 19 Наурыз, 2018

Жаңа жылдағы жаңару

533 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Жаңа жыл – әз Наурыз мерекесіне жоспарлаған жаңашыл бастамалары өте көп. Оның дені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астананың 20 жылдық мерейтойына орайлас­тырып ұйымдастырылуда.

 

Жаңа жылдағы жаңару

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Егемен Қазақстан» газеті бетінде Наурыз мейрамын жаңашыл бағыт, ұлттық үлгіде тойлауға қатысты жолданған бірқатар тың ойлары ұйым жұмысының да алдағы жоспарларына үлкен серпін беріп, жаңа бастамаларға себепші болып отыр. Осы орайда аталмыш ұсынысты қолдау және жүзеге асыру мақсатында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт­тік бірлестігінің директоры Жеңіс Сей­дуллаұлы өнер ұжымының алдағы жұмыс барысы мен «Қазақстан» Орта­лық концерт залы ғимаратының ерек­шеліктерін таныстыруға арналған пресс-тур өткізіп, шығармашылық ойларымен бөлісті. Әлемдегі озық технологиялық жетістіктерді есепке ала отырып бой көтерген сәулетті ғимарат – «Қазақстан» орталық концерт залының ішінде қызмет етіп жатқан бірнеше шығармашылық ұжым жұмысы жекелей таныстырылды. Соның ішінде, әсіресе, Astana Musical театрының сахна­лық ізденістері және ұлыстың ұлы күні Нау­рыз мейрамы мен елорданың 20 жыл­дық мерейтойына орай 20-27 наурыз аралығында Алматы қаласына жоспар­ланған гастрольдік сапар бағдарламасы да көпшілік назарына ұсынылды.

Astana Musical – еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш мамандан­дырылған мюзикл театры. Заманауи театр өнері бағыттарын өз тәжірибесінде ұтымды қолданып жүрген жас театр бүгінде республика аумағынан бөлек, Фран­ция, Бельгия, Аустрия, Ресей сынды бірнеше мемлекетті де өз талантымен тәнті етіп қайтты. «Достар серті», «Ер Төстік», «Ромео мен Джульетта», «Қыз Жібек» сынды әлемдік классика мен төл драматургиямыздың жауһар­ларын да сәтті сахналап жүрген жас театрдың Алматы қаласына апарар гаст­рольдік бағдарламасы да өзіндік мазмұнымен қызықты. Өнер ұжымы, сондай-ақ алдағы уақыттағы әлемнің озық мюзиклдерін қазақ сахнасына әкелу жоспарларын да ортаға салып, шығармашылық жұмыс­тарының қыр-сырымен бөлісті.

«Қазақконцерт» мемлекеттік кон­­церт­­тік ұйымының қазақ өнерін дамыту, жеке орындаушылар мен жас таланттардың шығармашылық ізденістерін қалың көрерменмен қауыштыруда жасап жатқан жұмысы орасан. Ұжымның жаңа директоры Жеңіс Сейдуллаұлының мәлімдеуін­ше, бірлестік алдағы уақытта да осы қарқынын жоғалтпай, еліміздің түк­пір-түкпірін аралап өнер көрсетумен қатар, қазақ музыкасы мен театр өнерін әлем деңгейіне көтеруге барынша көңіл бөлінетіндігін атап өтті. Кездесу со­ңын­да «Қазақстан» орталық концерт залының ішіне арнайы экскурсия жасалып, жиынға қатысқан БАҚ өкілдері мен жоғары оқу орын­дарының ұстаздары, педагог ғалым­дар талантты гример, мүсінші Айдос Ес­ма­ға­нбетовтің шеберханасымен танысты.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар