19 Наурыз, 2018

Елі құрметтеген Қожықов еді

1183 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың әйгілі «Қыз Жібек» фильмін дүниеге әкелген көрнекті кинорежиссер, Қазақ КСР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сұлтанахмет Қожықовтың 95 жылдық мерейтойына орай, Алматы қаласының орта білім беру мекемелерінде режиссер шығармаларын насихаттауға бағытталған мәдени іс-шаралар өтуде.

Елі құрметтеген Қожықов еді

Талантты режиссер мерейтойын ел болып атап өтудің бастамасы ре­тін­де шаһардағы алпыстан астам мектепте өткізіліп жатқан шараларға мұрын­дық болған Алматы қаласы білім басқар­масымен, Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» кинос­ту­диясымен қатар, С.Қожы­қов атындағы №39 мамандан­ды­рылған лицей ұжымының ұйым­дастыруымен өткен «Тұлға. Ки­но. Уақыт» атты еске алу кешіне Асанәлі Әшімов, Қадыр Құсаев, Серік Жармұхаметов, Ұлжан Қол­­дауова, Шаяхмет Имашұлы сын­ды кино өнерінің майталман тұл­ғалары, өнер қайраткерлері, ре­жис­сердің туыстары мен ұр­пақ­тары қатысып, талантты тұл­ға жайлы өз естеліктерімен бө­ліс­ті, сондай-ақ өнерімен сүй­­сінт­кен балғындарға жылы ле­біз­­дерін білдірді, баталарын берді.

48 жылдан бері экраннан түспей келе жатқан, әлем елде­рі­нің жартысы­на жуығын аралап шыққан, қазақ кино өнері­нің сали­қалы көшіне жауһар тұмар болып қадалған «Қыз Жі­бек» фильмі – халықтық туын­дыға айналғанын айтқан кино ар­дагерлері Сұлтанахмет Қожықов есімін бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттаудың маңызы зор екенін атап өтті. Режиссерді еске алу кешінде сөз сөйлеген Асанәлі Әшімов: «Махаббатқа адалдық қана емес, қазақтың ұлттық болмысы, тұрмыс-тіршілігі, сыпайылық пен сыйластық сынды қасиеттері сәтті көрсетілген «Қыз Жібек» фильмі әлбетте, көп адамның еңбегі сіңген үлкен туынды, тарихи фи­льм. Десек те, тарихи фильмдер арасында дәл Сұлтекең бейнелей білген сол фильм­нің деңгейіндей туынды әлі жоқ десем артық айтпаспын», деген пікір білдірді.

Айта кетсек, Алаш қозға­лы­сының көрнекті өкілі, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында ұлт мүддесі үшін айрықша қыз­мет атқарған қоғам қайрат­кері, ағартушы, ғалым Қоңыр­қожа Қожықов пен оның жары, сән және қолданбалы өнер шебері, Қазақстан, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Ләтипа Қожықовадан тараған, қазақ бейнелеу өнері мен кино әлемінде өзіндік қолтаңбаларын айшықтап кеткен Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет Қожықовтардың қай-қайсысының да есімдері құрмет тұтуға, ертеңгі ұрпаққа үлгі етуге лайық. Сол әйгілі «Қо­жықовтар әулетінің» сүт кенжесі Сұлтанахмет Қоңырқожаұлының қазақ киносының үлкен белеске көтерілуіне мол үлес қосқан шоқтығы биік туындысы – «Қыз Жібек» фильмінен өзге, «Наше лето», «Девушка-джигит», «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Жартастағы шынар», «Бізді танып қойыңдар» деп аталатын кесек туындылары да алтын қорға енген.

Республика бойынша жалпы білім беретін мекемелер ішіндегі үздік ондыққа еніп отырған аталмыш білім ұясында сондай-ақ біртуар тұлғаға арналған «Қазақ киносының Құлагері» атты арнайы мұражай да ашылып, оған режиссердің көзі тірісінде қолданған асыл бұйымдары, «Қыз Жібек» фильмін түсіру бары­сында пайдаланылған киім­дер мен құнды жәдігерлер қойыл­ды. Қазақ кино өнерінің алып тұлғасы саналатын Сұлтан­ахмет Қожықовтың шығарма­шылық жолын болашақ ұрпақ санасына сіңіруде сүбелі үлес қосып келе жатқан №39 лицей­дің директоры Мерейхан Жұ­мағалиев: «Мектебіміз физика және математика пәндерін те­реңдетіп оқытатын білім ұясы десек те, атақты режиссер есімін иеленгендіктен, қазақ кино өнерін, сол өнердің дамуына ғұмырын арнаған тұлғалардың өмірін дәріптеу жұмыстарын назардан тыс қалдырған емес», дейді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ