19 Наурыз, 2018

Жүрегінің жарығымен жол бастаған Қасымбек Медиұлы

335 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Адамның өмірде абыройлы болмағы алдымен Алладан, одан кейін өзінен шығар. Жаратушы біреуді еңіске, біреуді тегіске салып сынайды. Сол сында сынып кетпегеннің маңдайы жарық, мерейі үстем. Ол ол ма, асыл туған, асып туған кей тұлғалар өзгелердің алдына түсіп, көне грек аңызындағы Данко құсап, өз кеудесінен жұлып алған жүрегінің жарығымен жол бастайды. Бір қауым елдің тағдырын осы жол шешеді. Бұл күнде сексенге келіп, халқының құрмет төрінде отырған Қасымбек ақсақалдың маңдайына жол бастау мен ел басқаруды жазған екен. «Өткен күнде белгі жоқ» деген, патша уақыт адам жадында қиын-қыстау кездерді ұмыттырып, қы­зық-қуанышты ғана қалдыруға шебер. Әйтпесе шаруашылық істер мен қо­ғамдық-саяси қарбаластарға толы ғұмыр жолы тақтайдай тегіс болуы мүмкін бе?!

 

Жүрегінің жарығымен жол бастаған Қасымбек Медиұлы

Өткен ғасырдың 50-60-жылда­рын­дағы жастар ішер ас, киер киімді ысырып қойып, алдымен білім алуға құш­тар болғанын көзкөргендердің әңгі­месінен, естелік жазбалардан жақсы білеміз. Жас Қасымбек те осы санаттан еді. 1963 жылы тәмамдаған Қарағанды педа­гогикалық институтымен шек­тел­мей, әр жылдары КОКП Орта­лық комитетінің жанындағы Жо­ға­ры пар­тия мектебін, Алматы халық ша­руашылығы институтын бітірді. Мұ­ның бәрі жігерлі азаматтың білімге де­ген ұмтылысымен қатар, қызмет ба­ры­сын­дағы қажеттіліктерден де туындаған еді. Жиырмаға жаңа іліккен жас жігіт шаруашылық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Өзі туған Шет ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды облыстық комсомол ұйымының жетекшісі, Ақтоғай селолық комсомол комитетінің хатшысы, Қарағанды облыстық селолық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметтерін жемісті атқарды.

Коммунистік партияның оң қолындай болған комсомолдың аймақтық ұйымын басқару айтуға ғана оңай. Өңірдегі жастар ісіне қатысты бар шаруаның басы-қасында жүрді. Ыстығына күйіп, суығына тоңды. Қарағанды өңірінің тарихын өз қолымен жасаған Бәйкен Әшімов, Сұлтан Досмағамбетов, Мәлік Имашев, Қамза Жұмабеков, Тұрсын Төреғожин сияқты қайраткер тұлғалардың қасында жүріп, тәлім алды. Алғырлығы мен тиянақтылығына, түгесілместей ерік-жігеріне тәнті болған облыс басшылығы Егіндібұлақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындағанда бұл небәрі 26 жаста еді. Қарағанды обкомының сол тұстағы бірінші хатшысы Николай Банников сәт сапар тілеп, «Кеңес Одағындағы ең жас хатшы болдың. Еңбегің жансын!», дегені өзіне артылған сенімнің салмағын сездіріп, жігерін жани түсті.

Хатшы болды дегенмен, бұл оның саяси қызметінің бастауы ғана еді. Табанды жастың талабын құптаған алдыңғы буын ағалары Қасымбекті Қарағанды облыс­тық партия комитетінің аппаратында да бір­қатар жауапты қызметтерге жегіп, әбден сынады.

Облыстық партия комитеті 1973 жылы құрылған Жезқазған облысының қа­ра­мағына енген Ақтоғай ауданының атқару комитетін басқаруға ұсыныс білдіргенде Қасымбек Медиұлы еш жү­рек­сінген жоқ. Ауданның бірінші хат­шысы болған тәжірибесі бар, оның үс­тіне біршама уақыт Ақтоғай комсомо­лын басқарғаны бар. Таныс ортада тасыңды өрге домалату қиын емес. Алай­да, бұл ойынан обком хатшысы, өз­інің ұстазы Мәлік Имашевтің айтқан сөзінен кейін айнып қалды.

– Ақтоғайдың атқару комитетін қиналмай басқаратыныңа күмәнім жоқ, – деп еді сонда ұстазы. – Бірақ мәселе сол қиындықта. Ақтоғай ауданының дәл қазіргі уақытта жанталасқан жұмысты қажет ететін проблемасы жоқ. Бір арнаға түскен жұмыс ырғағы жас адамды жалқау етіп жіберуі мүмкін. Партияның сар­базын шешілмей жатқан шаруалар ши­ратып, дамылсыз еңбек шыңдайды. Жа­ңадан ашылып жатқан Ақадыр ауда­нының атқару комитетіне де басшы керек. Алайда, Ақадырда атқаратын шаруа шаш-етектен, проблема көл-көсір. Қабілетіңді танытып, басшылық қызметте ысылуың үшін осы жаңа аудан тиімді болар бәлкім. Ойланып көрсең қайтеді?..

Бұл ойланған да жоқ. «Келісемін, – деді табан астында. – Сенім артып отыр­саңыздар, ойланатын несі бар?». Риза­шылықпен қолын алып, арқасынан қақ­қан хатшының кабинетінен қанаттанып шы­қты.

Ұстазының айтқаны айдай келді. Бұған дейін тіршілік нәрін негізінен темір жолдан, одан кейін Ақшатау кен байыту комбинатынан алып, басқа салаға бас қатырып көрмеген елді мекенді аудан орталығына айналдыру оңайға түскен жоқ. Дегенмен, Қасымбек Медиұлы аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде түйіні қиын талай мәселенің шешімін тауып, қаншама қайырлы істерге бастамашы бола білді. Алғашқы екі жылда Қарағанды, Жезқазған, Балқаш бағытындағы жолдарға асфальт төселді. Аудан орталығынан барлық кеңшарларға қысы-жазы қатынауға ыңғайлы көтерме жолдар салынды. Шалғай ауылдарға электр жарығы тартылып, аудан халқы жаппай теледидар көру мүмкіндігіне ие болды. Мұның бәрі сол уақытта аса зор жетістіктер еді және соның баршасына жас та болса бас болған ауатком төрағасының көп еңбегі сіңді. Жаңа құрылған ауданның аз ғана уақыт ішінде аяғынан тік тұрып, тұрақты дамуына он үш жыл үлес қосты. Жай ғана үлес қоспай, халықты соған жұмылдыра білді.

Ал 1986 жылдың күзінде облыс басшылығы Қасымбек Медиұлын Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындады. Ауданда оны Ақадырдағыдай жүйелі жұмыс емес, жауапсыздық салдарынан туындаған проблема қарсы алды. Қар қылаулап тұрған қарашаның басы болса да, қыстақтарға шабындықтағы шөптің 40 пайызы ғана жеткізілген. Барлық кеңшар директорлары мен шаруашылық басшыларын шұғыл түрде жинап, қатаң талап қойды, бас-басына тапсырма берді. Қыс қаһарына мініп, ауыл-аймаққа қосымша жем-шөпті трактормен жеткізу мүмкін болмай қалғанда, республика әуе флотының басшысы Алексей Кузнецовпен телефон арқылы келісіп, үш әскери тікұшақ алдырғаны елдің есінде. Сол қыс ақыры осындай жанталасқан амалдармен мал-жанды аман алып шықты. Жездінің атқамінерлеріне білгенін үйретіп, шаруашылық есеп, мердігерлік, үнемшілдік тәртібін орнатты.

Ел тәуелсіздігі қарсаңында Қасым­бек Медиұлы бірнеше жыл Жезқазған об­лысының екінші хатшысы, Жезқазған облат­комының төрағасы болып, жоға­ры лауазымды қызметтер атқар­ды. Жез­қазған өңірінің дамып, мемлекетке пай­да әкелуіне басшы ретінде өлшеусіз еңбек сіңірді.

1992 жылдың ақпан айында Қасымбек Медиұлы Шет ауданының әкімі болды. Бұл оның туған жерге, өзі түлеп ұшқан ұясына араға отыз жыл салып қайта оралуы еді. Жерлестері қуана құшақ жайып қарсы алды.

Шет ауданы – 80-жылдардың ортасында Жезқазған облысындағы маң­дайалды өңірлердің бірі болған. Аудан жыл сайын облыс өндірген астықтың 30-35 пайызын, картоп пен көкөністің 50 пайызын, мемлекетке сүт өткізудің 40 пайызын қамтамасыз етіп отырды. Шаруашылықтар етті, сүтті қара малмен айналысты. «Просторное», «Батық», «Красная поляна» асыл тұқымды мал зауыт­тарындағы қазақтың ақбас және даланың қызыл сиырларының саны 12 мың бастан асты. Соның бәрін шашау шығармай, халықтың игілігіне жарату оңай шаруа болған жоқ. Қаскең әкім ре­тінде облыс басшыларының мем­ле­кет­тік меншікті жекешелендіріп, тезі­рек же­ке тұлғалардың қолына беру керек деген нұсқауларын орындауға асыққан жоқ. 1993-1995 жылдар аралығын қам­ты­ған алғашқы кезеңде кеңшарларды ұжым­шар санатымен қайта құрып, асыл тұ­қым­ды мал зауыттарын акционерлік қо­ғамға айналдырды. Бұл өзгерістер бір­шама уақытқа дейін оң нәтижесін бе­ріп келді.

Қасымбек Медиұлы күнделікті жұ­мыс­тар барысында басқа аудандар­дағы дағ­дысымен халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуды, соғыс және еңбек ардагерлеріне, зейнеткер­лер­ге, көп балалы отбасыларға тұрақты көңіл бөліп, оларға қажетті жағдай жасау­­ды өзінің жеке бақылауына ал­ды. Аудан­ның барлық ауылдық округ­те­рін­де қайырымдылық дүкендері ашылып, халықты бағасы төмендетілген тауар­лармен қамтамасыз етті. Соғыс ардагерлеріне, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға көмір мен шөп тегін жеткізіліп тұрды.

Қаскең аудан көлемінде бірталай рухани-мәдени шараларды өзі бас болып жүзеге асырды. 1993 жылы Шортанбай Қанайұлының 175 жылдық мерейтойын ел көлемінде өткізді. Ақсу-Аюлыда аз ғана уақыттың ішінде тұңғыш мешітті көтерді. Аудан орталығында құрылысы бірнеше жыл бұрын тоқтап қалған 150 орындық аурухананы салып бітіріп, іске қосты.

Сонымен қатар Қарағанды металлургия комбинатының шефтік көмегімен аудан орталығында жаңадан 14 шақырым су құбыры тартылып, сырттан келетін су құбырының 6,5 шақырым бөлігі тегін жаңарт­ылды. Аудан орталығы Ақсу-Аюлы­да қос пәтерлі бес үйдің құрылысы аяқ­талып, пайдалануға берілді.

* * *

Қайраткер адам тіршіліктің күн­де­лікті қарбаластарымен шектеле алмайды. Оның санасында әрдайым ұлт қамы, ұрпақ мүддесі жүреді. Сонау 1991 жылдың 2 қазанында Алаштың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр айлағынан көкке самғарда Нұрсұлтан Назарбаев бастаған зиялылар қазақтың батыр ұлына сәт сапар тіледі. Сол шағын топтың ішінде болған Қасымбек аға шексіз қуанышты еді. Ұлтының барша арман-тілегін Тоқтар інісі дәл қазір Жаратушының өзіне жеткізіп аттанып бара жатқандай күй кешті. Іштегі толқынысы лықсып келіп, жанарына жас үйірілді... Алла тілекті қабыл етті ғой, осыдан кейін көп ұзамай, Қазақ елі ғасырлар бойғы арманына жетіп, тәу­елсіз мемлекет болды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңесінің тарихи сессиясы өтті. Тарихи бо­латыны – дәл осы күні «Қазақстан Рес­­публикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау-қа­былдамау мәселесі шешілді. Қарсы шық­қандар да табылып, тәуелсіздік тағдыры та­разыға түскен шақ еді. Қасымбек Медиұлы сөз сұрады.

– Жарыссөзді тоқтатайық! – деді тәжірибелі депутат жоғары мінберден. – Енді созбақтай беретін ештеңе жоқ. Бұл заң біздің мемлекетімізді нығайту үшін ауадай қажет! Бізден басқа одақ­тас республикалардың барлығы тәуел­сіз­дігін жариялады. Біз нені күтіп отырмыз? Талқылауды тоқтатып, заңды қабылдайық!

Тұтас бір ұлт үшін шешуші сәтте шешімді сөз айтқан азаматты дана десе болар. Саналы ғұмырын елдік мәселе­лер­ге арнап келе жатқан Қасекеңнің сөзі мен ісі әрдайым халқының көкейіндегіні дәл тауып жатады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІ, ХІІ шақырылымдарының депутаты болған кезінде де ел алдындағы сер­тінен айнымады. «Нұр Отан» партия­сы­ның іргетасын қаласқандардың қата­рында болғаны да өміртарихында өш­пес із қалдырды. 1999-2012 жылдары Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы болып қызмет еткенінде өңір­дің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қос­ты. Осы жасқа келгенде де аттан түс­пе­ген Қасымбек Медиұлы қазіргі уа­қыт­­та Қазақстан мәслихаттар депутат­та­­ры бірлестігінің құрметті төра­ғасы. Сан жылғы қажырлы еңбегі мем­ле­кет тарапынан лайықты бағаланып ке­леді. Елбасының Жарлығымен «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері» ата­ғының иегері болды. «Парасат», «Құр­мет», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет бел­гісі» ордендерімен, ондаған медаль­дар­мен марапатталған. Халқына қалаулы тұлға – Ақадыр мен Шет аудан­дарының құрметті азаматы. Тәуел­сіз­дік тұғырының нығаюына қажыр-қай­ра­тымен, ерен еңбегімен үлес қосқан ар­дагер аға арман-мұраттарына қол жет­кіз­ген. Енді тек елінің бейбіт өмірі мен бе­рекелі тұрмысы баянды болса екен деп тілейді. Тартыс пен табысқа, мазмұн мен мағынаға толы тағдыры үшін Алла тағалаға алғысы шексіз. Қазына кеудесі өмір сабақтарын өзгелермен бөлісуге дайын. Тіршіліктің мәні де сонда. Халықтың құрмет төріндегі Қасымбек ақсақалдардың қолына су құюға асығамыз.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ