Руханият • 19 Наурыз, 2018

«Төр» әдеби клубы кезекті отырысын өткізді

584 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Төр» әдеби клубының кезекті отырысында ақындар Талғат Ешенұлы мен Қалқаман Сариннің өлеңдері талқыланып, оқырмандардың қаламгер шығармашылықтарына көзқарастары айтылды. Жастардың бастамаларына тілекші болып жүретін жазушы Роза Мұқанова және елордамыздағы жас қаламгерлер мен студенттер қатысқан жиын­да екі ақынның өлеңдері туралы әртүрлі пікір айтылды.

«Төр» әдеби клубы кезекті отырысын өткізді

Роза Мұқанова: «Мен өзім үшін Тал­ғат­ Ешенұлы деген ақынды аштым. Өз ақы­­­нымды таптым. Оның өлеңдері төгіліп тү­седі. «Іңірдегі көлеңкең де әдемі», «Мен тере­зеден жұмақты көрдім» деген өлеңдерінде ырық­қа көнбейтін еркіндігіне тәнті болдым. Ал ­Қалқаман Саринді бұрыннан тұрақты оқып, өлеңдері туралы пікірімді өзіне де айтып жүр­мін. Қалыптасқан өзінің өрнегін тапқан ақын. Ырғақты бұзбайды. Десе де, мен танитын Қалқаманның қалам деңгейінен төмен де өлеңдері бар. Мысалы, «Домбыра» деген өлеңі» деген секілді ойларын ашық ор­та­ға са­лып, екі ақынның Әдебиет порталы­на жа­рия­ланған топтамаларынан мысал кел­тіріп сөй­леді.

Талғат Ешенұлы қазақ лирикасына жаңа поэтика әкелген ақын. Оның өлеңдерінде ин­теллект бар, жан бар. Поэзиясының ли­рикалық кейіпкері тек өзі емес, керісінше, өзін өлеңінен оқшау ұстауға тырысатындай, өзінен гөрі қоғам көңіл күйін көбірек жыр­ла­ғысы келетіндей көрінеді бізге. Мәселен «Бауырға хат», «Алматы. Теміржол вокзалы» өлең­дерінде уақыттың күйі, заманның зары жатқандай. Ақынның өзінен гөрі қоғамның хәлі, көңілі бар. Бір-екі жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан топтамасында қала­лық болған қазақтың психологиясын жа­зып еді. Ендігі қазақ ауыл­дан гөрі қаланы аң­­сап, сағынып тұратын жан.

Бәлкім, өзін жазудан қашатындықтан да қолына сирек қалам алатын шығар.

Қалқаман Сариннің өлеңдері біркелкі. Жи­нақы, жақсы. Бірақ осы біркелкі жазу ақын­ның өзін жалықтырмай ма? Тұрсынжан Ша­пай айтқан бір сөз бар еді. Ылғи жақсы өлеңнен әдебиетке қаншалықты үлес қосы­лады, жаңа ойы болмаса деген пікірге сая­тын. Қалқаман Сариннің өлеңдерін оқып отырып, біз де осы ойға тоқтағандай болдық. Және ақын­ның ән мәтіндерін жазатындығы да жиын­да сөз болып, бәлкім, сол да ақын­ның поэзиясына өз ықпалын тигізіп отырған шығар деген де ойлар айтылды.

Талғамда талас жоқ, я талғамға талас керек деп айтып жатады. Әркім шамасы жеткен жеріне дейін пікірін айтады. Бірде біліп, бірде білмей. Кімнің пікірі болса да, өмір сүруге хақылы. Жеке бастың емес, әдебиеттің сөзі айтылса – құрметке лайық. Жиынның толық мәтінін және видеотаспасын Әдебиет порталынан оқи аласыздар.

Кез келген әдеби талқының түп негізінде қаламгер шығармашылығының жалпы палитрасына ой жүгіртіп, жақсылығын екшеп, кемшілігін ескеріп айтатын жанашыр сөз жатады. Бұндай басқосуларда ақын-жа­зу­шының келбеті толық көрінбесе де, негізгі ерекшеліктері байқалып, оқырман қауымның жеке пікірлері айтылады. Әрине әртүрлі деңгейлі оқырман жиналатын отырыстарда талдау да кәсіби деңгейде болмайды. Және пікір айтушылар да арнайы дайындықпен келмесе, жалпылама сөзден аспаған қарапайым түйіндер көрініс табады. Бұл бір жағы өздерін әдеби ортаның өкілі санайтын қауымның әдеби дайындығы жоқтығынан болатын құбылыс. Ақындыққа, жазушылыққа бір кісідей таласы бар адам­дар­дың талқылау жиындарға келмеуі, я да­йын­дықсыз келулері қазіргі кездегі «дауыл ал­дындағы тыныштық» деп бағаланған осы сәт­тегі күйімізге мүлде қарама-қайшы дүние. Өйткені дауыл алдындағы тыныштықтың дайындығы зор болады. Пікірі, ойы, талғамы болады. Ал ойсыз, пікірсіз, құр мақтау мен дабыраға бой алдырған «тыныштық» дауылдан түк хабар бермейді. Өздері туралы айтылса, жазылса, талқыланса дейтін топтың өзгелер туралы айтуға, талқылауға құлықсыздықтары тоқмейілсуден, «оның шығармашылығы туралы пікір айтатындай, өлең-әңгімелері талқыланатындай ол кім еді деген» деген өзімшілдіктен басқа не болуы мүмкін деп ойлайсың. Шығарма талдау да, талантты тану да қиын. Әдеби клубтардың мақсаты талантты ашу емес, әдебиетті насихаттау болса да, ұйымдастырып отырған шағын талқылауларда аз да болса жанашыр сөз айтылса деп ойлайсың. Ол жоқ жерде, өсу жоқ.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»