Парламент • 19 Наурыз, 2018

Сенат Бюросының отырысында заң жобалары бөлінді

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының отырысы болды, деп хабарлайды Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

Сенат Бюросының отырысында заң жобалары бөлінді

Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға АҚШ-тың қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы; Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді; ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын пысықтау және қорытынды әзірлеу жөнінде жауапты болып белгіленді.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Бюрода Палатаның 29 наурызда өтетін кезекті жалпы отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар да енгізілді.

Сенаторлар Қазақстан мен Беларусь арасындағы Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; заңнамаға жер қатынастарын реттеу туралы; халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобаларын қарайтын болды.

Бюро соңында Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру мақсатында сенаторлар 30 наурыз бен 4 сәуір аралығында аймақтарға аттанатынын айтты.