19 Наурыз, 2018

Қыздар Университеті футзалдан Қысқы Универсиада ойындарының жеңімпазы атанды

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған құрама команда футзалдан VII Қысқы Универсиада ойындарының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз орталығы.

Қыздар Университеті футзалдан Қысқы Универсиада ойындарының жеңімпазы атанды

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен өткен бәсекеде еліміздің 9 жоғары оқу орындарынан келген әйелдер командалары өзара тартысқа түсіп, бақтары мен баптарын сынады.

Қыздар Университетінің аяқ доп шеберлері жарыстың алғашқы күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрамасын 4:3 есебін ұтып келесі кезеңге жолдама алды. Ал, екінші күні Павлодар мемлекеттік университетін 3:2, Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін 5:2. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін 2:1 есебімен ойсырата жеңіп, алғашқы айналымға шықты.

Жартылай финалда Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің командасынан 4:3 нәтижесімен басым түсті. Ал, финалда ҚазҰУ спортшыларын 2:1 есебімен жеңіп, Универсиада жеңімпазы атанды.

– Сайыс жолында Қыздар Университетінің командасы өзара ұйымшылдық танытып, тактикалық және техникалық шеберліктерін толықтай паш ете білді. Спортшыларымыз шыдамдылық, жылдамдық сияқты қасиеттерінің арқасында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, алтыннан алқа тақты, – дейді Дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Әлия Еселбаева.

Аса белсенді ойын өрнегін көрсеткен Қазақ мемлекеттік қызар педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының студенттері Әлия Сәдуақасова мен Айсәуле Сайдулла «Ең үздік шабуылшы» аталымына лайық деп танылды.

Қысқы Универсиада ойындарында топ жарған командалар мен жекелей қатысушылар арнайы кубокпен және медальмен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар