Парламент • 19 Наурыз, 2018

Діни лидерлердің VI Съезіне әзірлік жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы болды

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне әзірлік жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы болды. VI Съезд 2018 жылғы 10-11 қазанда Астанада өтеді, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Діни лидерлердің VI Съезіне әзірлік жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы болды

Қ. Тоқаев кіріспе сөзінде алдағы Съездің өтетін уақыты оның 15 жылдығымен тұспа-тұс келетінін атап өтті. «Бұл мерзімде форум әлем қоғамдастығы тарапынан кеңінен мойындалды, Қазақстанның сыртқы саясатының танымал брендіне айналды. Съездің діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық үнқатысуды ілгерілетуге қосқан үлесі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарларында атап өтілді», - деді Сенат Төрағасы.

Қ. Тоқаев форумға әзірлік жөніндегі шаралар жоспарына сәйкес, тиісті мекемелерге тапсырма берді. Съезд Хатшылығының басшысы дінаралық үнқатысуға қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын беруге және Съездің Құрметті медалімен марапаттауға, сондай-ақ Бейбітшілік және келісім мұражайының ашылуына байланысты мәселелерді мұқият пысықтауға шақырды. Сенат Аппаратының басшысы, Мемлекеттік комиссияның хатшысы Серік Сыдықов басқаратын Съездің Ұйымдастыру комитеті әзірлік жұмыстарын үйлестіретін болады.

Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов, дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев VI Съезге әзірлік жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы сөз сөйледі.