Аймақтар • 20 Наурыз, 2018

Павлодарда «Хош келдің Наурыз!» атты кітап көрмесі өтті

1891 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы №41 мектепте Наурыз мейрамына арналған  рухани-танымдық мәдени іс-шаралар өтуде.

Павлодарда «Хош келдің Наурыз!» атты кітап көрмесі өтті

Фото: Диана Багишева

Қазір оқушылар мен мектеп жанындағы дайындық бөлімінің кішкентайлары да Наурыз мейрамын қарсы алуға қызу дайындалуда. Кітапханашылар «Бақ – берекем, Құт – мерекем-Әз Наурыз!» атты кітап көрмесін тамашалауға шақырды. Көрмеде «Қазақ дастарханының дәстүрі», «Бата беру», «Наурыз», «Қазақ халқының салт-дәстүрі» атты және басқа да кітаптар ұсынылған.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Жақыпованың айтуынша, Наурыз мейрамына арналған кітап көрмесінде оқушылар Әз-Наурыз, құт, бақ-береке деген сөздердің мән-мағынасын біліп, танымдық сабаққа қатысты. Бір-бірін Наурызда айтылатын «Ақ мол болсын!» «Ұлыс оң болсын!» құттықтаулармен құттықтады. Мектепте білім алып жүрген өзге ұлт өкілдерінің де ұл-қыздары өздерінің қазақ тілінде білетін мақал-мәтелдерін айтып, салт-дәстүрлерді, музыкалық мәдениетті, Наурыз көженің қалай әзірленетіні жайлы жарыса айтып берді. «Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда...» деп Милана Сумина Мұқағали ақынның бірнеше өлеңін  оқып берді. Кітапханадағы «Өлке тарихы” бөлімі бойынша,  «Қазақ халқының рухани мәдениеті» тақырыбына орай әңгімені Майра музейінің меңгерушісі Ерлан Олжайұлы жүргізді. Қазақтың музыкалық аспаптар жайлы айтып, өзімен бірге алып келген бірнеше аспапта ойнап берді.

Оқушылар асыға күтіп жүрген қуанышты сәт бар. Ол – мектепте өткен «Балалардың 100 әні» атты ән байқауының қорытындысы –22 күні – Наурыз мейрамында белгілі болып, жеңімпаздар да анықталады.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше