Аймақтар • 20 Наурыз, 2018

Астанадан Аягөзге төрт мың дана тігін және трикотаж өнімдері жеткізілді

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Су тасқынынан зардап шеккен Аягөз тұрғындарына еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан көмек керуенінің легі толастар емес. Бүгін Аягөз қаласына Астанадағы «Жасампаз» отандық өндірушілер концорциуымы ұжымының жолдаған гуманитарлық жәрдемі келіп жетті.

Астанадан Аягөзге төрт мың дана тігін және трикотаж өнімдері жеткізілді

Еліміздің 13 өңірінің 59 кәсіпорынының басын біріктіретін мекеме «Қазақстанда жасалған» белгісімен табиғаттың тосын мінезінен зәбір көрген тұрғындарға құны 7 миллион теңгенің 4 мың дана тігін және трикотаж өнімдерін (ересектер мен балаларға арналған жылы киімдер, мектеп формасы), 1 жарым мың дана төсек жабдықтарын, 1500 жұп аяқ киім жіберіпті.

«Айдың-күннің аманында қаншама тұрғынның баспанасыз қалып, келеңсіз күйге түскені еліміздің бір азаматы ретінде біздің де жанымызға батты. Уайымдадық. Ұжыммен ақылдаса келе Аягөз тұрғындарына көмек көрсету жөнінде шешім қабылдадық. Мұқтажға жәрдемдесу, сүрінгенді демеу, қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет емес пе? «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасымыз туған жерге, өскен елге, қоршаған ортаға құрметпен қарау ата-бабамыздан дарыған игі дәстүр екенін атап өткен жоқ па? Біздің кәсіпорын отандық өнімдерді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Халықтың осал топтарына әркез жәрдемдесіп отырамыз. Республикалық «Атамекенім» акциясы аясында Аягөзге киім-кешек, төсек жабдықтарынан бөлек материалық көмек ретінде 1 миллион теңге жібердік», - дейді «Жасампаз» отандық өндірушілер концорциуымының атқару кеңесінің төрайымы Гүлмира Уахитова.

Арқа төсінен жолданған қайырымдылық көмекті аман-есен Аягөзге жеткізген астаналықтарды жергілікті тұрғындар құшақ жая қарсы алып, алғыстарын жеткізді. «Ауданымызға еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек келіп жатыр. Бүгін міне Астанадан «Жасампаз» концорциумының жіберген заттарын қабылдап алдық. Жылы киімдер мен төсек жабдықтары, мектеп формасы тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға үлкен жәрдем болары анық. Табиғаттың тосын мінезінен баспанасыз қалған, үйлері бүлінген отбасылар алғыстарын айтып жатыр», - дейді Аягөз аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Медет Мырзыкешов.

Астанадан келген көмекке тұрғындар да өз ризашылықтарын білдірді. «Сонау Астанадан ат арытып келген «Жасампаз» мекемесінің ұжымына көп рахмет. Осындай қиын сәтте қасымыздан табылғанына ризамыз. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар атынан зор алғысымызды білдіреміз», - дейді тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындардың бірі Мәдина Дәрібаева.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше