Қазақстан • 21 Наурыз, 2018

Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы

3936 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыздың халқымызбен қайта қауышқанына, елімізде кеңінен тойлана бастағанына міне, биыл отыз жыл толып отыр екен. Әр күні ғасырға бергісіз осы отыз жылда ортамыз толды, ойдағымыз болды. Шын мәнінде жаңару мен жаңғырудың құтты бастауына айналған Наурызбен бірге еліміздің жасампаздығы артты. Тәуелсіз еліміз іргелі мемлекет ретінде әлемге танылып, Арқа төсінде асқақ Астанамыз бой көтерді. 

Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы

Фото: Қайсар Шерім

Осы жылдар ішінде ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген ұлық мереке 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен Наурыз – Халықаралық күні деп танылды. Шығыстың ортақ мерекесі ретінде мойындалған жыл басы тамыры бір, тарихы ортақ, тағдыры ұқсас түгел түркіні табыстырған береке-бірліктің құтты бастауына айналды. 

Әз-мейрам биыл да жақсылықтармен басталды. Араға тоғыз жыл салып Астанада бас қосқан Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары шуақты мерекеге орай бірлескен мәлімдеме жасады. Онда: «Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет. Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар» деп Наурыздың мән-маңызы айрықша атап өтілді.

Расында, күн мен түн теңелетін, тіршілік атаулы шаттыққа кенелетін Наурыз есте жоқ ықылым заманнан бері үзілмей жалғасып келе жатқан жаңа жылымыз, төл мерекеміз. Оның түркілік тамыры тым тереңде жатыр. Көне түріктер алғашқы адам көктем күні жаратылған деп сенген екен. Көктемнің түбірі көктің аспан және тәңірі сөздерімен синоним екені белгілі. Сондықтан жер мен суды кие тұтып, көкке тағзым етіп, тұрмысы тіршілікпен тығыз байланысқан, табиғатпен етене егіз өскен көшпелі ел жер-жаһан жаңарып, жаңғырған сәтті Ұлыстың ұлы күніне балаған сыңайлы. Бұл орайда киелі көшін жұлдыздарға қарап белгілеген бағзы бабалардың күн мен түннің теңелер күнін дәл болжап білгеніне таңғалудың реті жоқ. 
Рауаяттар «Нұх пайғамбардың кеме­сінен қарайған жерге алғаш нәурізек ұшқан екен, сонда наурыз гүлі – бәйше­шек гүлдеп тұрыпты» деп, наурызды топан сумен байланыстырады. Сондықтан қа­зақ «кеме қалған» деп кие тұтатын Қа­зы­ғұртты күллі түркінің ат байлар қазық жұртқа теңеуі бекер емес. Ал Әбу Рай­хан әл-Бируни түрік жұртының наурыз­ды «жаңа күн» деп тойлайтынын айтады. 

Фазлуллах Рашид-ад-дин атақты «Жа­ми ат-тауарих» атты жылнамалар жина­ғанда бұл күнді Ергенеқонмен байланыстырады. Байырғы заманнан жеткен аңызға жүгінсек, шапқыншылыққа түсіп, жұрты опат болған Ел ханның ұрпа­ғы биік асулардан өтіп, жан-жағы қамал сияқты заңғар таулармен қоршал­ған сулы, нулы ғажап алқап табады. Ер­кенеқон деп атаған сол қоныста 400 жыл ғұмыр кешіп, өсіп-өнеді, көбейеді, мыңғырған малдары болады. Ақыры құздардың қуысына сыймаған олар Отанына жету үшін көрік басып, от қойып, темірмен тауды балқытып, жол тауып шатқалдан шығыпты. Көк бөрінің жол көрсетуімен жаңа қонысқа жеткен жауынгер жұрт Ұлыстың ұлы күнін тойлапты. Осылайша жаңа күн ретінде Наурызды тойлау кезінде түрк қағандары көрік басып, балға ұрып, төс соғатын жоралғы жақсы ырымға, игі дәстүрге айналыпты. Жылнама осылай баяндай келе бүй дейді: «Шыңғыс ханның шежіресі соларға (Дубан Баян мен Алан Қуаға) барып тіреледі. Осы себептен (адамдар) ол тау туралы және темірдің балқытылуы мен темір ұсталығы жайлы естен шығармайды. Шыңғыс хан әулетінде жаңа жыл басы боп есептелер түні көріктер, ошақтар мен көмірді дайындап, олар біраз темірді балқытады да, төске қойып балғамен ұрып создырып, сол арқылы шүкіршілік білдіреді». Әйгілі Әбілғазы бахадүр хан да «Түрік шежіресі» деген еңбегінде осы баянға ден қояды. «Аңыз түбі – ақиқат» деген.

Ғасырлар өтіп, түркі жұрты сан сынақта сансыраса да бұл салт санадан өшпепті, жадыдан көшпепті. Ұлттық код дегеніміз – міне, осы болса керек. Бүгінде қазақтар Ұлы дала төсіндегі Отпан тауға от жағады, Әзербайжанда жиылған жұрт алау­дан аттайды, Анадолыда көрік басып, төске балға соғады. Мәңгілік ел мұра­тын жадыда жаңғыртатын осы дәстүр­ді біз де Наурызды тойлау барысын­да ескеріп, балғамен төс соғуды қайта жандандырсақ – Ұлыстың ұлы күні түрлене түсер еді. Осылайша бәйшешек пен нәурізектің, от пен көріктің, балға мен төстің әз-Наурыздың символына айналары сөзсіз. 

Қадірлі оқырман! 
Ел тарихының елеулі сәттерін тасқа басып, танымда зерделейтін «Егемен Қазақстан» газеті Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, өзінің ғасырлық тойының алдында Ақпарат және коммуникация­лар министрлігінің қолдауымен жаңа форматта қатталып, күнделікті 16 бет болып шыға бастады. Заманның талабы, оқырманның талғамына сәйкес газеттің мазмұндық сипаты да салмақтана түсті. Бұл – тарихи жаңа кезеңнің жарқын бе­лесі. Оң өзгерістер орайын тапқан оң­тай­лы сәтте газет атауының латын әліп­биімен қайта жарыққа шығуы – ол рухани негізімізге қайта бет бұрудағы нақты нәти­желі істердің бірі деп есептейміз. Елба­сы­мыздың ел газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткендей, латын әліпбиіне көшуіміз, қазақ тілінің болашағы үшін жасалған тарихи қадам. 

Ендеше, құрметті оқырман, боса­ға­мыз­дан берекемізді арттырып аттаған ит жылы әрдайым игілікті істерге баспалдақ бола бергей! 
Ұлыс оң болсын, жыл жақсылығымен келсін, ағайын!

Құрметпен, 
Дархан Қыдырәлі

Соңғы жаңалықтар