Тарих • 21 Наурыз, 2018

Шығанақ – қазақ елінің еңбек пас­порты

1627 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Еспембеттей ер қайда, Ерді сый­лар ел қайда?!» деген екен Дулат ақын. Сол айтқандай арғы-бергіде елімізге еңбегі сі­ңіп, халқына қадірлі атанған көр­некті тұлғалар көп болған. Олар­дың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері де, қара­пайым еңбек адамдары да, әде­биет, мәдениет өкілдері де жетер­лік. Өкінішке қарай, ол­ар­дың кейбірінің есім­дері әртүрлі себептермен ұмы­ты­лып ке­тті. Біздің газетіміз осы олқы­­­лық­тың орнын толтыру мақ­сатын­да «Ұмытпаңдар мені...» атты арнайы айдар ашып отыр. Бү­гін осынау айдардың алғаш­қы ма­қа­ласын оқырманға ұсынбақпыз.

Әңгіме, өткен ғасырдың отызын­шы жылдарының соңы мен Ұлы Отан соғысы жылдары аралығында, ел сол­ар­дың сәл алдындағы жаппай аш­тық – ауыртпалығына тап бол­ған тұста шөлейт Ойыл дала­сы­ның алақандай дерлік жерін қолдан құнарландырып тары дақылын өсіру­де дүниеде бұрын-соңды бол­маған, оны агроғылымның өзі көрсет­кіш­ті «тео­рия­дағы болжамнан асып кетті» деп мойын­даған, еңбектегі үлгі-өнегесімен дәнді дақыл өсіруде бүкіл елді қозғалысқа түсір­ген, енді міне, мына тойынған уақытта жұрты­ның есінен кетіп, ескерткіште елен­бе­ген, шағын Қарасудың бойында қазақ­тың халық ретіндегі қадірін айдай әлемге айқындаған атақты Шығанақ туралы. Біз оның рекордын білеміз дейік, ал ол өмір кешіп, еңбек еткен, кереметтей көп өнім алған жылдарындағы жалпы елдегі жағдайды бүгінгі ұрпақ біле ме? 

Оның бозбалалық, жігіттік шақ­тары жазылып еңбек етіп, жарқырап көрінетін уақыт емес-ті. 1917 жылдан бастап, өмірден өткен 1944 жылға дейінгі аралықтың жылнамасы елде бір ғана түс – қанмен жазылған қилы кезеңдер еді ғой. Қазан төңкерісінен кейін одан да бетер ауыртпалыққа ұшы­рат­­қан азамат соғысы, оған іле-шала жалғасқан 1921 жылдан бас­талған жаппай ашаршылық, елді тоз-тоз еткен кол­лек­тивтендіру мен халық­тың сүйегіне тұр­ғы­зылған индустрия­ландыру, 1937 жылдан 1954 жылға дейін созылған репрессия адамнан адамдықты кетіріп, елдің есін алған қаралы, ұзақ жылдар болды. Бір ғана 1921 жылғы ашаршылықта қазақтың саны үштен бірге азайды, 1930-1933 жылдар арасында тағы да 2 млн 200 мың адам аш­тықтан қазаға ұшырап, 1 млн адам босқын болды.

Шығанақ нақ осы кезде өмір сүріп, еңбек етті, нақ осы кезде айдай әлемге өзі­нің, ауылының, қазақ халқының, КСРО мем­лекетінің даңқын шығарды. 
Шығанақ – қазақ елінің еңбек пас­порты. Кешегі кері кеткен кезеңнің өзінде 40-жылдары Шығанақ көзі тірі­сінде де өмірден өткеннен кейін бір­шама ресми құрметтелді. Әлгідей ала­сапыран өмірде жұртына қызмет етіп, емендей иілмей қалған оны «қыты­мыр» уақыттың өзі мойындап, илікті. Ол тары егісін алғаш бастаған 1938 жылы әр гектардан 37 центнерден өнім алса, келесі жылы – 69, 1940 жылы 125 центнерден өнім алып, Одақ бойынша үздік көрсеткішке жеткен. Осы табысы үшін диханға елдің ең жоғарғы наградасы – Ленин ордені берілді. Ал 1941 жылы әлгі көрсеткіш – 150 центнер, 1942 жылы – 175 центнерге жеткізіліп, 1943 жылы бүкіл био­логия ғылымын таңғалдырған 204 цент­нер жиналды. Неміс фашистерімен шай­қастағы Қызыл әскердің қорына тек өз есебінен 350 пұт тары, 50 мың сом ақша тапсырған тары өсірушіні Сталин: «Құрман» колхозы. Звено бригадирі Бер­сиев Шығанақ жолдасқа. Қызыл Ар­мияға істеген қамқорлығыңыз үшін, Бер­сиев жолдас, Сізге рахмет! Біздің ар­мия­ны ешбір күш жеңе алмайды» де­ген телеграммамен құттықтады. Сол сыйл­ық­тарын майдандағы сол­даттарға жеткізу сапарымен Мәс­кеуге бар­ған­да оны Орталық комитет­тің хатшысы Ма­лен­ков тікелей өзі бастап жүріп, Кремль­дің көрнекті орындарын аралатты.

Диқанның табысты тәжірибесінен кейін тары егісінің көлемі елдің көп­теген аймақтарында шұғыл ұлғай­ды. Шығанаққа алғыс хаттар ұрыс далаларындағы әскери құрамалардан, жеке солдаттардан, атақты Мәлік Ғабдуллиннен… үздіксіз ағылып, Кеңес Одағының егіншілікпен айналысатын көптеген өңірлерінен дақылды өсіру мен баптаудың әдіс-тәсілдерін сұ­ра­­ған хаттар келіп жатты. Олардың бір­қатары Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы.

Диқан өмір сүріп, еңбек еткен Ойыл ауданында ғана соғыстың аяғына таман тары өсіретін 23 звено жұмыс істеді. Республика бойынша дақылдың жалпы егін­шіліктегі үлесі 1945 жылы 50,3 пайыз­ды құрауы – қатал жылдардағы негізгі қо­рек­тің қайдан келгенінен хабар бергендей. Бір ғана Ақтөбе облысында 1947 жылы осы іспен 700 звено айна­лысты. Аш құрсақты тойындырған «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң ат­қан­ша» деген қанатты сөз сол уақыт­тың әңгімесі. 

Бүгінде Шығанақты ұмыттық, тарыны біле бер­мейміз, ерен еңбегі үлгісімен соңына жүздеген ізбасар­ларды ертіп елді қарқ қылған Шыға­нақ­тың сол рекорды 1920 жылы аштық басталып, өзі күнкөріс мақсатымен алыс Қарақалпақ еліне кетерде мекен қылған үйінің ішінен ұра қазып, екі бөлек кеспек бөшкеге салумен көміп кеткен небәрі үш пұттық, шамамен, елу кило тұқымды 1937 жылы қайта оралғанда, қазып алып, сепкен тұқымнан басталған. Сонда сол тары он жеті жыл бойы бұзылмай жатқан.   

Тары егісі республикада содан 1960 жылдары 1105 мың гектарға дейін жет­кізілген-ді. Өміршең құбылысқа сұм заман, қатал уақыт та жеңіліп илікті дедік. Дихан өмірден өткеннен кейін оның есімін құрметтеудің бірқатар шаралары қолға алынды. Сол 1944 жылғы қарашаның 24-і күні Қазақ КСР халық комиссарлары советінің төрағасы Н.Оңдасынов пен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің іс басқарушысы Д.Сырцов «Әйгілі тары өсіруші – колхозшы Шығанақ Берсиевтің есімін мәңгі есте қалдыру және оның жоғары өнімді егін өсіру әдістерін насихаттау туралы» үкі­меттік №666 қаулыға қол қойды. Алты баптан тұратын бұл қаулыда: «1. Ақтөбе облысының «Құрман» колхозында «Осы жерде Шығанақ Берсиев 1943 жылы тарыдан гектарынан 1232 пұттан алып, әлемдік рекорд жасады» деген жазуы бар пирамида орнатылсын. (Пирамида Қазақ сәулет өнерінің көшбасшысы, 34 жастағы Бәсеновтің жобасымен 1944 жылы тар уақытта басқа мүмкіндіктің жоқтығынан Ойыл селосында ХІХ ғасырда салынған тарихи ғимаратының Қазан төңкерісі тұсында қиратыл­ған қызыл кірпіштерінен салынды. – И.А.). 2. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінен 1945-1946 жылдардан бастап, ауыл шаруашылығы институты студенттері үшін 3 стипендия тағайындау сұралсын. 3. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына ол туралы повесть және ән жазылсын. (Ғабиден Мұстафин «Шығанақ» романын 1946 жылы жарыққа шығарды. Ән жазылған жоқ. – И.А.). 4. Суретшілер одағына рес­пуб­лика мұражайы мен сурет галереясы үшін Берсиев звеносы мен Берсиевтің порт­ретін салу тапсырылсын (орындал­май қалды. – И.А.). 5. КСРО Халық Комис­сар­лар Советінен диханның жұмыс әдісі туралы кинофильм шығару сұрал­сын (жоқ. – И.А.). 6. Диқан есімін мәңгі есте қалдыру жөніндегі үкімет­тік шараларды жүзеге асыру үшін мына құрамдағы комиссия бекітіл­сін: Республика Халық Комиссар­лар Кеңесі Төрағасының орынбасары Шныреев (төраға), Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитеті ауыл шаруа­шылығы бөлімінің меңгерушісі Мель­ник, егіншілік жөніндегі халық комис­сары Дауылбаев, ВАСХНИЛ Қазақ фи­лиалының төрағасы Мыңбаев, ауыл шару­а­шылығы институты­ның директоры Жұматов» делінген. Үкімет, кейбір деректерге қарағанда, елдің атақты перзенті есімін лайығымен есте қалдырудың шара­ларын тек осылармен ғана шектемеген се­кілді. Батыста ер-азаматтар қырғын соғыста шайқасып, шығыста – елдегі ең­бекке жарайтын дейтіндей бала-шаға, қариялар ауру-сырқаулыққа қарамастан күні-түні бел жазбай жұмыс істеген қатал, қасіретті шақта да билік сөйтіп қадір­лі пер­зентін құрметтеудің амалын іздес­тірген. Алайда соғыс жағдайында ойға ал­ған­дарын түгел орындау мүмкін болмады.

Елуінші жылдары Мәскеуде КСРО халық шаруашылығы жетістік­тері­нің көр­месі ашылып, әр респуб­лика өздері тұр­ғызған ғимаратта павильон­дарымен орналасқанда, қазақ­стан­дық ғимараттың кіре­берісінен дүние­жүзінің түкпір-түк­пір­лерінен келіп қызықтаушыларды, үйрену­шілер­ді, тәжірибе алушыларды тұтас қазақ елінің еңбек және өнер символын бейнелейтін Шығанақ пен Жам­былдың монумент мүсіндері қарсы алатын. 
Елге азық-түлік керек болғанда ғана Хрущев 1963 жылы Украина­дағы кеңесте есіне алған Шығанақ ептеп тоқтық кіргесін, советтік идео­ло­гияның жағдайы белгілі, қайта ұмытыла берді. Содан кейін атақты дихан екінші рет араға он бес жыл салып, 1978 жылы еске түскен. Шынына келгенде, еске түскен емес, еске түсірілген еді. Ата-бабамызға «дән егіп терлеп», күнкөрістің жолдарын көр­сет­кен диқанды біз ұмытқанмен Украи­на­да халықтың әлі жадыдан кетпеген екен. Тары өсірушінің қадірін, сірә, қырқыншы жылдардан бері жадыдан шығармай жүрсе керек, «осындай атақты адам болып еді, оның кейінгі өмірі мен ісі не болды» деген сұрақ­пен сол елдің бір тұрғыны «Правда» газетіне хат жазған. 

Сол «Правданың» әлгі хатқа назар аударуы, сірә, тегін емес, көп ұзамай хат ізімен газет тілшісі А.Платошкин Ақтө­беге, Ойыл өңіріне, баяғы рекорд берген Қарасудың бойына жеткен. «Правда­ның» тілшісі, әрине, неге келгенін білетін, не көр­генін пайымдайтын маман журна­лист, кейін рес­публикада Берсиевтің де, бер­сиев­шілдіктің де ұмытылып бара жатқаны туралы көлемді материал жазды. Еске түсірді деуім – осы.

Осыған байланысты облыс кем­ші­лікті түзетуге шұғыл кірі­сіп, өңір­де тары егі­сінің көлемін кеңейт­ті. Дақылды өсіру­ші­лер арасында со­циа­листік жарыс ұйым­дас­тыры­лып, Шығанақ Берсиев атын­дағы жүлде тағайындалды. Озаттар кезек­сіз автокөліктер алып, омырауларда ордендер мен медальдар, бел­гілер тізілді. «Правда» сөйтіп бұл мәсе­ленің маңызын жалпырес­пуб­ли­ка­лық, жалпымемлекеттік дең­гей­де көтергенмен, ол сонда да тек облыс­тың өресінен шықпай қалды. Дегенмен, облыс басшылығы атақ­ты тары дақылын өсіруші есімін есте қалдыру жөніндегі қырқыншы жылдар­дағы үкіметтік, мемлекеттік ірі шара­лар­дың көпшілігінің орындалмай қалған­дығын ескеріп, осы тұста облыстық партия комитетінің бюросы мен кеңестік атқару комитеті 1981 жылы 14 шілдеде: «Ақтөбе қаласында Шығанақ Берсиевке ескерткіш мүсін орнату туралы» №349 біріккен қаулы шығарды. Осы құжатқа сәйкес Ақтөбе қаласында 1946 жылы шағын парк­тің тасалау бұрышында жергілікті әуесқой мүсінші Крошиннің қолынан шыққан кескінсіз, үгілгіш шойтас бетоннан ескерткіш мүсін тұрғызылған бұл күнде бүлінуде, енді оны жөндеу мен қалпына келтірудің мүм­кін еместігі ескеріліп, облыс бюджетіне кірістердің есебінен Ақтөбе қаласына, Ойыл ауданы орталығына және туған ауылы­на үш бюст-мүсін орнатылсын делін­ген қаулы жасалды. Сонымен бірге агротехниктер мен малшылардың Жұрын мектебіне, Алтықарасу қазақ орта мектебіне дихан есімін беру міндеттелген еді.
Кезінде өңірдің экономикасы мен шаруасын, мәдени-әлеуметтік жағдайын көтеруде елеулі еңбек сіңірген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Ливенцов пен атқару комитетінің төрағасы Оразалы Қозыбаев қолға алған осы игі ықылас, көп ұзамай, бірі зейнет­кер­лікке жіберіліп, екіншісі өмірден өткеннен соң аяқсыз қалды. 

Облыстың бұдан кейінгі басшы­лығы 1986 жылдың белгілі дүр­белеңіне сәйкес келіп «қазақ ұлт­шылдығы» деген жаламен жабыр­қаған шақта елге кертартпа метро­полиялық қырымен қарап, қазақ атаулының қандайынан да қара­лық іздеді. Міне, осы кезде Шығанақ өзі туған өңірде тағы да он жыл бойы ұмытылып, бір де бір рет еске алынған жоқ.

1997 жылы ел нарықтық рефор­ма­мен айналысып жатқан күр­делі шақта ешқандай қиын­дық, кедергілерге қара­мастан алыс Германиядан бір кезде әйгілі Бертольт Брехтың «Тары» поэмасына тақырып болған Шығанақ туралы толық мәлімет алу мақсатымен жер асып, су асып, алыс шөлейтте жатқан Ойыл өңіріне неміс әдебиеті мен театр өнерінің өкілдері Штефан Манитейфель мен Иенс Меерле келді. Сөйтсе, бұларды әлемдегі қырқыншы жылдарға дейінгі екі аса ірі оқиға ерекше тартқан екен. Бірі – авиация әлі дамымай тұрғанда Атлантика арқылы 1928 жылы қонбай ұшқан неміс ұшқышы Кёль мен ирландиялық Фициморис, екіншісі құнары жоқ айдалада ғылымсыз, білімсіз, қиялдан асып өнім алған Шығанақ туралы пьеса жазу мақсат болған. Ол уақыт барды бартермен құртып, қалғанын бөлісе алмай, біреу трактордың доңғалағын, біреу моторын ала қашып, ығы-жығы болып жатқан шақ. Шығанақ керек болса немістерге керек шығар, бізге қажеті шамалы деді ме, облыс басшылығының екеудің қасына атқосшылыққа қосқаны – облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары мен аудармашы екі жас қыз. Немістердің бұл сапардан нендей «құнды мәлімет» алғанын, әрине, осыдан-ақ түсіну қиын емес шығар деймін. Содан сол екі немістің мақсаттары жүзеге асып, ұлы диханның жасампаз бейнесі Германия сахнасынан көрінді ме, одан хабар жоқ, мені толғандыратыны – біз бұл жақта оларды Қарасуға ұялмай апарғанда, бір кезде қазақ сәулет өнерінің шебері Төлеу Бәсеновтің ойы мен қолынан Шығанақтың құрметіне тұрғызылған, қапталымен айналып көтерілетін күмбезді үлгідегі пирамиданың азып, бір кезде рекордтық өнім берген атақты төрт гектарлық егістіктің орнын тапап жатқан малды бақылау үшін кім болса сол көтеріліп қарауылдайтын биікке айналғанын, баяғыда ұрасында, он алты жыл жасырын сақталып, кейін әлемді таңдандырған өнім берген тұқым сақталған үйдің бүгінде ши басқан қоңыр төмпешік жұртын көргенде біз қазақтар туралы, ел туралы нендей түсінікте, қандай ұғымда болды екен деп налуға тура келеді. 

Сонымен соғыс алдында және соғыс жылдарында, одан кейін де Шығанақтың үлгісімен тары дақылы бүкіл Кеңес Ода­ғын­дағы егіншіліктің 54 пайыз үлесін құрап, бүгінге жеткен ұрпақ кешегі ата-баба­лары­ның, әрине, бәрі демеймін, бірақ көп жерде тірі қалып, өздерін өмірге әкелуге себеп­кер болған Шығанақтың көрсеткіштік емес, әлеу­меттік рекордын ескерткіш реті­нде тоз­дырып, өз өмірін естелік ретінде ұмыттық. 

Шығанақ осы деп ертеректе орна­тылған екі ескерткіш бюст-мүсін­нің не күйде екені айтылды. 1944 жылы салынған ескерт­кіш-пирамида иен далада иесіз қалған мазар секілді. Ол мазар емес, бейіт емес, мәдени-ескерткіштік ғибадатхана. Қалың ши арасында жатқан үй орны тек әйтеуір төмпешік емес. Бірақ мына жер – тым ерекше төмпешік, әлемдік рекорд бір кезде осы үйдің көмбесінен алынған тұқымынан өсірілген. Шығанақтың «кең сарайдай боз үйі» болған. Ол сырқатқа ұшырап, төсек тартып жатып қалғанда, Мәскеудің бұйрығымен шыққан аэроұшақ ұшу, қону алаңы жоқ осы жерге зорлықпен қондырылып, «байлаулы» тұрған. Басқа басқа, автомашинаны көріп қалудың өзі үлкен жаңалық уақытта бұл оқиғаға кезігу ауыл адамдарына ертегінің өзімен кезіккендей әсер қалдырған ғой. 

2006 жылы ұлы диханның туғаны­на 125 жыл тойланып еді, осыған байланысты елдің бас газеті «Егемен Қазақстан» содан бір жыл бұрын сол айтулы дананы елдің есіне салу үшін, 2005 жылғы 24 тамыз күнгі санында «Шығанақ – Қазақ елінің еңбек пас­порты» деп аталған көлемді материал жариялап, облыста біршама өрлеу тудырды, келесі жылы ол шара ретінде Ойыл ауданы орталығы мен рекордтық өнім туған жер – оншақты үйлі Қарасу мекенінде ғана атап өтілді. 

Сол мерекеде кішкентай Қарасу ауылында бастауыш мектеп, Ақтөбе қаласынан 20 шақырым қашықтағы ауыл шаруашылығы колледжіне есімі беріледі, колледж алдына ескерткіш-мүсін орнатылады делінді. Содан бас­тауыш мектеп пайдалануға берілді, колледжге есімін беру шешімі бекер болып шықты, бюст-мүсін жасалды, ол қазір колледж ағаштарының тасасында тұр. 

Өткен жылы тағы бір бюст-мүсін қашалып еді, оған да қаланың көр­некі жерлерінен жөнді орын табылмай, шаһардың ылдиға тірелетін шығыс жағын­дағы не көше емес, не алаң емес елеусіз қуысына қойылды. 

Ұлы диқанның еліндегі оған деген  ес­кер­т­к­іштің жайы, ол өмірден өткен жет­піс төрт жылдан бері, міне осындай күйде. 
Идош АСҚАР

АҚТӨБЕ