Білім • 21 Наурыз, 2018

Ойласу: Телефонға шұқшиған балалар сөйлеуден қалды

912 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егемен еліміздің ертеңгі бола­шағы жас ұрпақ тәрбиесі. Сол ұ­рпақтың тәрбиесі бүгінде еш­кімді де бей-жай қалдырмай отыр. Ал ұрпақ қамын ойлайтын ата-ана жайы қалай?

Ойласу: Телефонға шұқшиған балалар сөйлеуден қалды

Жас буынның да ойы заманға сәйкес «өзім шешемін» дегенге саяды. Алдағы өмірін, болашағын ойластырып та қойғанға ұқсай­ды. Заман басқаша, бәрі даяр, бәрі бар дегенге келтіреді. Иә, оның құны қаншаға түспек? Соны зерттеп, ойлаған жастар жоқ дегім келмейді... Қазіргі уа­қытта бесіктен белі шықпаған сәби­дің қолында ұялы телефон. Бала­ларымыз ұялы телефон, план­шетке үңіліп, ғаламторға тәуелді болғанын білмей қалды. Тек сол виртуалды кеңістіктен ғана барлығын табамын дейді. Иә, іздегенін табады. Алайда балаларымыз сөйлеуден қалды. Үнсіз, дыбысы да шықпайды. Бұл баланың сөздік қоры­ның жоғалуына алып келеді. Мек­теп­те оқушыны сөйлету қиын. Жауап алудың өзі машақат. Қазақ атам «Балалы үй базар» демей ме? Қазір бұрынғыдай үй­де шулап, асыр салып, бір-бірі­­мен әзілдесіп, білмегенін сұ­рау деген жоқ. Әр отбасына бара қал­саңыз, баланың дауысын ест­і­мейміз. Төмен қарап шұқ­­шиып отырғаны. Мен де ана­мын, екі баламның болашағы алаңдатады. 

Балаларымызды қалай тәр­биелесек, болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасын білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Сондықтан зама­ны­мызда қандай тәрбие жол­дары болды, қалай тәрбие­ле­ніп шықтық дегенді жиі айтып отыру керек сияқты. Ғаламторсыз заманда да өмір сүргенімізді, білімді болашақ өткенін құлақтарына құйып отырса артық болмас.

Ата-ана балаға тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргiзiлген үлгi-өнегесiнiң мәнi зор. Сөз қадi­рiн бiлетiн заманда бiр ауыз сөз­дiң iшкi мағынасын жете түсi­нiп, содан өзiне тәлiм алған баба­лары­мыздың қасиетiне не жетсiн?! Иә, қазір үлкен өзгерістер болып жатыр, әлемдік жаңару кезеңі деуге болады. Алайда ұр­пақ тәрбиесінде ұлттық құн­ды­лығы­мызды жоғалтып алмасақ болғаны.

Манаргүл БОХАС,
Евгенев негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қостанай облысы,
Таран ауданы,
Евгенов ауылы

Бала тәрбиесі: мақтау мен жазалау

Мектептегі ата-аналар жиналысына қатыса жүріп, көптеген балалардың әке-шешесінен тәрбие барысында мадақтау және жазалау шараларын қалай қолдану керек, мұның өзінде қандай шарттарды сақтау керек деген сияқты сұрақтарды жиі естіп жүрмін.

Мадақтау мен жазалау – балаға педогогикалық тұрғы­дан әсер етудің өте күрделі құрал­дары, оны тек шебер тәр­би­еші пайдаланғанда ғана нағыз пәрменді күшке ие болады. Мақ­тау да, жазалау да бойынд­ағы іштей бір толғаныс сезі­мін оятып, балаға өзі істеген ісі мен қы­лығын бағалай білуді үйре­теді. Бұл – адамның жеке ба­сы­ның адамгершілік қас­иет­терін жетіл­діретін алғы­шарттардың бірі.

Мақтау – бала тәртібіне оңды баға берудің формасы ретін­де оны қуанышқа бөлеп, масат­тандыра түседі, өз күшіне сенуге жетелеп, тәртіпті болуға үй­­ре­теді. Ал жазалау болса ес­кер­­ту формаларының бірі. Бұл бала бойында өзіне өзі қана­ғат­танбау, ыңғайсыздық, жа­саған қылығына ұялу сезімдерін туғы­зады. Жазалаудың осы бір пси­хологиялық жағы оны пәр­менді етумен бірге, баланың теріс ісіне тосқауыл болып, жа­ғым­­ды әдеттерге бас­тауға игі ық­пал жасайды. Сондықтан да ма­дақтау мен жазалау шараларын орынды пайдалана білген жөн.

Сәбиді ретсіз жазалау қа­шан­да іске нұқсан келтіреді, ата-аналардың беделін түсіреді. Балалар өз тәртібін бағалауға келгенде сезінгіш болады. Жасы үлкен адамдар табысын атап көрсетіп, мақұлдап жатса, олар қуанып шаттыққа бөленеді. Баланы мадақтау арқылы біз оның тәртіпті болуына игі әсер етеміз. Мысал келтірейік, бір­де 6 жасар Светаға шешесі гүл­дерді суарып, арам шөбін жұлу­ға тапсырма берді. Сәби бұл жұ­мысты беріле орындады. Ана­сы қарап шықты да «өте жақсы, арам шөпті таза отап­сың» деп қызын мақтады. Света бұған масаттанып құлшына түсті. Балалар­дың кез келген ынта-ықыласын қошеметтеп отыру қажет. Олар көп нәрсеге құмар келеді: сурет салып, түрлі модельдер жасайды, жан-жануарларды мәпелейді. Ата-аналар сәбилерінің өзі қала­ған ісін дамыта түсуіне жағ­дай туғыз­ғандары абзал. Әрине мадақ­таудың да шегі болуы тиіс. Оны орынды-орынсыз пайдалана беру тәрбиелік мәніне кері әсер етеді.

Баланы жиі мақтай берсеңіз, ол соған дағдыланып кетеді де, бойын үйретіп алған соң нем­құрайды қарайтын болады. Мұн­дай жағдайда мадақтау өзінің тәртіптілікке тәрбиелеу, ізгілікке баулу сияқты қасиет­терін жойып алады. Балаларға сыйлықтарды ерекше бір жағдайларда, соның өзінде жан-жақты ойластырып берген жөн. Оқудағы табысы, үлгісі, тәртібі үшін ақшалай немесе заттай сыйлық беруден аулақ жүрген дұрыс. Себебі жақсы оқып, тәртіпті болу әр оқушының мін­деті ғой.

Ал жазалау жағы қалай бол­мақ? Жазалау арқылы бала­ға өз қатесін түсінуге, тәрті­бін түзе­туін де баулыған жөн. Мұ­ның өзінде оның ар-намысы­ның жә­бірленуіне жол беруге болмайды.

Ашу үстінде қолданылған жаза­ның көп реттерде әділ бол­майтындығы байқалып жүр. Жекелеген отбасыларда кінәлі болған балаға жұмыс істетіп қою оқиғалары кездеседі. Олар­ды ас үйді тазалауға, көң-қо­қысты жинауға, еден сүртуге күштейді. Мұндай сәттерде сәби бойында еңбекті жек көру сезімі пайда болып, «кінәлі болмасаң жұмыс жасамауға болады екен ғой» деген пікір қалыптасуы мүмкін. Кейбір отбасында баланы жазалаудың түрі осы екен деп тамақ бер­мей қояды. Бұлай істеу де дұрыс емес. Себебі мұндай жаза баланы отбасына қарсы қояды. Ата-аналар талап қойғанда ақыл­ға салып ойланып, баласының да ынта-ықыласымен санасып отыруы керек. Сондай-ақ жазаның не үшін берілетінін айтып түсіндірген жөн. Қай жастағы болмасын, өзінің дұрыс жазаланып отырғанын айқын сезініп, алдағы уақытта мұндай қылықты қайталамауға іштей әзірленсе ғана тәрбиенің нәтижесі болғаны.

Баланы ұрып-соғып тәрбие­леуге болмайтынын айрықша айтқымыз келеді. Бұл адамның ар-намысын таптаумен бірдей әсер етеді, баланы моральдық күйзеліске түсіреді. Ол бара-бара қатыгез болады, ата-анасын сыйламайды. Үйден кетіп қалу­шылық та осындайдан шығады, бала ата-ана шуағын сезінуден қалады, бос уақытын көшеде сенделумен өткізеді. Мұның бәрі тәрбиенің әсерін әлсіретеді.

Не болса соған баланы жазалай беруге де болмайды. Бұған кейбір отбасылар мән бермейді. Әкесі болсын, шешесі болсын, ұлының немесе қызының сәл қылығын, тіпті байқаусыз қы­лы­ғын кешірмейді. Мұндай тәр­бие ешқашанда жақсы нәти­же беріп көрген емес. Жазы­қ­сыз жазғыра беру балаға кей­де теріс әсер етеді. Ол қате­сін түзетудің орнына оны ушық­­тыра түседі. Айтқанды тың­да­май­ды, қайта бәрін де керісін­ше жасауға ұмтылады. Кейбір жекелеген ата-аналар баласына ақырып-жекіріп отырады. «Шық», «кет», «ананы әкел», «мынаны әкел», «болмай­ды» деп бұйыра сөйлейді. Ал жас­өспірімдер ондайды тез көңіліне алады. Сондықтан да не істеу керектігін ақырып емес, жылы лебіз арқылы жайлап түсіндіру керек. Балаға әсер ету құралдарын ойластырған кезде қателігі неден болады, кемшілігін өзі мойындай ала ма? Жасы нешеде деген сияқты көптеген жайлармен санасуға тура келеді. Яғни бала тәрбиесі – өте күрделі мәселе. Оған ат-үсті қарамай, үнемі іздену үстінде жүру керек.

Айжан САРҚҰЛОВА, 
ардагер ұстаз 

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы,
Ембі қаласы