Әдебиет • 21 Наурыз, 2018

Сөз сойыл №55

2592 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ит туралы ирек сөз

Сөз сойыл №55

Сонау көне заманнан бері ит туралы өткір, өтімді сөздер айтылып ке­ле­ді екен. Жыл атауына иттің есімін беріпті. «Ит – жеті қазынаның бірі», «Ит – ырыс» деп насаттанғанына қара­­ғанда сенімді серік, мал-мүлкін ит-құс­тан қорғап, көмектескен болды ғой. Адамдардың алғашқы легіне бірін­ші үйір болған да ит деп атайды. Оны аз десеңіз, жер өлшеміне де итті пай­да­ла­ныпты. «Ит арқасы қиянда», «Ит өл­ген жер». Бірақ «Керуен көшеді, ит үреді», «Ит мініп, ирек қамшылап» деген сөздер маған ғана түсініксіз. Ке­руен көшсе көше берсін, ит қашанғы үре­ді дейсің, үріп-үріп жағы талған соң қояды да. Ал ит мініп, ирек қамшылап деген тіркес бұлыңғыр. О заманда, бұ за­­манда кім итке мінді дейсің? Ирек қам­­шылағаны жай ғана айтыла салған шығар?

Жаны күйзелген, ашынған біреулер әлдебіреуге өшігіп, «ол бір ит екен» дейді. Сөйте тұра «ит болғаным-ай» деп өкінетінін қайтерсің?! Дәл сол кезде оған төтесінен сұрақ қойсаң «ит біліп пе?» деп ажырая қарайды. Қос өкпесін желпілдетіп, екі иығын селкілдетіп, терең-терең дем алады да, шеке тамырының құрыс-тырысы жазылып, «беу, дүние-ай!» дейді. Ойланып-ойланып тәубесіне келеді-ау, шамасы. «Итін иесімен қинасын» деп күбір ете түседі. «Иесін сыйласаң, итіне сүйек сал» деген бар. Мұртын сипап қойып мырзалық танытады. Сөйте тұра, «өтірік айтсам, ит болып кетейін» дейтінін қайтерсің?! Қарадай отырып қарғанбаса да оны түсінуге болар? Дардай адамның ит болғаны жаман-ау. Барылдаған дауыспен арп-арп етіп үрсе, азу тісін ақситса, біреулер шошыр. Тіпті келіншектер іштей баласын тастап кетуі мүмкін. Құрысын, мүмкіндік болса, ит болмағаны жақсы. Онсыз да қоқыс жәшігін итпен бірге тырмалап, анау-мынау бірдеңе тауып жеп жүргендер кездеседі.

Есеңгіреп келе жатқаныңда қарсы алдың­нан көжектей қанденнің тұмсы­ғы­нан сүйіп, сүліктей жабысқан ке­ліншек кездеседі. Иті де пәле. Жап-жалпақ тілін сумаң-сумаң еткізіп, келіншектің оймақтай ернін құшырлана жалап-жалап қояды. «Шіркін!» деп қиялдайсың, сол иттің орнында бал­бы­раған сәби болғанда, танауы делдиіп бізге күлімсірей қарар ма еді? Әлде талпынып, тарбиған саусақтарын жа­йып, бізге қарай ұмсынар ма еді? 

Айтпақшы, байлардың үйіндегі иттер неткен бақытты. Дене тұрқы тайдай, танадай. Кейбіреулері құйттай, құртақандай. Түрлі тұқымға бөлінеді өздері. Сол иттердің жейтін тамағын иелері мұхиттың арғы жағынан әкеледі. Кейбіреулерінің арнайы күтушісі бар. Секіртеді, серуендетеді, шомылдырады, жүнін тарайды, тіпті құлағының ішіндегі құлығына дейін қарайды. 

Пенделер мен иттердің жақын араласқаны соншалық, кейбір мақал-мәтелдер ит туралы айтып келе жатып, адамға қарай кілт бұрылып кетеді. Неге олай болғанын қапелімде түсіне алмай қаласың. Мысалы, бастығының алдынан терлеп-тепшіп, қысылып, қымтырылып, тізесі дірілдеп шыққан біреулерге «не болды?» десең, «бастық ит терімді басыма қаптады» дейді. Бастық пен бағыныштысының арасында жүрген қандай иттің терісі? Алғаш тү­сіне алмай дал боласың. Оны аз десең, «иесіне еркелеген иттей екен» деп біреуді сыртынан сөгеді. Онда тұр­ған не бар? Еркелейтін адамыңыз болса, еркелеңіз. Бір көкеміз «ұры ит­тің артын сұқ ит жалайды» деген ма­қал да бар деп дүңк еткізеді. Көз алдыңа елестетсең, анайы көрініс. Ұят­ты білмеген ит анайылықты қайдан ұқсын?! «Ит жоқта шошқа үреді қо­раға» деген сөз тағы бар. Шошқасы құры­сын, аман болып иттеріміз-ақ үре берсінші.

Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ 
Алматы облысы 

Осындайлар індет боп тұр

Ит жылымен іркес-тіркес
 Бұрын естіліп білінбеген,
Естісең жүрек дірілдеген,
Аз да емес, көп те емес,
Бар да емес, жоқ та емес,
Жүрген жері көктемес –
«Сыбайлас жемқор» атты «құрттар» шықты,
Жеті басты жалмауыз жұрттар шықты.
Қоғамға қол салған,
Монтиып тұрып мол салған,
«Тендірі» бар, басқасы бар,
Есебі түгел қырттар шықты.
Жемқормен бірге «педофиль» деген,
Бала көрінсе қорлайтындар,
Жабайы азғын оңбайтындар,
Әр жерден қылаң берді,
Тексіз тентек лаң келді,
Олар атылмайды, сотталады,
Кейбіреуі отын оттап, суын ішіп
«Өмір бойғымен» тоқталады.
Тағы бір жау «вахабист», «салафист»,
Атасы басқа «каратист»,
Жоқтықтан емес, тоқтықтан,
Шыға алмай қалған «боқтықтан»,
Қатыны қара жамылған,
Ойы онға бөлініп қағынған,
Еркегі теріс батаны көп тұтқан,
Ата-анасын өзінің
«Кәпірсің» деп соқтыққан,
Міне осындай арам сүт емгендер
Сақалы сапсиып тағы шықты.
Талайының... «шаңы» шықты.
Жаңа жылда –
Қырағы болайық,
Осындайлар індет боп тұр.

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы

Жүрекжарды сөз

Есікті орта жастағы кербез келіншек ашты. Тұла бойында бір мін жоқ болса да көз жанарында мұң бар.

 – Кеш жарық, хабарландыру бойын­­ша келіп едім, – деп едім:

 – Бәрекелді! Бір хабары болатынына сенімім бар еді. Қалай өзі? Сый-сияпатыңыз дайын. Дін аман болар, көңіл-күйі нешік? Табылғанына құлдық! – деп, жанары күлімдеп бет-ажарына қан жүгіріп жайраңдап шыға келді.

 – Кешіріңіз, итіңіз табылған жоқ, – деп едім, маған алара қарап, қуанышы су сепкендей басылып, еңсесі түсіп, аянышты қалыпқа енді. Түріне қарап, оның итінің жоғалғанына өзім кінәлідей сезіндім. 

 – Табылып қалар, мен тілектес адамның бірі есебінде – табылуына септігі тие ме деп, оның мұндағы хал-жағдайы, қадір-қасиеті сияқты қасиеттерін білейін деп келіп едім, –деп міңгірлеген болдым.

Мүләйімсіп мүжілген, еңсе түсіп езілген. Айтуы бойынша: «ұйқы қашып, ас батудан қалған». Қайтсін, бала да сол, бауыр да сол... сол.
...Тербетіле теңселіп ұйқы соғар арнайы жасалған шетелдің төсек-креслосына нән суретін іліп қойыпты.

...Итінің кішігірім арнайы тоңазытқыштағы мұрты бұзылмаған тамақ-сауқатын көріп жұтқыншағым жұтынып, ішек-қарным сыр ете қалған соң жаба қойдым.

...Жеке салынған кең де керемет жуынар шұңқыры... Сабын, тарақты айтпағанда шампунның неше түрін табасың...
Қожайынының халі қабырғамды қайыстырып, тереңнен адами сезімім бұлқыныс беріп:

 – Мен-ақ итіңіз болайыншы! – деп жүрекжарды сөзімді айтып қалыппын.

Александр ЙОТОВ

Мен жайлы мәтел-сымақ

Сүйекпен ұрған ит қыңсыламайды. 

Иттің қолынан қаппау келсе де, үрмеу келмейді. 

Инабатты адам иттен де ұялады. 

Сөйлей білмеген кісіден, үре білген ит артық.

Қатын көп болса, шөмішті ит жалар.

Иттің басын алтын табаққа салсаң, шоршып түсер. 

Ысқырған жылан шақпайды, үреген ит қаппайды. 

Ит итаяғын жаламай тойынбайды. 

Алжыған төбет айға қарап үрер.

Айлалы ит үндемей қабады.

Сурет «Вокруг смеха» журналынан алынды

Мойындамай жүрген иттер қаншама?!

Көкірек құрдасы Қисыққа телефон соқты.
– Ассалаумағалейкүм, аса құрметті Итеке...
– Әй, сен немене-ей, ел-жұртқа белгілі дардай адамды Итеке деп, итсің деп. Ой, оңбаған, көргенсіз...
– Қисеке, таусылма, тоқтай тұр. Өзің емес пе, мені оңашада, ешкім жоқта «Итеке» деп ит екенімді есіме салып қой!» деген.
– Қашан, қай жерде айтыппын мен оны.
– Осыдан тура бір жеті бұрын үйі­ңе іздеп барсам, өзіңнен басқа еш­кім жоқ. Жападан-жалғыз сілтеп отыр­сың. Содан қосыла іштік. Үш рюмкадан кейін сенің көзің кіртиді. Сәл мүл­гіп отырдың да «Мен итпін» деп айқай салдың жын ұрғандай. «Қой, Қисеке!» десем болмайсың, «Мен итпін, мен нағыз итпін, төбетпін!» деп қыш­қы­ра­сың келіп. Содан соң ит екеніңді дәлелдей бастадың.
– Қалай?
– Былай. «Мен қатыныммен отыз жыл бойы тұрып келем» – деп бастадың «хикаяңды». Осы жылдардың ішінде ол менің кім екенімді, мінез-құлқымды «түп-тамырына» дейін әбден «зерттеп», танып, білді. Сондықтан сәл ұрсыса бастасақ болды, сол сволоч қатыным маған бірден «үрме» дейді. Бұл менің ит екендігімнің бірінші дәлелі.
– Апыр-ай, осының бәрін мен айттым ба?
– Сен айтпай, менің жыным айтты дейсің бе?
– Тағы не дедім?
– Ағайын-туыстардың, адамдардың арасына от салып жүретініңді, басқа да иттік қылықтарыңды ақтарып, жайып салдың.
– Астапыралла, не дейт! Мен өзі саған бар сырымды, бар шынымды айтып қойыппын ғой.
– Рақмет!
– Не үшін?
– Бар сырыңды, бар шыныңды айтқаның үшін.
– Ойбай-ау, оны мен емес қой айтып тұрған.
– Енді кім?
– Анау ит қой, арақ ит қой айтқызып тұрған.
– Сен олай, сөйлей алмайды екен деп араққа жала жаппа, жазғырма!
– Ал сен «оны» неге қорғап тұрсың? Немене, арақ сенің «ғашығың» ба, «махаббатың» ба?
– Әй, ақымақ, текке сандалма. Арақ деген «әулие» ғой. «Ол» біздің кейбір соттар сияқты дұрысты бұрыс қылып жібермейді. Әділін «айтады». Арақ та айна сияқты. Айна сенің сырт бейнеңді өзгертпей тап сол қалпында көрсетсе, арақ та сенің ішкі бет-бейнеңді, яғни иттік бет-бейнеңді тап сол қалпында сүмірейтіп сыртқа алып шығады, яғни аузыңа салады. Әйтпесе, «итпін» деп өзіңнен өзің айқайлайсың ба?
– Апыр-ай, солай ма?
– Әрине, солай. Сен «жұрттың айтқаны жөн болса да, өзімдікі теріс болса да, өзімдікін дәлелдеп сағат бойы бет бақтырмаймын. Мұндайда Көбік деген қыршаңқы құрдасым: «Қисық қазір сағат бойы үреді» – деп жұртқа жар салады. Яғни, бұл менің ит екендігімнің екінші дәлелі дедің.
– Масқара, өзінің ит екендігін дәлелдеген деген не сұмдық! Немене, үшіншісі де бар ма?
– «Мен өзі өте мақтаншақпын, өте жағымпазбын, – деп бастадың үшін­шісін. Көзге түсу үшін байлаудағы ит­тей жұлқынып тұрам. Даусым келмесе де қонақта отырғанда көзге түсу үшін барқырап әнге басам. Мұндайда әлгі Көбік: «Мырзалар, кешіріңіздер, біз­дің­ Қисық ұлып жатыр» деп жар салады. Бұл менің ит екендігімнің үшінші дәлелі, – дедің.
– Қой, құрысын, аржағын айтпай-ақ қой. Расында да, ит екем ғой. Бірақ сен мұны ешкімге айтушы болма.
– Ендеше, сен де «Итеке» дегенге тұлданба, жынданба! Дегенмен... Дегенмен, сен азамат екенсің!
– Неге?
– Мас болсаң да «ит» екеніңді мойын­дап тұрсың ғой. Ал мойындамай жүрген «иттер» қаншама?!

Дамир ӘБІШ

ҚОСТАНАЙ

Мүйісті жүргізетін Берік Садыр