Өнер • 21 Наурыз, 2018

Роза Рымбаева «Наурыз-думан» әнінің тағдырына қатысты өз естелігімен бөлісті

2252 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Роза Рымбаева «Наурыз-думан» әнінің тағдырына қатысты өз естелігімен бөлісті

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»

«Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға, 
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда».

Осы бір рухты да салта­нат­ты әннің Наурыз мей­ра­мы­ның бойтұмарына айналып үлгергелі қа­шан. Әнмен бірге қазақтың жү­регі қатар со­ғып тұрғандай. Ән­нің бағы – Мұқағали Мақа­та­евтай ақи­ық ақынның кестелі сө­зіне Тал­ғат Сарыбаевтай кәсіби ком­­позитордың сырлы сазы үн­десіп, оны Роза Рымбаевадай талантты әншінің орындауы. Міне, осы шығармашылық үштік одақ «Наурыз-думанға» ғаламат тағдыр сыйлады. 

«Наурыз мейрамының ал­ғаш тойлана бастаған кезі бола­тын. 1988 жылы Мұқағали Ма­қа­таевтың кітабын алып ар­найы композитор Талғат Са­рыбаевқа бардым. Ақынның «Наурыз-думан» өлеңіне ән жазып беруін өтіндім. Өзімнің болашақ туындыны қалай кө­ріп тұрғанымды сөзбен сурет­теп бердім. Композитор ойым­ды бірден түсінді. Мен қала­ған мінез бен стильде ән жазды. Көктемнің шуақты сәттері, наурыздың ерек­ше­лігі мен қазақтың дархан пей­ілін беретін ұлттық рухтағы жақ­сы бір ән осылай өмірге келді. Жол­дасым Тасқын Оқапов – му­зы­каның білікті маманы еді ғой. Өзі режиссер, өзі композитор, өзі ән өңдеуші болатын. Жаңа туындыны бірден ұнатты. Содан «Наурыз-думанды» тұ­тас композицияға айналдыруды ұсынды. Ойдан ой, пікірден пі­­кір туа келе, Тасқынның ұсы­­ны­сымен әннің ортасына атақты «Шер­нияз» күйін қос­тық. Әннің ұлт­тық бояуы қа­лыңдап, тынысы кеңіп, қа­зақ­тың нағыз болмысын, қо­нақ­жай да дархан пейілін көз ал­дыңызға келтіретін ән­мен тың­дарман осылайша қау­ыш­ты. 

«Наурыз-думанды» ұлттық құндылық, дәстүр-дағдыға шөліркеп жүрген халық бірден жылы қабылдады. Ауыздан ауызға көшіп, ел арасына тез тарап кетті. Міне, содан бері де 30 жыл уақыт өтті, бірақ ән ескірген жоқ. Әз Наурызбен бірге жаңаша түлеп, әр көктем сайын халық сүйікті әні­мен сағына қауышады. «Нау­рыз-думанды» талай шетелде де орындап жүр­мін. Әлем­нің қай бұрышына бар­­ай­­ын, шығарма өте жақ­сы ­қа­былданды. Толассыз қо­ше­мет-құрметке ие болды. Үл­кендер алғыс айтып, батасын берді. Бұл – әннің өміршеңдігі. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев пен дарынды композитор Талғат Сарыбаевтың кәсіби би­ікталғамының жемісі» – деп Қазақстанның халық әртісі, атал­мыш әннің алғашқы орындаушысы Роза Рымбаева бір әннің тарихына, тағдырына қатысты өз естелігімен бөлісті.

«Наурыз-думан» әнінен кейін де композитор Талғат Са­рыбаев пен әнші Роза Рым­ба­еваның ара­сындағы шы­ғар­машылық тан­дем үзіл­ген жоқ. Бір-бірінің өне­р­ін жүрекпен түсініп, жаны­мен се­зінген қос талант талай сәтті ту­ындыларды бірлесіп өмірге әкелді. Сазгердің әншіге арнап жазған «Гавань моей любви» әнінен бастап, «Өткен күн­дер», «Отандастар», «Пысық жең­гей­лер-ай», «Мерекелі жыл» «Бәрі есім­де» туындыларының қай-қай­сысы да халықтың жүрегіне жол тапқан сезімге толы сәтті шы­ғармалар. Десек те, соның ішінде әнші репертуарындағы «Наурыз-думанның» орны ай­рық­ша. Наурыз мейрамы бізге әрдайым осы бір ғажайып туындымен қатар қабылданады, егіз аталады. Өйткені тұтастай туындыға қазақтың жаны мен ру­хы, бүкіл болмысы шебер шо­ғырланған. Әнде Наурызға шат­танып жатқан қазақтың жа­ны мен көңіл-күйі, мінезі бар! Әнді тыңдап рухтанасың! Жа­ныңды шаттық кернейді! Көңіліңе қуаныш орнайды! Шығарма сонысымен құнды, сонысымен қымбат! Иә, сөз жоқ, «Наурыз-думан» – классика!