Аймақтар • 22 Наурыз, 2018

Сырдария өзені арнасынан асты

773 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдың 21 наурызында Сырдарияның Қармақшы ауданы аумағынан мұз жүру кезінде сең кептелісі болып, өзен арнасындағы су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі.

Сырдария өзені арнасынан асты

Нəтижесінде Далдабай елді мекені тұсындағы «Жосалы-Жалағаш» тас жолы бойындағы көпір және желты шамамен 500 м аумағының үстін су басты. (Жосалы кентінен 41 шақырым жоғары, Жалағаш кентінен 33 шақырым төмен). Судың тасуынан шығын келмеді, яғни жолдың немесе көпірдің бұзылуы орын алған жоқ.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов су деңгейінің төмен түскенін, өзен арнасында мұз жүріп жатқанын хабарлады.

«Облыс аумағынан мұз жүру процесі өткен айдың 26-да басталған болатын. Бүгінгі таңға дейін 780 шақырым жүріп, ешқандай төтенше жағдай болған жоқ. Бүгінгі жағдайға байланысты Далдабай елді мекенінің тұсында, 780 шақырымында мұз кептелісінің салдарынан өзен арнасынан шығып, Жалағаш- Қармақшы тас жолының үстіне шықты. Қазіргі таңда ол жер уақытша жабылып тұр. Су 30 см төмен түсті. Мұз жүру процесі жалғасуда. Қазір Қармақшы ауданының Дүр Оңғар елді мекенінің тұсынан өтіп кетті. Ертеңге дейін жол ашылады»,-деді Серік Сермағамбетов.

21 наурыздағы жағдай бойынша облыс аумағына секундына 160 текше метр су келуде. Қызылорда су торабынан секундына 170 текше метр су өтуде.

Қазіргі кезде Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласы аумағындағы өзен арнасы мұздан толық тазарды.