Аймақтар • 22 Наурыз, 2018

Өскеменде Астананың 20 жылдығына орай 20 киіз үй тігілді

685 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығысқазақстандықтар Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтіп жатыр.


Өскеменде Астананың 20 жылдығына орай 20 киіз үй тігілді

Түркі халықтарына ортақ төл мереке биыл өңірде Астананың 20 жылдығы аясында өтіп, облыс орталығы – Өскемендегі Абай алаңында Елорданың 20 жылдығына орай 20 киіз үй тігіліп, жұртшылық «Қош келдің, әз Наурыз» атты театрландырылған көріністер мен мерекелік концертті тамашалады. Ресейдің Барнауыл қаласынан арнайы келген сиқыршылар алаңға жиылған халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Алаңдағы 20 киіз үйдің бірін Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы тігіпті. Киіз үйдің іші де ұлттық жәдігерлермен безендіріліпті. Университет ректоры Мұхтар Төлеген білім ордасы биыл әз-Наурыз мейрамына ерекше әзірленгендерін айтады. «Біз Наурыз мерекесін 21 наурыз күні университет қабырғасында кең көлемде атап өттік. Мерекелік шара бес кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде елімізді мекендейтін әртүрлі халықтардың дәстүрі мен тарихын, ұлттық тағамдарын көпшілік назарына ұсындық. Екінші кезеңде халқымыздың тұсау кесу рәсімін көрсеттік. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова кішкене бүлдіршінге ақ жол тілеп, тұсауын кесті. Студенттеріміз дайындаған концерттік бағдарлама, олар орындаған дәстүрлі әндер мен әртүрлі спорттық сайыстар шараға жиналғандардың, келген қонақтардың көңілінен шықты деп ойлаймын», - дейді Мұхтар Әділбекұлы.

Ұлыстың ұлы күні мерекесіне облыстық мешіттің шақыруымен Барқытбелдің баурайынан қолдарына бүркіттерін қондырып, Тәттімбет Кәпұлы мен Ерзат Байқадамов бастаған сері жігіттер де келіпті. Қыран көрмеген қалалықтар құс патшасымен суретке түсіп бір қарқ болды. «Бір Алласы, төрт құбыласы, бес парызы, жеті қазынасы бар, ұлдары аттың жалында ұйықтап, келіндері түйенің қомында босанған қазақ емеспіз бе? Біз өзге жұрттан озсақ, салт-дәстүрімізбен, өнерімізбен, ұлттық құндылықтарымызбен озамыз. Қандай заман болса да әдет-ғұрып, жол-жоралғыларымызды жоғалтуға болмайды. Сондықтан құсбегілік өнерімізді насихаттайық, жұртқа көрсетейік деп сонау жерден арнайы келдік. Бүркіттерді ұшырып та көрсетер едік, оған мына жер қолайсыздау. Әйтпесе, қыранды қолға шақырып, шырғаға түсіруге болар еді», - дейді үржарлық бүркітші Тәттімбет Кәпұлы.

Өскемендегі бүгінгі жарқыраған ауа-райы да тұрғындардың көңілін көтере түскендей. Барлығы да риза кейіпте бір-бірін мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. «Баршаларңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы. «Тоқты тоймас, шөміш кеппес» дейтін кез. Бүкіл халық жаңа жылдың келіп жатқанын, шуақты күндер басталғанын сезінгендей. Наурыз - ат төбеліндей топтың ғана емес, елдің, халықтың мейрамы болуы керек. Бүгін соған куә болдық», - дейді Өскемендегі облыстық драма театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев.

Сонымен қатар жылдағыдай дәстүрлі палау фестивалі өтіп, көпшілікке палау тегін таратылды. Алаңның бір шетінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қалалықтар азық-түлікті арзан бағамен сатып алды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше