Президент • 26 Наурыз, 2018

Мәжілісте жекешелендіру мәселесі сөз болды

263 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божконың басшылығымен «Жекешелендіруді жүргізу барысы» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті.

Мәжілісте жекешелендіру мәселесі сөз болды

Шараны ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары В.Божко ел экономикасының бірқатар салаларын дамыту мен азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын тиімді шешудің мәселесін қарастырып, жекешелендіру процесін жеделдетуге заңнамалық қолдау көрсету мақсатында Парламентте заңнамалық деңгейде 2015 жылғы желтоқсанда мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң қабылданғанын айтып өтті.

В.Божко жергілікті жерде коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендірудегі негізгі мәселелерді атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, осы мәселеге қатысты алаңдаушылық басым.

«Жол-эксплуатациялық учаскелер мен тұрғын үй коммуналдық қызметтерді алсақ, аталған нысандар кезінде жекешелендіруге шығарылған еді. Алайда оның бәрі қирады, құрыды. Содан әкімдіктер қайта өз иелегіне қайтаруға мәжбүр болды. Соның барлығын қайта сатып алуға тура келді», деді В.Божко.

Оның айтуынша, жергілікті жердегі коммуналдық кәсіпорындар қайтадан жекешелендіруге шығарылып отыр. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындардың басым бөлігі жеке меншікке өткен.

«Ашығын айту керек, коммуналдық кәсіпорындардың шығыны көп. Сол себепті ондай нысандардың жаңа иелері бірден төлемақыны көтеруге кіріседі. Бірақ олар халықтың төлем қабілетін ескермейді. Жөндеу жұмыстарын да жүргізбейді, техниканы да жаңартпайды. Ақыр аяғына халық зардап шегеді. Мәселен, жылдың басында Ақмола облысы Зеренді аудандағы Қонысбай ауылының 900-дей тұрғыны екі апта бойы сусыз отырды. Себебі су қондырғысын кәсіпкер жекешелендіріп алған. Алайда апаттық жағдай кезінде тиісті жұмыстарды атқармаған. Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында мыңдаған адам сусыз қалды. Сол кезде «Қарғалы Су» мекемесінің иесі өз міндетін дұрыс атқара алған жоқ», деді В.Божко.

Үкімет сағатының тақырыбы бойынша негізгі баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елдегі бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, «бірінші толқын» деп аталатын тәуелсіздік алған жылдары басталған бағдарлама нәтижесінде 43 мыңнан астам нысан жекешеге өтіп, одан түскен кірістің құны шамамен 360 миллиард теңгеге жеткен.

Бұдан кейін жекешелендіруді жүргізу мақсатында қабылданған жүйелі шаралар туралы тарқатып айтып берді. Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, нысанды нарықтық құнымен сатуға рұқсат беру секілді бірқатар мәселелерді қарастырған заңнамалық өзгерістер қабылданған. «Екінші толқынды» тиімді жүргізу үшін заманауи технологияны пайдалану жоспарланып отыр.

«Мемлекеттік меншік тізілімінің веб-порталында электронды форматта сауда-саттық жүргізу туралы норма енгізілді. Сатушылар мен сатып алушылар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша сауда-саттықты жүргізу жекешелендіру объектілерін сату кезінде ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз етеді. Веб-портал тіркеуші органдардың базаларымен біріктірілген», деді Т.Сүлейменов.

Сондай-ақ, сатылымдарды көбейту және оларға мониторинг жүргізу мақсатында әр объектіге жол картасы әзірленген. Ірі компанияларды сату жұмысы стратегиялық инвесторлар тарту немесе IPO тетіктері арқылы қор нарығына шығару жолымен жүзеге асырылады. Министрдің пайымдауынша, бұл жұмыстарды жүргізу барысында халықаралық тәжірибеге мән беріледі.

Жалпы бағытты таныстырып өткен Ұлттық экономика министрі содан кейін жекешелендірудің кешенді жоспары барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, 2017 жылы оған 168 ұйым қосылған. Ал Президенттің тапсырмалары мен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынымдары бойынша жекешелендіру жоспарынан 46 ұйым алынып тасталды.

«Қазіргі таңда Жекешелендірудің кешенді жоспары 902 нысанды қамтиды. Былтырғы өсім 122 компанияны немесе 15,6 пайызды құрады. Кешенді жоспар іске асырылған екі жыл ішінде 476 нысан сатуға қойылды. Солардың ішінде 367 нысан 164,7 миллиард теңгеге сатылды. Бұдан басқа 255 нысан қайта ұйымдастыру және таратылу сатысына қойылды. Тұтастай алғанда қайта ұйымдастырылған және таратылған нысандарды ескергенде Жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау 70 пайыздан асты», деді Т.Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, былтыр 461 нысанды сату жоспарланып, соның 97 пайызы орындалған. Сондай-ақ 289 нысан сатуға қойылып, оның 190-ы өз иесін тауып, 107,9 миллиард теңге қаражат түскен.

«Жүргізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша 2017 жылы жоспарланған 10 нысан әлі сатылған жоқ. Оларды 2018 жылдың соңына дейін сату жоспарда бар. Тағы 162 нысан қайта ұйымдастырылды не таратылады. Жоғарыда айтып өткен 190 190 нысанның 77-сі аукцион арқылы өткізілді. Мәселен, бастапқы бағасын төмендету арқылы 58 ұйым және бастапқы бағасын жоғарылату арқылы 19 ұйым сатылды. Бұдан бөлек 107 нысан тендер өткізу, 3-еуі тікелей сату және 3-еуі екі кезеңдік конкурс арқылы өз иесін тапты», деді Т.Сүлейменов.

Ведомство басшысы сатуға қойылған ірі нысандар туралы да әңгімелеп берді. Оның айтуынша, жоспар бойынша 21 нысан сатылымға шығарылған. Қазіргі таңа солардың 14-і жекешелендіріп, 61 миллиард теңге пайда түскен. Министрдің айтуынша, бұл олардың нарықтағы баланстық құнынан 20 пайызға жоғары.

«Сонымен қатар жеті ұлттық ірі компанияны жекешелендіру жоспарға енген. Солардың үшеуін IPO/SPO-ға шығару бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтқанда, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта «Қазақтелекомның» акцияларын орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. «Қазатомөнеркәсіп» пен «Эйр Астананың» акцияларын 2018 жылғы төртінші тоқсанында IPO-ға шығару жоспарға енген. Бұл ретте орналастырулардың түпкілікті мерзімі компаниялардың қаржылық жағдайы, макроэкономикалық ахуалы, шикізаттың әлемдік бағалары ескеріле отырып белгіленетін болады», деді Т.Сүлейменов.

Қосымша баяндаманы Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жасап, саланың бірқатар түйткілді мәселелеріне тоқталды. Ол жекешелендірудің оң нәтижелеріне қарамастан, нақты шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселелер бар екеніне тоқталды.

Жиында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекешелендіру мәселесі де сөз болды. Ұлттық экономика министрінің сөзіне сай, банктің инвесторы ғана ауысады. Қалған артықшылықтары мен негізгі рөлі сақталып қалмақ. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәжияқовтың айтуынша, жекешелендіру барысында банктің 49 проценті ғана инвесторға сатылады. Ал акцияның 51 проценті мемлекеттің иелігінде қалады.

Алайда депутаттар спикерлердің сөзіне қанағаттанған жоқ. Мәселен, депутат Омархан Өксікбаев мемлекетке пайда келтіріп отырған тиімді мекемелер неге жекешелендіруге шығарылғанын түсінбейтінін айтып, кей мәселелерге тереңірек үңілуге кеңес берді. Халық қалаулысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қатысты ақпараттардың халыққа түсініксіз болатынын жеткізді. Министр Т.Сүлейменов инвестор «Нұрлы жер», «7-20-25» және «20 пайыздық мемлекеттік сыйақы» шарттарын сақтауға келіскенде ғана ТҚЖБ-ны сатылатынын атап көрсетті.

Сонымен қатар үкіметтік отырыс барысында қоғамдағы жекешелендіруді жүргізу барысы туралы Зәуреш Аманжолова, Павел Казанцев және тағы басқа да Мәжіліс депутаттары өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Үкіметтік сағаттың нәтижелері бойынша тиісті Ұсынымдар қабылданды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»