Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Елордадағы білім беру мекемелерінің өрт қауіпсіздігі тексеріледі

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін қала әкімдігінде Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева СОСО-тары мен адамдар көп жиналатын орындарда өрт қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша брифинг өткізді. 

Елордадағы білім беру мекемелерінің өрт қауіпсіздігі тексеріледі

Брифингте Астанадағы сауда ойын-сауық орталықтарында және адамдар көп шоғырланатын орындарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша жоспардан тыс қосымша тексерулер жүретіні айтылды.

Астанада 60-тан астам денсаулық сақтау орны, 300 мектепке дейінгі білім беру орталығы, 100 мектеп және 10 арнайы білім беру мекемесі, 50 ЖОО мен колледж бар. Сонымен қатар, 117 сауда нысаны бар, оның 83-і сауда үйі, 9-ы ірі сауда ойын-сауық орталығы, 25-і базар және 200-ден астам қонақ үй, 60 хостел және 600-ден астам адамдар тамақтанатын қоғамдық орын бар.

«Астана қаласы бойынша өрттің, төтенше жағдайдың алдын алу әрдайым жауапты мекемелердің бақылауында. Жыл сайын жоспарлы түрде тексеру шаралары жүргізіліп отырады. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау саласына тиесілі нысандарда өрт қауіпсіздігін сақтау ерекше бақылауда», - деді Эльвира Жүргенбаева.

Наурыз айынан бастап Астана қаласында 70 білім беру мекемесінің өрт қауіпсіздігі тексерілген. Осы жылдың мамыр айына дейін барлық білім беру мекемелері тексеріледі. Тексеру комиссиясының құрамында ТЖД-нің, Білім басқармасының өкілдерімен қатар ата-аналар да бар.

«Қазіргі күні қаламыздағы 9 ОСО-ның 6-ы тексерілді. Үш орталықтан 32 ереже бұзушылық анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке 3 адам тартылып, айыппұл салынды. Екі ОСО-да аудит жүргізілді, ал бір нысанға(Mega Silk Way Astana) тексеру осы жылы жасалады. Биыл ерекше тәртіппен Астанадағы 50 сауда нысанына тексеру жүргізіледі. Тексеру кезінде қауіпсіздік техникалары ережесінің сақталуы, өрт сөндіру жүйесі мен хабарландыру, дабылды ескерту, эвакуация схемасы мен авариялық шығу жолдарына баса мән берілмек», - деді Эльвира Жүргенбаева.

Тексеру барысында сыртқа шығу жолдарының жағдайы, жарық беруші электр желілері мен қуат көздерінің жай-күйінің тиісті деңгейде болуы, өрт жайында дабыл беретін автоматты жүйенің дұрыстығы, ішкі және сыртқы өртке қарсы су жабдығы мен өрт сөндіру құралдарының сақадай сай тұруына баса мән беріледі.