Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Жаңа көпір тасқынға тосқын болса игі

518 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

2016 жылы облыс аумағында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ертіс өзені арқылы «Ор­та­лық-Шығыс» автожол дәлізінің бір бөлігі саналатын алып көпір са­лынды. «Қаз­Автожол» АҚ-тың жергілікті филиа­лының мәлі­метінше, бұл жоба­ның құны – 53 млрд 808 миллион теңге. Көпірдің ұзындығы – 12,3 шақырым. Құрылысты «Қаз­ДорСтрой» ЖШС жүргізген-ді.

Жаңа көпір тасқынға тосқын болса игі

Жыл сайын қардың еруі, тасқын су басу қаупі ерте көктемнен-ақ халық­ты үрейлендіре бастайды. Қазіргі Өске­мендегі, Аягөздегі жағдай осының дәлелі. Біздің өңірде де еріген қар суының молаюына, Бұқтырмадан судың босатылуына ауылдар алаңдаулы. Тасқын судың әлегін жыл сайын көретін өңірдегі Ақтоғай, Баянауыл, Май, Павлодар, Лебяжі ау­дандарының қатарына қазір Ақсу қа­ласының Ертіс өзені жағалауындағы кенті де қосылды.

Ертіс өзеніне салынған жаңа көпір жағдайына келсек, қазір осы мәселе жөнінде төтенше жағдайлар бөлімдері, жол, қала басшылығы «бәрі жақсы» деген бір-ақ ауыз сөз айтады. Бірақ пай­далануға берілгенімен түйінді мә­селе әлі  аз емес сияқты. Көктемгі су тасқыны, қардың, мұздың еруі деген табиғи жайларды көпір жобасын сыз­ғандар ескермеген көрінеді. Ертіс өзені жағасында орналасқан Ақсу қа­ласы шетіндегі Ақсу кентінде тұратын тұр­ғындар бұл мәселені біледі. Көпір құ­рылысы басталысымен-ақ дабыл қақ­қан. 2016 жылы қаладағы Царев, К.Маркс, Ақсу кентіндегі Чапаев, На­­бе­режный көшелерінде үйлерді су басып қалды. Кентте төтенше жағдай жа­рияланып, тұрғындар қауіпсіз жерге кө­шірілді. Жұрт су қайдан келді деп аң-таң. Жыл сайын сәуірде Бұқтырма, Шүл­бі су қоймаларынан Ертіс өзеніне су жіберіледі. Бір айға жалғасатын су жі­беру барысын құтқару қызметі мен­ су шаруашылығы су жағалаудағы тұр­ғын үйлерге жайылып кетпеу үшін үне­мі бақылауға алады. Мәселенің мә­нісіне келсек, үйлерді су басқан се­бебі «Астана – Павлодар – Өскемен» авто­бан жолының құрылысын жүргізіп жат­­қан «Қаздорстрой» ЖШС-ның жұ­мыс­шы­лары жолдың әр жерінен су өт­кі­зетін құбырлар, яғни су деңгейін рет­тейтін гидравликалық құрылғыларды орнатпаған көрінеді. Республикалық жол Ақсу кенті мен Қарабай ауылы ара­сындағы аумақты алып жатыр. Ер­тіс­тен жайылған су жаңа салынған жол­дан өте алмай, кенттің су астында қалғаны содан. Басқа амалдары қалмаған төтенше жағдай жөніндегі департамент ма­мандары жаңа жасалып жатқан жол құрылысын бұзып, суды жайылымға қарай бұрып жібереді.

Ал «ҚазАвтоЖол» АҚ-тың мердігер ком­паниясы болса қала әкімдігі мен де­партаментке «басты жобада құбыр өт­кізгіштер салу көрсетілмеген, бұ­зылған жолды өз қаражаттарыңа қалпына келтіріңдер» деп отыр. Суды бұрып жібер­мегенде тасқын су ауылдарға келер еді. Жол, көпір құрылысының жоба­сын жасаған кезде «ҚазАвтоЖол» АҚ Ақ­су қаласы әкімдігінің ұсыныс-пі­кір­лерін назарға алғанда, кент, қала, ауылдар тас­қын су өтінде қалмас та еді. Тұр­ғын­дар болса, үйлерінің су басуын көпір құры­лы­сындағы қателіктер салдарынан көреді.

– Өңірдегі республикалық маңызы бар­ жолдарда биыл қауіп жоқ, 641­ ж­а­­сан­­ды құбыр тазаланыпты. Ал ­«Қал­­­қаман – Баян­ауыл – Үміткер – Ульянов» тас­ жолын­да тасқын су қазір жасан­ды су құбыр­лары арқылы өтуде. Қара­ащы, Тең­­дік, Ақмек­теп ауылдарына, Қа­раған­ды облысынан келетін тасқын су бөгет­терін бақылап қайттық, қауіп жоқ екені­не көзіміз жетті. Павлодар – Ус­пенка – РФ ше­карасы, Мойылды су құ­бырына орта­ша жөндеу жасалған, қа­зір еріген су то­лы­ғымен өтуде. Жаңа салынған көпір бо­йынша ешқандай қауіп төнбеуі тиіс, осы жол бойындағы барлық су құбырлары тазаланған, ең негізгі шандор құбыры қазір ашық тұр, – дейді Қайрат Кәрібаев.

Мәселенің мәнісіне келсек, су өткіз­гіш құбыр 2016 жылдары ашылмады. «Қаз­АвтоЖол» АҚ жаңа көпірдің құры­лысы толық аяқталған жоқ, шандор құбырын ашуға болмайды деп рұқсат бермеді, бірақ Ақсу кенті су тас­қыны астында қалып бара жатқан соң облыстық әкімдік шандор құбыры шлю­зін ашыңдар деп жергілікті фи­лиалға ұсыныс жасайды. Көпір салатын әуел бастағы жобада болмаған бұл жұмыс ескерілмеген соң, бір аш, бір жап деп, екі ортада су тас­қынының ішінде кент тұр­ғындары қала берді.

Жергілікті төтенше жағдайлар депар­таменті биыл кенттегі жеке үйлерге көк­темгі тасқыннан келер қауіп жоқ дейді. Жуырда облыс әкімнің орынба­сары Ұлан Жазылбек жаңа көпір жанындағы су өткізгіш құбыр мәселесіне орай кент жанында жиын өткізіп, шандор құбы­рының су тасқыны біткенше ашық бо­луын қадағалауды тапсырыпты. Кент­тің жанынан биіктігі 1,5-2 метр және ұзындығы 600 метрге жететін топы­рақ үйіндісі салынып, бұрынғы дамбамен қосылды. Гидротехникалық құры­лымның құрылысы Набережный көшесіндегі тұрғындар наразылығынан соң қолға алынған-ды. Қала әкімдігі тұрғындарға ескерту жұмыстарын да жүргізуде. Су келіп қалса,тұрғындарды бас­­қа жаққа жедел көшіру қажет.

Облыс әкімі Болат Бақауов жуыр­да әкімдік отырысында қала әкімі Н.Дычко­ға «Жыл сайын су астында қалатын Ақ­мола облысы Атбасар ауданындағы 1800-ден астам тұрғынды өзге өңірге кө­шіру туралы мәселе қаралуда. Ал біз болсақ, Ақсудың бірнеше үй қоныстандыру мәселесін шеше алмай отырмыз. Қалай болғанда да тұр­ғындар тілегін ескере отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек», деді.

Бірақ кент тұрғындарының үйлерін тас­тап, ешқайда көшкісі жоқ. Қала әкімінің айтуынша, бұл жөніндегі келіссөздер де нәтиже берер емес. Әри­не тұрғындардың кінәсі жоқ, егер құ­ры­лысы әу бастан дұрыс жобаланса, жаңа көпірдің болашағы да­ жарқын болар еді.

Көктемгі су тасқынының алдын алу­дамыз деп облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті де абыр-сабыр. Жаңа көпірге жақын орналасқан Кен­жекөл ауылында «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізуде. Тасқын кезінде өңірдегі орын алуы мүмкін төтенше жағдайға республикалық бюджеттен 1 млрд 52 млн теңгедей қаржы да алдын-ала қарастырылыпты. Облыс орталығына қарасты Кенжекөл ауылында ұзындығы 1,2 шақырым, биіктігі 2 метр болатын дамба салынып, ұзындығы 700 метрлік су бөгеті жасалды. Көпір демекші, пайдалануға берілген осы жаңа көпірде су деңгейін көрсететін арнайы құрылғы орнату жұмыстары жүргізілмек.

 Ал Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің айтуынша, биыл жылдағыдай ауылдарға қар суынан келер қауіп жоқ. Былтыр су басқан Көкдомбақ пен Жаңажолға апарар жолдар жөнделіпті. Қараащы ауылында су тарту арнасы салынды. Көктемде Қараащы мен Теңдік ауылына келетін су Ащысу өзенінің арнасына барып құйылады. Ауылдарға қазір қауіп жоқ дегенмен де, қардың толық еруі мен көршілес өңірдегі су қоймаларындағы су мөлшерінің артуы сақтық шараларын қажет етері сөзсіз. Алдыңғы жылдары тасқын Ащысу өзенінің көпірін, ауданның 15-тен астам ауыл жолдарын бұзып өткені де есімізде. Көпірсіз қалған Сәтбаев атындағы, Теңдік, Ұзынбұлақ ауылдарының тұрғындары жолдың бейнетін көрді. Қарағандының Қаратоқа бөгеті аумағынан ағатын қар суы Баянауылдың ауылдарына, ал, Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан келетін су өңірдегі Ақтоғай ауданының ауылдарына қауіп төндіретіні белгілі.

Баянауылға дейін және одан әрі қарай баратын республикалық маңыздағы Қалқаман – Майқайың – Баянауыл – Ульянов – Керней – Қарағанды бағы­тын­дағы жолды жыл сайын су басады. Өңір­дегі республикалық маңыздағы жол­дардың көптеген бөліктері тозған. Пав­лодар – Баянауыл бағытындағы жол жыл сайын тасқын судың зардабын көруде. Қазір Майқайың кентінде су қоймасын салу керек дегенде сөз шықты. Аудан әкімінің айтуынша, Қалқаман – Баянауыл жолын қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлініпті. Рес­пуб­ликалық маңызы бар Қалқаман –Қарағанды тас жолына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Былтыр «Қазавтожол» АҚ-тың жер­гілікті филиалының хабарынша, республикалық маңыздағы Ленин- Ақсу – Көктөбе – Ақжар – Курчатов, Пав­лодар – Успенка ауданы Ресей шекарасына дейінгі жолдарда бір емес, бірнеше рет су жүріп өтті. Ақсу – Дегелең бойындағы темір жол бойын су басқаны, пойыздардың уақытша Ресей жолына қосылғаны да осы республикалық маңыздағы Ленин – Ақсу – Көктөбе – Ақжар – Курчатов бағытындағы жолды су басуынан туындағаны белгілі.

Биылғы көтемде не болары та­ғы бел­­гісіз. Респуб­ликалық жолдарды жылда тасқын судың басып кетуінің, жол апатының алдын алу үшін бұл жолдарды күтуді кәсіпкерлерге беру жөнінде Инвестициялар және даму министрлігіне ұсыныс жасалмақ та болды. Өңірдегі республикалық ма­ңызы бар жолдардағы учаскелер шарт бойынша «Uniserv» ЖШС, «Дена Рахсаз Контракшн» АҚ ЗТ,  «Ақ-Жол» ЖШС,  «Автодор­сервис» ЖШС,  «АБК Автодор НС» ЖШС және «Павлодаржолдары» ЖШС сияқ­ты мердігерлерге бекітілген. Бірақ жолдар­дың сапасына жергілікті жұрт наразы. Жұрт­шылық «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ жергілікті филиалынан нақты әрекет, жауапкершілік, талап пен тәртіпке сай жұмыс күтуде.

Сондықтан жергілікті төтенше жағ­дай­лар жөніндегі депармент қазір өңір­дегі автомобиль жолдарының 42 бөлігін, темір жолдың 1 бөлігін, 57 ауыл­ды қатаң бақылауға алыпты. 41 ауыл­ды су басу қаупі бар болса, 16 ауылды су босату барысында Ертіс өзені­нің деңгейі көтерілуі кезінде су басуы мүмкін. Қалалар мен аудандарда 36,5 мың құм толы қап, 18,6 мың тонна инерт­ті материал, 203 тонна жанар-жағар­май дайындалыпты. Тұрғындарды азық-­түлікпен қамтамасыз ету үшін 78 келісім­шарт және кептелістер пайда болған жағдайда жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 келісімшарт жасалған. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары жоғарыда аудан әкімі қауіп жоқ деген Баянауылдың Теңдік және Қараащы ауылдарында, Ақсу қа­ласы, облыс орталығына қарасты Кенжекөл ауылы, Ленин кентінде тас­қынға тосқын шараларына дайындық жүр­гізуде. Су тасқыны жағдайына орай қажетті күштер мен құралдардың есебі жүргізілді, 412 техника бірлігі, 29 жүзу құралы және 1 мың 164 адам дайын. Қалалық және аудандық әкімдіктер бюджет қаржысынан су тасқыны төтенше жағдайлары қорына деп 954,3 миллион теңге қарастырыпты.

Бет қатталып жатқанда:

Облыс әкімі Болат Бақауов таяуда Баянауыл ауданындағы су басу қаупі бар ауылдарды аралап көрді. Қарағандының Ақжар бөгетінің жағдайымен, Қараащы ауылында жүргізіліп жатқан су тасқынына қарсы іс-шаралармен танысты. Ащысу өзені арқылы өтетін көпір мен былтырғы су тасқынынан кейін қалпына келтірілген жол учаскелерін де қарап шықты.

Аудандағы Теңдік, Қараащы ауылдарында, облыс орталығына қарасты Кенжекөл және Ленин кенттерінде, Ақсу қаласында жалпы ұзындығы 7,35 шақырым үйінділер жасалды.

Жаңа көпір маңындағы автомобиль жолдарының шайылып кетуінің алдын алу үшін және автокөліктердің үзіліссіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында жол қызметтері наурыз айының соңына дейін су өткізетін 1310 құбырды тазарту және ашу жұмыстарын аяқтайтын болады. Су тасқыны жағдайын жоюға арналған арнайы күш пен құралдар тобы белгіленді. Оған 600 техника, жүзу құралдары мен 1827 адам жұмылдырылған.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

 Павлодар облысы