Аймақтар • 29 Наурыз, 2018

Оңтүстік өңір дотация көлемін кеміте ала ма?

684 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елбасы өткен жылдың басында «Халқы ең көп облыс бола тұра, ең көп дотацияны алатын – Оңтүстік Қазақстан. Ондай екінші облыс жоқ. 80 пайыз дотация аласыңдар. Салық жинауларың бұрынғыдан төмен. Жұмыссыздық мәселесі Оңтүстікте ең басты мәселелер қатарында. Оңтүстік Қазақстан облысында шағын және орта бизнес төмендеп жатыр немесе бір орында тұр», деген болатын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевты қабылдаған кезде. Дәл осындай ескертуді Мемлекет басшысы былтыр сәуірдің аяғында Оңтүстікке келген сапарында тағы қайталады.

 

Оңтүстік өңір дотация көлемін кеміте ала ма?

Сыннан қорытынды шығару мақсатында бүгінде аймақта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Шағын және орта биз­нес­ті қарқынды дамытудың нәти­же­сінде тұрақты жұмыспен қамтыл­ғандар қатары арта түсуде. Оңтүстік еңбекқор халқы­мен де елге мәлім, кәсіпкер­лік субъектілерінің саны жөні­нен республика бойынша ал­дыңғы қатарда. Оған қоса елдегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі Шымкентте. Табиғи ресурстар да аз емес, уранның негізгі қоры Созақ ауданында шоғырланған. Сарыағаш пен Манкент шипажайларының, Түркістанның туристік әлеуе­ті­нің өңір экономикасына қосатын үлесі қомақты. Яғни бүгінде до­тацияны кеміту мақсатында осы сынды барлық мүмкіндік ескерілуде.

Тұрғындарының саны 3 мил­лионға жеткен Оңтүстікте бүгінгі таңға 215408 салық төлеуші есепке алынған. Оның 36061-і заңды тұлға болса, 65644-і шаруа-фермер қожалық, 113703-і жеке кәсіпкер мен адвокат, нотариус.

«Осы салық төлеушілердің мемлекет қазынасына төлейтін салықтары мен төлемдері об­лы­сымыздың меншікті кірісін құрап, өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық өсімге септігін ти­гізіп келеді. Жалпы, 2017 жылға облыстың кіріс бөлігінің жоспары 603,5 млрд теңге болса, оның ішінде трансферттер – 97 млрд теңге, субвенция­лар – 368,7 млрд теңге, кредит­тер, сатылған активтер мен займ­дар­дың түсімдері – 17,4 млрд теңге және меншікті кірістер – 120,4 млрд теңге. Өткен жылы облыстың жалпы кірістерінің нақты түсімі бо­йынша жоспар 101 пайыз орындалса, меншікті кірістер бойынша 124,4 млрд теңге өндіріліп, жоспардың орындалуы 103,4 пайыз болып отыр. Яғни аймақтың республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету мақсатында нәтижелі жұмыстар жүргізіліп, жылма-жыл өсім байқалуда. Мысалы, 2016 жылы меншікті кірістердің нақты түсімі 106 млрд теңгені құраса, өткен жылы жергілікті бюджетке 124,4 млрд теңге өндірілген. Яғни меншікті түсімдер 18,4 млрд теңгеге немесе 17,4 пайызға артты», дейді Оңтүстік Қазақстан об­лысы бойынша Мемлекеттік кіріс­тер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбетәлиев.

Әрине облысымыздың мен­шікті кірістері барлық шығынды өтемейді және мемлекеттің әлеу­меттік жауапкершілігін орын­д­ауға мүмкіндік бермейді. Тек өткен жылы облыста әлеумет­тік салаға 383,4 млрд теңге бағытталып, жалпы бюджет көлемінің 63 пайызын құрап, жыл ішінде 80 млрд теңгеге өскен. Салық ба­засын ұлғайту мақсатында бекітілген арнайы іс-шара жос­пары бойын­ша ат­қарылған жұмыстар нәти­жесінде өткен жылы жергілікті бюджетке 10 млрд теңге қосымша резервтер өндірілген. Сондай-ақ биыл об­лыс бойынша бірнеше саланы қамтитын 12 бағыт және 34 жоба бойынша Жобалық басқару, «Аэроғарыштық мониторинг арқылы жер қойнауын пайдаланушыларға салықтық әкімшіліктендіру жүргізу» қа­натқақты жобасы жүзеге асы­рылмақ. Сол сияқты «Еңбек им­мигранттарына салықтық әкімшіліктендіру» жобасы да жос­парланып отыр.

«Қонаққа» келгендер құрылыста жүр

Жасыратыны жоқ, Еуразия­лық экономикалық одақтың «оңтүстік қақпасы» саналатын облыста жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және еңбек мигранттарын қысқарту мәселесі өзекті. Әсіресе көрші елден жұ­мыс іздеп келушілер көп.­ Тиісті департаменттің дерек­теріне қарағанда, өткен жылы облысқа 782744 резидент емес азамат тіркеліп, соның ішінде 50 мыңға жуық шетел азаматынан жергілікті бюджетке 355 млн теңге төленген. Алайда осыншама шетел азаматтарының 721 223-і немесе 90 пайызынан көбі қонақ ретінде тіркеліпті. Оңтүстік халқы қонақжай, бірақ жеті жүз мыңнан астам шетелдіктің тойға немесе құдалыққа келмегені анық. Қонақ ретінде келген шетел азаматтарының мақсаты жұ­мыс істеп, табыс табу болғаны ешкімге құпия емес. Егер де осыншама «қонақты» әкімшілендіріп, са­лық­тары толық бюджетке төленсе, облыс бюджетінің қор­жынына қосымша 1-2 млрд тең­ге түседі екен. Көрші елден ар­зан жұмыс күші ретінде «қо­нақ­­тарды» жалдап жұмыс іс­те­тетін кәсіпкерлерді салық мә­де­ниеті қалыптаспағандардың қатарына жатқызамыз ба, әл­де қара басының қамын ойлап өңірді дотацияға мұқтаж ету­ге үлес қосқандар дейміз бе?! Айта кетелік, шетелден кел­ген «қонақтардың» бір­­қа­та­рын мемлекеттік меке­ме­лердің құрылысын немесе­ жөндеуін жүргізіп жатқан жұмысшылардың арасынан да байқап қаламыз. Сонда салық саясатына қатысты заңдылықты сақтамауға мемлекет­тік мекеме­лердің өзі атсалысып жатқаны ма?!

Мемлекеттік кірістер депар­таментінің мамандары үшін оңтүстікте жұмыс атқарғанымен басқа өңірлерде тіркелген, са­лық­тарын сол жаққа төлейтін кә­сіпорындарды есепке алу да өзекті мәселе болып отыр. Мы­салы, бір ғана Сарыағаш ауда­нында минералды суды ма­ңайлаған кәсіпорындардың, ши­пажайлардың басым бөлігі басқа өңірлерде тіркелген, яғни салық төлемдері оңтүстікке түспейді. Сондай-ақ облыста мемлекеттік сатып алу шеңберінде 2017 жылы бюджеттен 5 мыңнан астам жаб­дықтаушы 422 млрд теңге алған, ал барлық түскен салық сомасы 66,3 млрд теңге. Бұл көрсеткіш, әрине жоғары болуы тиіс еді. Яғни салықтық жүктеме, жалдамалы жұмысшылар санында бір кінәрат бар. Департамент мамандары бұл орайда Созақ ауданында бір салық төлеушіге бюджеттен 1 млрд теңге бөлінгенін, толығымен игерілгенін, ал салық­тық жүктеме коэффициенті бар бол­ғаны 1,6 пайыз екенін мысал ретінде келтіреді. Бұл арада да жалдамалы жұмысшылар санын жасыру байқалады. Құрылыс саласында төленген салық аза­маттың тапқан пайдасының орташа 8 пайызынан кем болмауы тиіс болса, нысандарды кімдер және қалай салды деген сұрақ туын­дайды.

Мамандардың айтуын­ша,­ түрлі мемлекеттік бағдарла­ма­лар аясында қаржы игеріп жатқан мердігерлер мен жаб­дық­таушылардың салықтың жүк­темелері де сын көтермейді. Мер­дігерлердің тапсырған салық есеп­тіліктерінде жалақы қоры нақты конкурстық құжаттармен сай келмейді. Яғни мемлекеттік сатып алу конкурсына дейінгі құжат­тағы мәлімет пен кейінгі салық есептіліктеріндегі көрсет­кіш сәйкес емес.

Жасыратыны жоқ, мемлекет­тік сатып алу конкурсының же­­ңім­пазы ретінде танылған кәсіп­орындардың басында заң­ды да, оның талаптарын да жақ­сы білетін азаматтар отыр. Айта­лық, облыстық мәслихат депутат­тарының басым бөлігі ел­ге танымал кәсіпкерлер. Олар­­­­дың басқаруындағы кәсіп­орын­дардың тендерлерге қаты­сып, жеңімпаз атанып жататыны да құпия емес. Бірақ сессиялар­да құқық бұзушылықтың бол­мауы­на, заң талаптарының сақ­талуына мүдделілік танытатын депутат-кәсіпкерлердің өз­дері көбіне жоғарыда айтқа­нымыздай, «қонақтарды» жалдап, көп жайттарды жасырып жа­тады. Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің салық мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұ­мыстар жүргізу керектігін айтып, Үкімет пен «Атамекенге» нақты тапсырмалар да берген болатын. Елбасының кәсіпкерлерді мүл­дем салықтың болмағандығы қуан­татындығын баса айта келе: «Немесе бұл салықтардан әдемі жал­таруды ойлайды» дегені де ел есінде. Салық мамандары кел­тірген деректерге қарағанда, облыстағы кей кәсіпкерлер «са­лықтардан әдемі жалтарудан» әлі де арыла алмаған. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу конкур­сын өткізетін органдардың, яғни тапсырыс берушілердің осы мәселеге салғырт қарайтыны аң­ғарылады.

 Тойхана иелері жұмысшыларын неге жасырады?

Осыдан үш жыл бұрын елі­міздің бірқатар заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, салық жүйесіндегі кей баптар күшейтілген болатын. Соған сәйкес, уәкілетті органдар асабалар мен өнер адамдарының тіпті, такси жүргізушілерінің тапқан табыстарын есептейтін бол­ған. Олар кәсіптерін заңдас­тырып, табысының белгілі бір мөлшерін мемлекетке беруі шарт болатын. Алайда бұл та­лап­тар қаншалықты орындалуда? Асабалар мен такси жүргізушілерінің барлығы патент алып немесе жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жатқаны күмән келтіреді. Ал халқы тығыз орналасқан оңтүстікте тойхана да, оларға қызмет көрсететіндер де көп. Департамент дерегіне жүгінсек, облыс бойынша 258 тойхана есепке алынған. Олардан өткен жылы 326,8 млн теңге салық пен төлем түскен, көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 61,2 млн теңге немесе 23 пайызға артқан. Жалдамалы жұмысшылар 2016 жылға 831 адам болса, 2017 жылы олардың саны 1312 болыпты. Салық мамандарының ай­туынша, бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Алайда бір тойханада 5-6 жалдамалы жұмысшы қонағы 300-ден кем түспейтін тойға қыз­мет көрсетеді дегенге сену де қиын. Тойға келгендердің өзіне-өзі қызмет етпейтіні және мәлім. Оны­мен қоймай, оңтүстікте той көп, бос тойхана таба алмай­сыз. Яғни тойхана иелері қыз­мет көр­сететіндердің санын әл­де­­қай­да азайтып көрсетеді. Той­ха­наларға және басқа да кәсіп­керлік нысандарға байланысты шешілмеген күрделі мәслелердің бірі – жылжымайтын мүліктерді бағалау құны және жұмысшылар саны. «Бағалау қызметі туралы» заңға сәйкес заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер тәуелсіз ба­ғалаушыларға тапсырыс бере отырып, өз қаржысы есебінен бағалауды жүзеге асырады. Алайда бизнес өкілдері нысандарды қайта бағалатуға және бағалау құнының өсуіне ынталы емес. Демек тойханалардың нарықтағы шынайы бағалануы бір басқа, құжаттағы бағалануы мүлдем басқа. Сол сияқты тіркеу­де тұрған және жұмыс істеп тұрған 123 сауда орынын­да, оның ішінде күнделікті жұмыс іс­тейтін 76 сауда базарында ор­та есеппен 25-30 мың азамат­ кә­сiп­керлікпен айналысуда. Баршаға мәлім, базарларда «нақ­ты ақша айналымының» көлемі өте жо­ғары. Оны әкім­шілендіру өте қиын және көп уақыт пен жұмыс кү­шін талап етеді. Сондықтан депар­тамент мамандары базар­ларды тек жаңа үлгідегі сауда орындары етіп қайта құру ар­қылы осы келеңсіздіктерді жоюға болады деген ұсынысын айтуда.

Жұмысшылар саны демекші, облыс орталығындағы Халықты жұ­мыспен қамту орталығындағы қылмыстық әрекеттер, жалған фактілер, салтанатты түрде рес­публикалық деңгейде алаулатып-жалаулатып ашылғанымен ар­тынша жабылып қалып жүрген кәсіпорындар да салық жинау көрсеткішіне кері әсерін тигізуде.

Жалтару мен жымқыру фактілері аз емес

Бүгінгі таңда облыста 207 мың­­нан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс іс­теу­де. Олардан өткен жылы мем­лекеттік бюджетке 130,3 млрд теңге салықтар мен төлемдер түс­кен, бұл жалпы түсімнің 43 пайызы. Алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда шағын және орта биз­нес субъектілерінің түсім­дері 9 млрд теңгеге немесе 7,5 пайызға артқан. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама аясында мақұлданған жобалардың қатысушыларынан 2017 жы­лы мемлекеттік бюджетке 17,9 млрд­ теңге өндіріліпті. Атал­­­­мыш бағдарлама аясында жалпы 21 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Ал Индус­­триаландыру картасы шең­берінде 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Осы мемлекеттік бағ­дарламаға қатысушылардан өткен жылы 15,5 млрд теңге өндірілген. Дегенмен департамент мамандарының айтуын­ша, мемлекет тарапынан жасалы­нып жатқан қолдауға қара­мастан, мемлекет қаржысын жым­­қыру мен салық төлемеу фак­­тілері орын алуда. Мысалы, де­пар­таменттің экономикалық тергеу қызметінің мәліметіне қа­рағанда, соңғы үш жылда ұйымдардың салық төлеуден жалтару фактісі бойынша 367 қылмыстық іс өндірісте болған, мемлекетке 24,8 млрд теңге залал келтірілген. Салық төлеуден жалтарумен қатар, бюджет қа­ражатын жымқыратын бизнес өкіл­дері де баршылық. Мысалы, «Г» серіктестігі мемлекеттік сатып алу шеңберінде Шымкент қаласында көп қабатты үш тұр­ғын үй құрылысын жүргізу үшін бюджеттен 2,1 млрд тең­ге қаражат алған. Тергеу барысында, жеңімпаз жалған кә­­сіпкерлікпен айналысатын мекемелермен 243 млн теңге есеп айы­рысып, бюджетке 57 млн теңге көлемінде салық төлеуден жалтарғаны, құрылыс барысында 3 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны анықталған. Атал­ған деректер бойынша, тиісті шаралар қолданылып, бюджетке келтірілген залал, яғни 60 млн теңге толығымен өндіріліпті. Өкінішке қарай мұндай мысалдар өте көп.

Елбасы Н.Назарбаев «Пре­зидент­тің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде жо­ғары оқу орындары мен кол­­ледждердің сту­денттерін жа­тақханамен қам­тамасыз ету мәселесі өте өзекті еке­нін атап өтті. Президент бұл міндетті орындау үшін жоға­ры оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мем­лекет-жекеменшік әріптестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керектігін айта келе, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды. Бұл орайда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев тұрғындар ал­дында берген есебінде 100 мың­дай студент оқитын облыс орталығында жатақханалар құ­рылысын қолға алып, студенттер қалашығын салуды ұсынған бо­латын. Облыс әкімінің айтуын­ша, бүгінде студенттердің 6 мыңдайы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген, шамамен 90 мың­нан астам студент пәтер жалдап тұруда. Әрине, біршамасы туыс­қандарының үйінде жүріп білім алып жатқан да болар. Яғни ондаған мың студентке пәтерін жалға берушілер са­лық төлеп жатқан жоқ. Салық маман­дарының айтуынша, патентпен жұмыс істесе пәтерін жалға бе­руші де, жолаушы тасымалдайтын таксист те 1 пайыз ғана салық тө­лейді, бұл оларға айтарлықтай салмақ емес. Алайда мыңдаған азамат салықтан жалтарып отыр.

Сөзіміздің басында айт­қан салық мәдениетінің қан­ша­лық­ты қалыптасқанын тұты­нушылардың қарапайым тү­біртекті талап етуінен де аңғаруға болады. Оңтүстікте бақылау-касса машиналары тұрақты жұмыс істейтін сауда орындары көп емес. Ал әр азаматқа берілмеген түбіртек – есептелмеген табыс көзі. Біз тұтынушы ретінде тауарды немесе қызметті сатып алуда ол туралы ойламаймыз, тауар сапасыз болғанда ғана ойымызға келеді. Егер тауар­ды және қызметті жүзеге асыру орындарында еске салынып отырса, түбіртек талап ету мін­детті әдетке айналар ма еді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы