«Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV Съезі басталды

Астанада «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV Съезі басталды. Төрт жыл сайын өткізілетін шараға еліміздің барлық өңірінен 1500-ден аса делегат пен қонақтар келді. Жиынның алғашқы күнінде қатысушылар ғылым, білім, инновация, кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және саламатты ұлт қалыптастыру ісіне қатысты өзекті мәселелер мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды жүзеге асыру барысын кеңінен талқылады. Съездің ұраны – «Жаңа әлемге жол саламыз». 

 

Егемен Қазақстан
29.03.2018 2712

«Жас Отанның» жаңа белесі

Елбасы, «Нұр Отан» пар­тия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев 2017 жылдың қараша айын­да өткен партияның Саяси кеңесінің отырысында ұйым­ның қызметін жаңғырту жөнін­де нақты тапсырма бергені бел­гілі. Бұл тапсырмалардың «Жас Отан» жастар қанатына да тіке­лей қатысы бар екені анық. Бұл бағытта жас белсенділер бі­рін­ші кезекте өздерінің Орталық кеңсесін түбегейлі өзгертіп, «open spase» форматына көшті.

Кезекті съездің ашылуында әдеттегідей баяндамалар оқыл­май, сұрақ-жауап тәсілі қол­да­нылды.

– Осыдан 17 жыл бұрын кіші­гірім үйірмеден басталған ұйым бүгінде ауқымды қозғалыс дәре­жесіне жетіп, үлкен саяси күш­ке айналды. Еліміздің жалын­ды жастарының дені жасотан­дық­тардың қатарында. Біз Елбасының тапсыр­масына сай кез келген жаңа­шыл­дықтан тайсалмай, қоғам­дық өзгерістерге дайын болуы­мыз керек. Осы орайда жастар­дың қазіргі инновациялық жаңалық­тарын қолдап, әлемдегі өзгеріс­тер­ден кенде қалмай, алдыңғы қатарға шығуға міндеттіміз, – деді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев.

Съездер аралығындағы кезең бойынша есеп берген төраға жас­тар ұйымының өткеніне шолу жасап өтті.

Биылғы жылдың басында «Жас Отанның» тарихында алғаш рет Орталық кеңеске сайлау онлайн тәсілімен өткен. Бұл ашық бәсекеде еліміздің әр түкпірінен 363 үміткер өз кандидатурасын ұсынып, олардың 16-сы Ор­та­лық кеңес мүшелігіне енген. Же­ңіске жеткендердің қатарында жас кәсіпкерлер, еріктілер қозға­лы­сы­ның белсенділері мен өнер саласының өкілдері бар.

Д.Сүндетбаевтың айтуынша, жас­отан­дықтар жүзеге асырған «NURINTECH», «Сәтті қадам», «Жастар – Отанға» жобалары­на жас­тар белсене қатысқан және жоғары нәтижелерге қол жет­кізген. Мә­селен соңғы екі жыл­дың өзінде жас­тар ұйымының мұ­рын­дық болуымен 10 мыңдай жас маман тұрақты жұмысқа орналасқан. Инновациялық жобалар бай­қауына да екі мыңға жуық өтініш түсіп, олардың үздіктері мемлекет деңгейін­де аталып өтті. Оның ішінде жас өнертап­қыш Мәулен Бектұрғановтың биони­калық протез жасау тәсілі сапасы мен қолжетімділігіне байланыс­ты әлемдегі озық үлгілерден де тиімді саналып отыр.

Өткен жылы Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің жастары, атап айтқанда Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Түркия мен Әзербай­жан­ның өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылған та­рихи, рухани және саяси лагерь­де тыныққан. Бұл жоба қатысу­шы­лардың көңілінен шығып, оны алдағы уақытта аталған елдер­дің бірінде өткізу туралы ұсыныс берілген.

Съезд барысында ауыз толтырып айтарлық жағымды мәлі­мет­тер мен жетістіктерді Жастар қанатының бақылау-ревизиялық комиссиясының төрағасы Евгений Кочетов баяндады. Ресми мәліметтерге қарағанда, бүгінде «Жас Отан» мүшелерінің саны 164 мыңнан асқан. Қазақстан бойынша ау­қым­ды шараларға тартылған 1,5 млн адам – еліміздегі жастардың үштен бірін құрайды. Бұл әр­бір қала, аудан мен ауылдағы, өнді­ріс және оқу орындарындағы жас­тар­дың белсенділігін көрсетеді.

Рухани жаңғырудың басым бағыты

Съездің ресми ашылуына ар­нал­ған жиыннан кейін қатысушы деле­гаттар бірнеше топқа бөлініп, түрлі тақырыптарда пікір ал­масты. Атап айтқанда, «Рухани жаң­ғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Са­ламатты ұлт» тақырып­тарында өт­кен сессиялар аясын­да жас­отандықтар ұлттық жаң­ғыр­ту процесін идеялық кеңіс­тікте жүр­гізу, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру сынды ауқымды тақырыптар төңірегінде ашық алаң құрды.

Ұлттық музейде өткен «Ру­ха­ни жаңғыру» сессиясының жұ­мысына қатысқан «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының бірінші орын­басары Мәулен Әшімбаев Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мін­деттер аясында атқарылған ауқым­ды жұмыстарға назар аударды. Оның айтуынша, «Қазақ­стан­ның киелі жерлерінің геогра­фиясы», «Қазақ тіліндегі 100 жа­ңа оқулық», «Туған жер» және өзге де бағыттар бойынша нақты қа­дамдар жасалып, нәтижелерге қол жеткізілген.

– Рухани жаңғырудың бас­ты мақсаты – бабадан мирас бол­ған асыл мұраларымызды дәріп­теу, ұлттық кодымыз бен құнды­лық­тарымызды сақтау және халық­ты ортақ мүддеге ұйыстыру. Бұл арнайы заң немесе қаулы­мен шешілетін жұмыс емес. Ол үшін ұлтымыздың бар қа­дір-қасиетін өскелең ұрпақ­тың бо­йына сіңіріп, сол жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Бұл ретте «Жас Отанға» сана ашық­ты­ғының аясын кеңейту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, праг­матизм, еңбекқорлық сияқты міндеттер жүктеледі. Әр жас­отандық жаңғыру аясында әлем­нің озық тәжірибелерін еркін меңгере отырып, өзінің ұлт­тық коды мен рухани, мәдени біре­гей­лігін сақтауы тиіс, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев. Сондай-ақ ол қабылданып жатқан қазақ тілінің графикасындағы жаңа әліпби өркениет тұтастығы үшін жасалған үлкен қадам екенін айта келіп, жастарды Елбасы мақаласының өзекті бағыттарын жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырды.

Аталған сессияға Білім және ғылым вице-министрі Асхат Ай­мағамбетов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпа­раттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бо­раш спикер ретінде қатысып, бағ­дарлама аясында атқарылған жұ­мыстарға тоқталды.

Білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буы­нына айналдыру төңірегінде сөз қозғаған Білім және ғы­лым вице-министрі Асхат Айма­­ғамбетов кәсіптік стандарттарды ең­­бек нарығының талаптарына сай жаңарту тұрғысында баяндады.

«Рухани жаңғыру талаптары дәстүрден алшақтау емес, ке­рісінше, ұлттық кодымызды, тарихымызды сақтай отырып сана ашықтығы арқасында білік­тілік пен бәсекеге қабілетті бола білуді көздейді. Елбасы қой­ған міндеттер негізінде қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық бо­йынша өзге тілдерден 17 кітап аударыл­ды. 2018 жылы саясаттану, ин­фор­матика, әлеу­меттану саласындағы тағы 30 кітапты ауда­ру жоспарда бар. Олар алда­ғы қыркүйек айынан бастап елдегі жоғары оқу орындарын­да оқытыла бастайды», деді Асхат Аймағамбетов. Вице-министр­дің айтуынша, еліміздің 16 өңі­рі бо­йынша өлке­тану оқулық­тары әзірленген. Жуырда барлық мек­тептерде 7-сыныптан бастап Өлкетану оқулығы оқу проце­сіне енгізіліп, түрлі туристік жұ­мыс­тар жүргі­зілмек.

«Қаржы сауаттылығы мен кәсіпкерлік құзыреттілігін дамыту бойынша 10-11-сынып оқу­­­шыларына арнайы сабақ өтетін болады. Бұл өте маңызды қадам­­­дар­дың бірі. Сонымен бірге кә­сіптік колледждерде нарық ың­ғайына қарай жастарға қар­жы сауат­тылығы үйретіледі. Олар оқуды бітірген соң жұмыс іздеуші ма­ман емес, жұмыс берушіге ай­налады. Мұндай жоба осы­ған дейін Қарағандыда іске асы­рыл­ды, бүгінде алғашқы нәтижесін де көрсетті», дейді вице-министр.

Тілдерді дамыту және қо­ғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш жаңа тұрпатты жаңғырудың негізгі міндеттерін атап, латын әліпбиіне көшудің терең қисыны бар екенін әрі ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты іске асырылып отырған ілкімді бастама екенін атады.

«Мемлекет басшысының бағ­дар­ламалық мақаласындағы мін­деттер қойылған бір жыл ішінде елеулі жұмыс атқарыл­ды. Мектепте ағылшын тілі оқы­ты­ла­тындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Жаңа технологиялар арқылы қазақ тілі­нің халықаралық ақпарат кеңіс­тігіне кірігуіне тиімді мүмкіндік туып отыр. Осыған орай ұлттық ко­миссия құрылып, оның жаны­нан ашылған төрт жұмыс тобы орфография, терминология, әдіс­теме және ақпараттық техно­ло­гияларға икемдеу ісіне байланыс­ты тиянақты іс жүр­гізіп жатыр. 2025 жылға дейін атқарылатын іс-шаралар жос­пары бекітіліп, әр жылдың алгоритмі көрсетілді. Мұның бар­лығы ел болашағы үшін, қазақ тілінің әлемдік дең­гейдегі өз орнын табу, ғылым мен мәдениетке жол ашу үшін жа­салып отырған дүние. Аталған бір жыл ішінде мәдениет саласы бойынша 800-ден астам іс-шара өтті. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар облыстарында 7 музей, 3 кітапхана ашылды», деді Қуат Бораш.

Цифрлы Қазақстан – маңызды қадам

Съезд аясында жастардың бір легі Ақпарат және комму­ни­ка­циялар вице-министрі Дарын Тұяқовтың, «Қазпошта» акцио­нерлік қоғамының басқарма төр­ағасы Сәкен Сәрсеновтің, «Зер­де» ұлттық инфокоммуникация хол­дингі төрағасының орынбасары Павел Коктышевтің «Цифр­лы Қазақстан» тақырыбы бойынша дәрістерін тыңдады.

Атап айтқанда, вице-министр өңірлерден жиналған жас­тарға «Цифрлы Қазақстан» жо­басы­ның міндеттері мен мақсат­тары туралы баяндап берді. Оның сөзіне қарағанда, 5 бағы­ты, 17 бастамасы, 120 іс-шара­сы бекітілген жоба таяу жыл­дар­дың өзінде Қазақ­станның әлем­нің цифрлы карта­сындағы ор­нын айшықтап беруі тиіс. Елба­сының тапсырма­ларына сәй­кес, 2025 жылға дейін еліміз­дің экономикасының айтар­лық­тай өсімін қамтамасыз ету мен тұр­ғын­дардың өмір сүру деңгейін жақ­сарту міндеті басым­дықтар­дың алғы легінде тұр. Оның ішінде экономиканың сала­ларын цифрландыру, цифр­лы мемлекетке көшу, цифрлы Жі­бек жолын жүзеге асыру, адам капиталын дамыту, ин­но­вация­лық экожүйені қалып­тас­тыру ба­ғыт­тары бүгінде кешенді түрде жүзеге асырылып жатыр.

– Бүгінде технологияның өсу, даму қарқыны жоғары. Адам құндылықтарының өзі тех­но­логияларға ауысты. Біздің ал­дымыздағы міндет – Қазақстанды алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына шығару. Бұл мақсатта жоспарымыз айқын, жолымыз ашық. Алдағы 3-5 жылдың ішінде елімізді цифрландыру жүйесіне толық енгіземіз, – деді вице-министр.

Өзге спикерлер де өз салалары бойынша жетістіктерін жас­тарға байыппен жеткізді. Мәсе­лен еліміздің пошта жүйесінде соңғы жылдары тың жаңалық­тар жүзеге асырылды. «Қаз­поштаның» басқарма төрағасы әңгімесіне әзіл араластыра оты­рып, жасотандықтарға толық­қанды мәлімет берді. Сәкен Сәр­сеновтің айтуынша, еліміздің пошта саласында бүгінде 23 мың­дай адам жұмыс істейді. Елде пошта саласының беделі артып, тек өткен жылдың өзінде ғана халыққа 90 млн қызмет көр­сетілген. Бөлімшелерінің 70 пайызы ауылдық жерлерде бол­ғандықтан, жаңашыл­дық­тарды алдымен шалғай мекендерде қол­дану уақыт пен қаржының үйлесімді үнемділігін туғызған. Тіп­ті таулы өңірлердегі 30 ауыл­ға хат-хабар дрон арқылы тасымалдана бастапты.

Жастарға ғылым мен тех­ни­каның озық жетістіктері тұр­мы­сымызға үздіксіз еніп жатқан­дығы және уақыт үдерісіне іле­суд­ің маңыздылығы туралы да айтылды. Мысалы қазір «Қаз­поштаның» цифрлы кең­сесінде тұтынушыларға робот қызмет көрсетеді. Бұл күні кеше қиял-ғажайыпқа теңдес жаңалық болатын.

Жиын барысында жастар да өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, тиісінше тұшымды жауаптарын алды.

Айта кетейік, съезд жұмысы бүгін де жалғасады.

 

Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ,

«Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:

– Съезге біздің өңірден 45 адам келді. Олардың ішінде студенттер, өнерлі жастар, спортшылар мен жұмыссыз жүрген жастардың өкілдері бар. Осындай ауқымды шараларда бізге әрбір жастың пікірі маңызды. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес аймақтарда құрылған ресурстық орталықтар қазір тиімді жұмыс жасап жатыр.

Бұл жолғы съезде де жастардың көңілінен шығатын тың бастамалар, жаңалықтар естиміз деген үміттеміз. Біздер «Нұр Отан» партиясының жас­тар қанатының өкілдері болғандықтан елдегі әрбір өзгеріске құлшына араласып, оларды жүзеге асыруда алда тұруымыз керектігін түсінеміз.

 

Жомарт РЯТОВ,

«Жас Отан» Жастар қанаты Семей қалалық бөлімшесінің жетекшісі:

– «Жас Отан» Жастар қана­тының аясында жүргеніме төрт жылдың жүзі болды. Бі­рақ үлкен съезге бірінші рет қатысып отырмын. Бұл жиын­ның жастардың бағыт-бағ­дарын айқындап беретініне сенім­дімін. Осы жерде айтылған жаңалықтарды елге бар­ған соң жастар арасында түсіндіру, насихаттау іс­теріне кірісеміз. Өз елін сүюге, туған жерін құрмет­теуге мұндай алқалы басқосудың әсері көп болады.

Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев жариялаған бес әлеуметтік бастаманы естіген семейлік жастар дүр сілкінді. Өйткені студенттері көп біздің өңірге гранттардың көбейтілуі, жаңадан жатақханалардың салынуы тың серпіліс беретіндігіне күмән жоқ.

 

Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ,

«Жас Отан» Жастар қанаты Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:

– Бұл жолғы съезден кү­теріміз көп. Атап айтқанда, жас­тар үшін маңызды шешімдер қа­былданатындығына се­нім­дімін. Әдетте, өңірлерде қордаланған мәселелердің де түйінін тарқатып, күрмеуін шешіп аламыз.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында мектеп бітірген түлектердің ресейлік оқу орындарына таңдау жасап, шекара асып жатқандары қынжылтады. Осы мәселені ашық кездесулерде талқыға салмақ ойымыз бар. Өйткені еліміздің солтүстік өңірлерінде жастар саны азайып барады. Елбасының бес әлеуметтік бас­тамасынан жастарға кедергі проблемаларды шешу жолдарын ұғындық. Біздің ендігі міндет – жаңа бас­тамаларды замандастарымызға терең түсіндіру.

 

Айніл ӘБУӘЛІ,

Жамбыл облыстық халық шығармашылығы үйінің қызметкері:

– Жамбыл облысында 227 мыңдай жас бар. Олардың үз­діктері, белсенділері Ас­танаға жи­налып, ортақ мәсе­ле­лерді тал­қылап жатырмыз. «Жас Отанның» съезінен болашаққа бағдар, серпіліс аламын деген үмітім бар.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Бұл үрдістің соңғы кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы арқылы қайта жаңғырғанына бәріміз куәміз. Осынау бастамалар бүгінгі съезде қызу талқыланды. Менің ойымша, жастар осы алқалы жиыннан өздеріне бағыт-бағдар алады. Бұл өз кезегінде біздің қоғам өміріне белсене араласуымызға жол ашатыны сөзсіз.

 

Серік ӘБДІБЕК,

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.06.2018

Әділ Ахметов. Астана айбыны

18.06.2018

Басынан бағы таймасын - Жақсыбай Самрат

18.06.2018

Тіл төрге озғалы қашан - Сүлеймен Мәмет

18.06.2018

Географ-геоморфолог Серікбол Қондыбай туралы сыр

18.06.2018

Басқа басылымдардан: Аустрия 7 мешітті жауып, 60 имамды елден шығармақ

18.06.2018

АҚШ-КХДР саммитінің маңызы қандай?

18.06.2018

Дәурен Абаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті

18.06.2018

Елімізде көп адамның еңбек мәртебесі жоқ - Мәдина Әбілқасымова

18.06.2018

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтына 25 жыл толды

18.06.2018

Астанада үздік мектеп бітірушілерді марапаттады

18.06.2018

ҚР КК-нің «ҚР конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы

18.06.2018

Ауыл шаруашылығы министрі халыққа есеп берді

18.06.2018

Парламентте бюджеттің атқарылу есебі қабылданды

18.06.2018

Астана-20: Бас қала осылай басталған

17.06.2018

Рельстен шығып кеткен пойыздың 832 жолаушысы Шу станциясына жеткізілді

17.06.2018

«ҚТЖ»  ҰҚ  қайтыс болған жолаушының отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты

17.06.2018

IRONMAN 70.3 триатлоннан халықаралық чемпионаттың бірінші жеңімпаздары марапатталды

17.06.2018

Қызылорда қаласының әкімі ардагер ақсақалдарды мерейтойларымен құттықтады

17.06.2018

Түркияда дәстүрлі өнер фестивалі өтті

17.06.2018

Астана-Алматы пойызы: зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіліп жатыр?

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Басынан бағы таймасын - Жақсыбай Самрат

Ақмолаға бақ ерте қонды, оның аумағы тіпті патша заманында облыс болған. Орталығы Омбы қаласы болғанымен облыстың Ақмола атануының өзі оның ерте танылғандығының белгісі. Әйтпесе осы облыс құрамында сол кездегі Ақмола­дан үлкен Омбы, Қызылжар, сәл кішірек Көкшетау, Атбасар қалалары болған, бірақ соған қарамай облыс атауын Ақмо­ла иемденген.

Жарқын ШӘКӘРІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Нағыз қазақ...

 Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың көзі, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасыр­лық серігі, ағыл-тегіл күйі. Сандаған ғасыр­­лардан жеткен Қорқыттың қобы­зы үніндей інжу-маржан сазды әуені. Домбыра күй күм­безін көкке өрлеткен кө­ненің көзі, тәңірдің құдіреті. Кетбұғаның күй күңіренісі, Ноғайлының зар заманы, Сы­пыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Дос­панбет, Шалкиіз­дердің жыр арқауы, қанаты. Байжігіт пен Абы­лай ханның күй төгілткен жан серігі. Күні кешегі Нұрғиса мен Қаршығалардың дүл­дүл күйшілігі. Бүгінгі музыка өнері бәйте­регінің тамырлы шежіресі. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Minecraft»: еңбекке жетелей ме, еліктіре ме?

Бүгінде балаларды еліктіріп, баурап алатын қызықтардың саны жеткілікті. Барлығы жеткіншектің ой-өрісінің дамуына, физикалық тұрғыда шыңдалуына, жан-жақты болып өсуіне ықпал ете ме, жоқ әлде зиянды тұстары молырақ па?

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері

Педагогикалық басылымдарға қолдау қажет

Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің баспасөз саласы да нарықтық қатынас­тар­ға біртіндеп ене бастады. Бүгінде оны қаптаған ақпарат құралдарынан көріп отырмыз. 

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Қазақ дастарқаны

Қазақтың байтақ даласындай ақ дастарқаны, сол дастарқанға қойылған табиғи тағамдары, кіршіксіз көңілі, қайтсем үдеден шығамын деп құрақ ұшып, құлдай жүруі – бұл өзге жұрттарда кездесе бермейтін бір әлем. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу