Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

ОҚО-на келген Бақытжан Сағынтаев Жолдаудың жүзеге асырылу барысымен танысты

211 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысына келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңірде Елбасы жолдаулары мен бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

ОҚО-на келген Бақытжан Сағынтаев Жолдаудың жүзеге асырылу барысымен танысты

Субсидияның да сұрауы бар

Жұмыс сапары Сарыағаш ауданында басталған Премьер-Министр ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен өткізген арнайы жиында Елбасының «Төр­тінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» Жол­дауында айтылған еңбек өнім­ділігін түбегейлі арттыру және өңделген өнімнің экспор­тын ұлғайту мәселесіне ерек­ше мән берді. Жолдауда айтыл­ғандай жаңа технологиялар мен биз­нес-модельдерді енгізу, агро­өнер­кәсіп кешенінің ғылымға не­гізделуін арттыру, шаруашы­лық­тарды кооперациялау қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ кездесу ба­рысында экспорттық әлеует, суб­сидиялау, ауылшаруашылық өнім­дерін өңдеуге инвести­ция­лар тарту, АӨК-ті техно­ло­гия­лық жаңғырту, етті мал ша­руа­шылығы мен өсімдік шаруа­шы­лығын дамыту мәселелері қаралды.

Өз сөзінде Б.Сағынтаев еліміздің агроөнеркәсіптік кешені перспективалық болашаққа ие екенін атап өтті. «Еліміз көптеген позициялар бойынша әлемдегі аграрлық экспорттық өнімдер шығаратын ірі өндірушілердің бірі бола алады. Осы мақсатта Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр: АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда; ветеринарлық қызметтің бағыныштылығын қалпына келтіруді, бизнестің ғылыми зерттеулерге қатысуын ынталандыруды, дайындау ұйымдарын субсидиялауды қарастыратын заң жобасы ұсынылды; экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың пайдасы үшін субсидиялау сая­саты қайта қаралып жатыр. Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші әлеуметтік бастамасы аясында аграрлық қызметкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашы­лып жатыр. Шағын несие бе­руді қар­жыландыруға 20 млрд теңге ба­ғытталды. Бұл өз биз­несін бас­тауды көздеп жүрген аза­мат­тар­ға ұсынылатын үлкен қолдау болады», деді Б.Сағынтаев. Ал Мем­­лекет басшысының «Шағын несие беруді көбейту» төртінші әлеу­меттік бастамасын іске асыру барысы мен фермерлердің мүм­кіндіктері туралы баяндаған Ауыл шаруашылығы бірінші ви­це-министрі А. Евниев соңғы же­ті жылда субсидия көлемі 4 есеге, ал ауылшаруашылық өнімі 2 есе ұл­ғайғанын айтып өтті. Ви­це-министрдің мәлімдеуінше, бү­­гін­де тиімсіз субсидияларды бір­­те-бірте азайту жоспарланып отыр.

Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр ауыл шаруа­шы­лығына қыруар қаржы бөлін­генімен, нәтиже ойдағыдай емес­тігіне қынжылыс білдірді. Суб­сидияның да сұрауы болуы тиіс­тігін ескертті. Сондай-ақ Үкімет басшысы ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамыту қажет­тігін айтты.

Өнімнің 40 пайызы экспортталады

Үкімет басшысы алдымен Сарыағаш ауданының аграрлық кә­сіпорындарын аралап, он­дағы инновациялық технологияларды қолданатын шаруа қо­жалықтарының жұмысымен танысқан болатын. Аграрлық кәсіпорындардың бірі – «Келес» ЖШС-нің пленка және көшет қон­дыруға арналған ыдыс шыға­ратын өндірістік цехы. Бұл жо­баның жалпы құны 150 млн теңге болса, оның 23 млн теңгесі несиеге алынған. Іске қосыл­ғанына бір ай болған цехта жы­лыжайға арналған жабдық­тар шығарылады. Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркә­сіп­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Кәсіпорындар жұмысымен танысу барысында Б.Сағынтаевқа Президенттің тапсырмаларын орындау аясында қабылданған шаралар туралы баяндалды. Жолдаудан туындаған мін­дет­терді жүзеге асыруда жылы­жай­лардың алар орны ерекше. Міне, осы орайда, еліміздегі бар­лық жылыжайлардың 80%-ы тиесілі Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 201,7 гектар жаңа жылыжай пайдалануға берілген. Оның ішінде Сарыағаш ауданында – 72 гектар. Бұған қоса, биыл жалпы ауданы 214 гектар болатын жаңа жылыжай кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Б.Сағынтаев жоспардағы бағдарламадан тыс, Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекетінде болды. Өзбекстанмен шекарадағы Жібек жолы кентінде орналасқан халықаралық бақылау-өткізу бекеті арқылы тәулігіне 25 мыңға дейін адам және 100-ге жуық көлік өтеді. «ҚазЖолСервис» ЖШС-нің басшысы Е.Ди­қан­баев автовокзалдың жаңа ғима­ра­тының салынуы екі ел ара­сын­дағы жолаушылар ағынын жә­не жүк тасымалының көлемін ұл­ғайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Биыл 7 665 пәтер тапсыру көзделген

Сапар барысында Б.Са­ғын­таев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында Шым­кентте салынып жатқан «Shym­kent Сity» тұрғын алабына барды. Сондай-ақ Президенттің «Әр­бір отбасына баспана алудың жа­ңа мүмкіндіктерін беру» бірін­ші әлеуметтік бастамасын орындау жоспарымен таныс­ты. «Shymkent Сity» жаңа қалашы­ғын салу жұмыстары екі жыл бұ­рын басталған болатын. Жос­пар бойынша 427 гектар жерде ор­наласатын қалашықта көп қа­батты 324 тұрғын үй, 7 мек­теп, 23 балабақша орналаса­ды. Сондай-ақ саябақтар, спорт ке­шен­дері мен мәдениет ғимарат­тары бой көтеретін болады. Сондай-ақ Премьер-Министрге «7 – 20 – 25» жаңа тұрғын үй бағдарламасының орындалуы ескерілген, құрылыс саласын одан әрі дамыту бойынша өңірдің әлеуеті таныстырылды.

«Оңтүстік» индустриялық аймағында болған Премьер-Министр «Shymkent Temir» болат блюм шығаратын алғашқы қа­зақ­стандық кәсіпорынның негізгі өндірістік циклдарымен та­нысты. Жоба 2015–2019 жыл­дарға арналған индустриялық-ин­но­вациялық дамудың мемле­кеттік бағдарламасы аясында жү­зеге асырылып, осы жылдың сәуір айында пайдалануға бе­ріледі.

Өңірде техникалық маман тапшы

Үкімет басшысының об­лыс­тық клиникалық ауруханада ден­саулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесуінде, Елбасының адам капиталының сапасын жақсартуға бағытталған «Қазақстанның үшінші жаң­ғы­руы: жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік» Жолдауының төртін­ші басымдығын іске асыру мә­се­лелері талқыланды. Ауруларды басқару бағдарламаларын цифр­лан­дыру және әзірлеу, аурулар­дың алдын алуға көшу, мін­детті медициналық сақтан­дыру­ды енгізу, кадрларды даяр­лау, денсаулық сақтау нары­ғын ырықтандыру және жеке­мен­шік ұйымдардың әкім­ші­лік кедергілерін азайту, инвестиция­лар тарту, инфра­құрылымды жетілдіру және мемлекет-жекеменшік әріптес­ті­гін дамыту бағытында атқа­ры­лып жатқан жұмыстар ортаға салынды. Сондай-ақ Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында беріліп жатқан мүмкіндіктер талқыланды. Бұл – тиімді шарттар бойынша тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағ­дар­ламасы және халықтың жекелеген топтарына 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық жүк­темесінің 10 есеге – 1%-ға дейін төмендеуі. Бұл орайда, Ден­саулық сақтау вице-министрі Ләз­­зат Ақтаева денсаулық сақтау жү­­йесін жетілдіру саласында қа­был­­данып жатқан шаралар ту­ралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Оңтүстіктегі сапарының со­ңында «Студенттер үйіне» барып, жатақханадағы тұрмыс жағ­дайымен танысқан Премьер-Министр Президенттің бес әлеуметтік бастамасын талқылау мақсатында студент жастармен кездесу өткізді. Облыстағы жоғары оқу орындары мен кәсіптік мамандықтарды даярлайтын колледж студенттерімен болған басқосу мейлінше еркін форматта өтті. Талқыланған тақырып заман ағымына сай мамандарды даярлау, әсіресе Ел­басының ««Төртінші өнеркә­сіп­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жол­дауында жүктелген міндет­терді жүзеге асыру үшін тех­ни­калық мамандарды әзірлеуге баса көңіл бөлу аясында өрбіді. «Қазақта «елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Алайда қазіргі заман елу жылда емес бес жылда жаңарып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысында маман­дық­тардың 70 пайызы гумани­тарлық, 30 пайызы техникалық. Сондықтан техникалық маман­дықтарға баса мән берген жөн. Өйткені келешекте адам мен адам түгілі, адам мен робот бәсе­кеге түсетін заман туып келеді», деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Б.Сағынтаев өңірде техникалық мамандықтарға деген сұраныстың жоғары екендігін нақты мысалдармен де атап өтті. «Біз жаңа «Шымкент Темір» кә­сіп­орнына барып қайттық. Зауыт мамыр айында іске қосылады. Сол кезде 700 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, 100 маманды олар Иран­нан алып келеді. Себебі жергі­лікті жерде қажетті маман жоқ. Оңтүстік Қазақстан облы­сында 3 миллион халық тұра­ды. Жұмыссыздық жоғары. Алай­да зауытта жұмыс істейтін маман тапшы. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолымен жүк кө­лік­тері жүреді. Бірақ осы көліктерге техникалық қызмет көрсететін бекеттер жоқ. Бекеттерде жұмыс істейтін слесарьлар жетіспейді», деді Бақытжан Әбдірұлы.

«Атамекен» ұлттық кә­сіп­керлер палатасының басқарма төр­ағасы Абылай Мырзах­метов­тің айтуынша, маман даяр­лау­да кәсіпорын мен оқу орны ара­сындағы байланыстың тығыз болуы қажет. Оқу бітірген маман­ның жұмысқа тұру көрсеткіші шын мәнінде 30 пайыздың тө­ңірегінде. Мұны жиынға қа­тысқан облыс әкімі Жансейіт Түй­мебаев та жоққа шығарған жоқ. Ол қазіргі уақытта осыған байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын да мәлім етті.

Жиында студенттер де сөз алып, өздерінің ұсыныстарын айтты. Кепілсіз шағын несие беру, жас ғалымдардың жо­ба­­ларын қаржыландыру және жас­тардың әлеуметтік мәсе­ле­лері де қамтылды. Шетелден асыл тұ­қымды мал әкелгенше, малдың эм­брионын әкеліп дамытқан тиім­ді деген студенттің ұсыны­сын Үкімет басшысы да, залдағы көпшілік те қызу қолдады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы