29 Наурыз, 2018

Жазылған жайға пікір білдірді

442 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаламгер інім Құлбек Ергөбек осы газеттің 7-8 ақпандағы сандарын­да жарияланған мақаласында «Абай» романының жарыққа алғаш қалай шыққанын байыпты баяндап, Бейсембай Кенже­байұлы ағамыздың шын мәніндегі ерлігін оқырмандарға анық жеткізіпті. Ол оқиғаны о баста Қуандық Шаңғытбаевтан естіп, кәміл риза болған едім, енді ауызшасынан көп толық жазбашасын оқып, Құлбекке де риза болдым. Десем де бірер пікірімді құлаққағыс еткім келді. 

Жазылған жайға пікір білдірді

Негізгісі – «1937-1938 жыл­дар­дың қанды науқанында қазақ ин­тел­лигенттерін аяусыз қырғынға ұшы­ратқан басшы, ең болмаса, нау­қан біткен соң, қатары селдіреп қал­ған қазақ интеллигенциясына тыным берсейші!» деген жаңсақтық. «Басшы» мақалада қайталап айтыла берген Скворцов Николай Алек­сандрович, Қазақстан КП Орта­лық комитетінің 1 хатшысы. Ол бұл қыз­метке 1938 жылдың мамыр айында келіп, 1945 жылдың күзіне дейін бол­ды. Яғни оны қазақ зиялыларын «аяу­сыз қырғанға ұшыратты» деудің жөні жоқ. Ахмет Байтұрсыновтан бас­тап, барша зия­лымызды соттап, атып кет­кен жа­уыз Л.Мирзоян! Ол бізге 1933 жылы келіп, 1938 жылдың мамырына дейін қырғын жасады. Сәкен, Ілияс, Бейімбет ағаларымызды 1937 жылдың ақпан айында аттырғаны туралы құжат бар. Оны кино қайрат­керіміз Еркін Рақышев республика Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құпия мұрағатынан іздеп тауып, кө­шірмесін алған.

Сөз ыңғайына қарай Мирзоянның 1937 жылы маусым айының 13-і күні И.Сталинге, Саяси бюроға жазған мынау жеделхатына тоқталайын:

«Во время съезда Компартии Казах­­стана кандидатура председателя Казахского ЦИК тов. Кулумбетова пос­ле длительного обсуждения на пленуме съезда тайным голосованием была провалена. Основным мотивом отвода и провала был факт перехода в 1919 г. тов. Кулумбетова с оружием в руках на сторону врага. За после­дние два месяца после съезда ряд арес­тованных участников контрреволюционной рыскуловской и нурмаковской организации показывают на Кулумбетова, как на одного из активных участников этой национал-фашистской организации. Возможно, в ближайшие дни следствие покажет необходимость ареста Кулумбетова. Мы считаем совершенно необходимым освободить Кулумбетова от обязанностей председателя ЦИКа и просим ЦК ВКП(б) утвердить наше предложение об освобождении Кулум­бетова от обязанностей председателя ЦИКа. Кандидатуру нового председателя ЦИКа внесем на утверждение Политбюро в ближайшие дни».

Алматыдан Мирзоян: «с ору­жием в руках; контрреволюционная, национал-фашистская организация» деп ышқынып жатса, оған Саяси бюро, И. Сталин қалайша сенбесін?! Саяси бюро оның дабылына құлақ қойып, Ұ.Құлым­бетовті орнынан алған, арғы жағы белгілі.

Жалпы бір дерек «халық жауларын әшкерелеуде» Мирзоян 6-орында. 110 мың адамды тұтқындатып, 25 мыңын аттырған. 1-орында «жүгеріші алаяқ көсем» Н. Хрущев. Ол Мәскеу­дің облыстық және қалалық, Украи­на­ның республикалық партия комит­терінің «құдайы» болған жылдары өзі басқарған «Үштік сотының» қаулысымен жиыны 203,5 мың «ха­лық жауын» тұтқындап, төрттен бірін ат­тырып тастаған.

Екінші. Құлбек: «...Мұхаң үшін ба­сын бәйгеге тіккен ондай жандар, ілуде бір аузы-мұрны жоқ дерексіз аңыз­­дар болмаса, соның көбі бүгінге нақты, затты жеткен жоқ» депті. Ол тұжырымына біраз таңдандым, себебі: екі жыл бойы ашық қуғынға ұшыраған Мұхаңа, 1953 жылы көкек айы­ның орта шенінде тұтқындалу қау­пі төнгенде студент Әнуар Әлім­жанов ұстазын Мәскеуге, А.Фа­деев досына жасырын аттандырып жіберген. Қайсыбір үлкен шен­ді саясатшының, жазушының кейін­де: «Мұхтар Әуезовті мен құт­қар­­дым!», «Мұхтар Әуезовті біз құт­қарып, Мәскеуге шығарып сал­дық!» деген­дері – бекершілік. Ақиқат Әлжаппар Әбішевтің «Шерлі шежіре» кітабында айтылған. Мұхаң екеуі сол жылы мамыр айында «Мәскеу» мейманханасын­да кездескендерінде (Әлжекең іздеп барған) Мұхаң өзін «буржуазияшыл, ұлтшыл...» деп аласұра қиқулаған «дос-жолдас­тары­ның» өресіздіктеріне нали ши­рыға сөйлеп отырып: «Мен үшін басын балтаның астына тосқан Әнуар­дың азаматтығына тіріде – өзім, өл­генде – топырағым риза!.. Егер ол қашып кетуіме жол таппаса, мен бүй­тіп Мәскеудің төрінде емес, Алматының бір түрмесінің түкпірінде отыратын едім» деген екен. Ұстазы шәкіртінің ерлігіне ерекше сүйінген ғой! Иә, сол жолы түрмеге түсіп қалса, одан не мүгедек болып шығар еді, не ажалға жем етілер еді...

Мен сол оқиғалар туралы деректі хи­каят жаздым. Оның ықшам нұсқасы Мұ­­хаңның туғанына 100 жыл толар ал­дында осы «Егемен Қазақстан» газе­тінде «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай...» деген атпен (Мәди ақын­­ның өлең тармағы) жарияланды. Кейінде толық­тырылып, қа­зақ, орыс тілдеріндегі әде­би газет-жур­­нал­дарда сол атымен ба­сылды, «Екі хикаят», «Ғибратты ғұ­мыр» жинақ­­тарымда шықты. Құлбек бұ­лар­дың ешбірін оқымаған, ең бол­­ма­са оқыған қаламдас үлкен-кішілерден естімеген-ау... Мәселе хикаят авторы Ғаб­бас Қабышұлы бол­­ғанында емес, мә­селе Мұхаңның «Абай жолын» қор­ғап қалған Бей­секеңнің ерлігі мен Мұхаңның өзін қор­ғап қалған Әне­кеңнің ерлігі газет оқыр­мандарына бір­дей жеткені бәрекелді болатын еді де.

 Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар