Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Мамандар көктем айларында зиянкестерден сақ болуға шақырады

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жер аяғы жібіп күн күрт жылитын көктем айлары  адам мен  үй жануарлары үшін аса қауіпті саналатын кеміргіштер мен кенелердің көбейетін кезі. Жауапты мамандар нақ осы кездерде сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.

Мамандар көктем айларында зиянкестерден сақ болуға шақырады

Зиянкестердің күрт көбеюіне әсер ететін негізгі фактор күннің жылуы  ғана емес, түрлі тұрмыстық қалдықтардың бей-берекет тасталуы. Осының салдарынан қала аумағындағы саябақтарда,  әсіресе, көпқабатты үйлердің маңында адам денсаулығы үшін аса қауіпті кеміргіштер көбейеді.  Мамандардың сөзінше, кеміргіштердің кейбір түрлері тіпті өлім жағдайларына әкеліп соқтыратын жұқпалы аурулардың ошағы саналады.

Бұл айларда, кеміргіштерден бөлек адам мен жануарлардың, сондай-ақ өсімдіктіктердің паразиті болып табылатын кенеден де абай болған жөн. Қышыма кене сияқты кейбір тұқымдастары тіпті көзге де шалынбайтын бұл жәндік адам бойында бөртпе, сүзек, кене энцефалиті, туляремия сияқты аурулардың өрбуіне жол ашады. Әсіресе, мұндай кенелер жаңбырдан кейін көгалды жерлерде көптеп  белең алады. Сондықтан, күн жылысымен таулы аймақтардағы табиғат аясына  көкке шығатын тұрғындар бұл жағдайды қаперінде ұстағаны абзал. Арнаулы мамандар, зиянкестермен күрес мәселесі әрдайым басты назарда, дегенмен, әр азамат тазалыққа мән беріп, сақ жүргені жөн дегенді айтады.

«Қала аумағын зиянкестерден залалсыздандыру жұмыстарының  көктемгі науқанына арналған арнайы кесте бекіттік. Сол кесте негізінде таулы аймақтар мен демалыс орындарында,  қала аумағындағы саябақтарда залалсыздандыру жұмыстары басталады. Жаппай залалсыздандыру ісіне  құрамында тәжірибелі эпидимиолог дәрігерлері бар 6 адамнан құралған 3 бригада жұмылдырылмақ.  Дератизациялау жұмыстары Алматы қаласының әр ауданында кезең-кезеңімен жүргізіледі.    Барлық тұрғындарды үй аулалары мен қоғамдық орындарда, демалыс ошақтарында санитарлық тазалық сақтауға шақырамыз», дейді Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығы филиалының басшысы Есен Бекбосынов.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ